Бұл туралы лагерьге аттанған оқушының туысы Инка Рокеровна Facebook парақшасында жазды.
- «Арман дала» лагерінде келеңсіз жағдай болып жатыр. Халықтың әлеуметтік жағынан осал тобы санатындағы отбасылардың балалары тегін демалысқа жіберілді. Ұйымдастырушылар балалардың ұялы телефондарын алып қойған, ата-аналар балаларымен хабарласа алмаған. Мүлде желдетілмейтін ғимаратта 100 бала жатыр. Балалар еденде ұйықтап жатыр, деп жазды Инка Рокеровна.
Бұл оқиғаға басқа да ата-аналар куә болғанын жасырмады.
Алматы қалалық білім басқармасы келеңсіз жайтқа қатысты түсініктеме беріп, тиісті шаралар қабылданып жатқанын алға тартты.
«Білім басқармасының қызметкерлері шұғыл түрде «Арман дала» саяжайына барды. Қазір білім басқармасы аталған ұйыммен келісімшартты бұзу мәселесін қарастырып жатыр. Балалар үйлеріне жіберілді. Жақында олар бекітілген ережелерді қатаң сақтайтын балалар лагеріне қайта жіберіледі», делінген қалалық білім басқармасы таратқан хабарламада.
Осы тұста қылмыстық істерді тергеу Алматы қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүктелді.
Істерді тергеп-тексеру аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғалары мен лагерді ұйымдастырушылардың әрекетіне тиісті баға беріледі.