Тарих • 17 Шілде, 2023

Мінуге керек қазанат...

1075 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Қазақтың кең даласында қолға үйретіліп, адамзат қажетін өтеген жылқы түлігі – бабаларымыздың ең қадірлі және ең қасиетті жануары. Ат құлағында ойнаған байырғы көш­пелі халықты «аттылар әу­­леті» деп атағаны да тарихтан белгілі. Өйткені, кең байтақ өл­ке­нің тұр­ғындарының тыныс-тір­шілігі, өмір салты, әдет-ғұрпы, салт-са­насы, бір сөзбен айтқанда, бү­кіл мә­дениеті жылқы түлігімен ты­ғыз байланыста болған.

Мінуге керек қазанат...

Халқымыз жылқыны қолдану мақса­тына орай арғымақ, қазанат, қарабайыр, жабы деп атайтыны белгілі. Жергілікті немесе рулық сипатына қарай Адай, Же­ті­су, Іле, Алтай, Сауран, Найман деп те жік­теледі.

Қазақ жылқысының сүбелі тарма­ғы, әрине, Адай жылқысы. Ежелгі тарих­шылардың зерттеулерінде айтылғандай, Арал-Каспий теңізі арасын мекендеген халықтың өмірімен етене өсіп келе жа­тқан Адай жылқысы дербес тұқым ретінде қа­лыптасқан қазақ жылқысының аймақтық бір түрі.

Тарихқа үңілсек, адай жылқысына орыс ғалымдарының аңсары Патша үкі­меті тұсында (1877) ауғаны байқалады. Атты әскер командирі М.Арнольди жазбаларында адай жылқысының төзімділігі, оның сусыз 100 шақырым жерді жүріп өте­тіні, тек жусанға жайылғанның өзінде арықтамайтыны, арқаларының жа­уыр болмайтыны, тұяқтары мықты бол­ған­дық­тан тағалаудың, құйрық-жалын кү­зеу­дің қажеті жоқтығы сияқты артық­шы­лықтарын сипаттаған.

Я.Я.Полферов 1899 жылы Ресейдің «Коневодство» журналында «Лучшие породы киргизской лошади – адай» атты мақала жариялап, қазақ жылқысының атын әлемге танытуға ықпал етті.

1933 жылы Қазақстанда мал шаруа­шылығы институты ашылып, жылқы бө­лімі ұйымдастырылады. Жылқы шаруа­шылығы бөлімінің басшысы, ғылым кандидаты А.В.Мишарев алғашқы жұ­мы­сын қазақ жылқыларын, оның ішінде арнайы Адай жылқысын ғылыми зерттеу­ден бастайды. А.В.Мишаревтің «Ко­не­водство Казахской ССР» (1939) кітабында келтірілген мәлімет бойынша, Қазақстанда 1939 жылы 2 278 бие және 1 514 асыл тұқымды айғыр болғаны, оның ішінде Адай тармағына 111 бас бие, 11 бас айғыр жататыны жазылған.

Б.Х.Садықов, С.О.Омаров зерттеу­лерінде («Опыт знатного коневода С.Дау­гарина», 1948) қазақ жылқыларын түркмен жылқыларымен (текен және жәуміт) будандастыру арқылы адай жылқысының қалыптасқаны баяндалады. Будандастыру үрдісі бірінші және екінші буын ұрпақ алумен шектелген. Осы будандарды «түзат» (жазбада «түсат») деп атаған. «Жыл­қының далаға шыдамдылығы күрт тө­мендейді» деп, будан биелерді (түсаттар­ды) тек адай жылқысының айғырларымен шағылыстырып отырған (С.Даугарин).

Маңғышлақ экспедициясының көп жылғы зерттеу жұмыстарының деректерін зерделеп жазған Б.Х.Садықовтың «Биоло­гические и хозяйственные особенности адаевской лошади» (1958) еңбегінде адай жылқысының шығу тарихы, өсіру тех­нологиясы, жайылымда бағу үрдісі, биологиялық қасиеттері, сүттілігі, еттілігі, бәйгелік қасиеттері барынша қамтылған.

А.Иманғалиев «Адаевская лошадь» (1962) ғылыми еңбегінде адай жылқы­сының мініс қасиеттерін жетілдіру үшін ата тегі белгілі айғырларды қолдану арқы­­лы аталық із ұстанымы бойынша сұрыптау жүргізуді ұсынған. Қазақ жыл­­­қы­­сының адай тармағында 7 генеа­логиялық құрылым қалыптасқанын дә­лелдеп, әр аталық айғырдың тұқымдық ерекшеліктерін (сырт тұрпаты, түр-түсі, мініс қасиеті, т.б.) сипаттаған. Сол кезеңде Өрендік, Еңсегенторы, Қибаскөк, Бе­кесторы, Есполайторы, Есполайжирен, Із­тұр­ған атты жеті аталық айғырлар үйі­рінде 255 айғыр мен 653 бие болғаны баяндалады.

Қазақ жылқысы ресми түрде 1990 жылы Кеңес Үкіметінің қаулысымен құра­­мында жабы және адай типтері бар тұқым ретінде танылды. Осы қаулыда адай типінің генеалогиялық 6 аталық іздері аталған: Өрендік, Еңсегенторы, Қибаскөк, Бекесторы, Есполайторы және Ізтұрған. Бұл тізімге Есполайжирен аталық ізі ілінбей қалған.

Қазақ мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институты 1992 жылдан бас­тап адай жылқысын өсіру бойын­ша жеке ғылыми бағдарлама жасап, соның аясында селекциялық жұмыс­тарға екпін бе­реді. Осы кезеңде акаде­мик И.Н.Нечаев басшылығымен «Құ­­ланды» және «Түпқараған» асыл тұ­қым­­ды шаруашылықтарында адай жыл­қысын асылдандыру жұмыстары ғылыми қамтылып, қазақ жылқысының адай тар­мағының ішінде тұқымдық ерек­ше­ліктеріне орай 5 аталық із сарапталып, 3 типке бөлінді: негізгі тип, міністі тип және өнімді тип. Негізгі типке Убайкөк (Убай-кок) пен Ақжамбас жатқызылды, өнімді типке Амандықторы, Шотықбай кірді, ал мініс типіне Елтұр (Ельтур) таңдалынған.

А.Иманғалиев «Облыстағы жылқы шаруа­шылығы жәйі» (1998) атты мақала­сында адай жылқысын 7 аталық із бойынша өз төлінен өсіру мәселесіне айрықша на­зар аударған. Мақалада Қибаскөк ата­лық ізінен Ахметкөк және Арап айғыр­лары асыл тұқымды мал аттестат­тарын алғаны, Бекесторы аталық ізінен Сұрайғыр атты айғырдың чемпион болғаны баяндалады.

М.Ж.Нұрышевтің «Адаевская лошадь» атты адай жылқысына қатысты жи­­нақ-жазбасында Убайкөк, Игіліккөк, Із­бара, Иккай айғырларынан ең көп ұрпақ та­ра­ғаны келтіріледі. Жылқы санының дина­ми­касы туралы мәліметтер ұсыны­лады: 1964 жылы адай жылқысы 11 079 бас болғаны, 1968 жылы 14 мыңға жеткені, ал 1997 жылы 27 мың басқа дейін өскені және адай жылқысының шарықтау шегі – 35 мың жылқы 1994 жылы болғаны баян­далады.

Қазақ жылқысын зерттеген барша ғалымдар адай тұқымы Орталық Азия­да өсірілетін жылқы тұқымдарының (теке­жәуміт, ақалтеке) жақсы қасиеттерін бойына сіңіру арқылы қалыптасқан тұ­қым екенін мойындайды. Оның мініске шыдамдылығы, желгіштігі және теңбіл көк түсті болып келуі араб тұқымды жыл­қылардың ықпалын мегзесе, жүрдектігі түркмен жылқысы ақалтекемен қан жаңартқанына куә болатыны, шынында, шүбә келтірмейді. А.Иманғалиевтің мәліметі бойынша есепке алынған 2 079 бас биенің 32,3%-ы, 584 бас айғырдың 23,2 % -ы көк және теңбіл көк түсті болған. Көптеген зерттеушілердің еңбегінде көк, теңбіл көк жылқылардың дене бітімі сұлу және жүрдек келетіні айтылады.

Қазақ жылқысының қадір-қасиетін түбегейлі зерттеген ғалымдар Ю.Н.Бар­минцев, Б.Х.Садықов, И.Н.Нечаев, А.К.Рос­­­ляков, А.И.Иманғалиев, Г.В.Сизо­нов­­тар бірауыздан адай тұқымын таза өсі­руді және оның мініс қасиетін жақсарту барысында қан жаңартып, асылдандыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізуді құптайды. Осы орайда, өскен жерінің ерекшелігіне бейімді әрі төзімді будандарды ғана сұрыптап алып, оларды тек адай айғырларымен шағылыстыруды ұсынады. Осы тұрғыда академик Игорь Нечаев «барлық будан жылқылар дала мінезіне үйлесіп өмір сүруге бейім емес» деген орынды тұжырым жасаған. Орта Азиядағы жылқы түлігінің эволюциялық даму тарихын зерттеген ғалым Ю.Н. Барминцевтің: «Адай жылқысы қазақ жылқыларының басқа тектерімен салыстырғанда ең ірі тұқымдардың бірі болып табылады» деген пікірі де орынды.

Сәбит Әбішұлы «Тағылым» ат­ты еңбегінде адай жылқысының 7 ге­неа­логиялық аталық ізі туралы мәлімет кел­тіреді: Өрендік, Еңсегенторы, Қибас­көк, Бекесторы, Есполайторы, Есполай­жирен, Ізтұрғанкөк. Бұл мағлұмат А.Иман­­ға­лиев­тің мәліметтерімен және Экс­­­пе­ри­менталдық биология институ­тының экспедициялық (А.К.Росляков, 1950-1953) зерттеулерінің нәтижесімен үндес. Аталған еңбекте адай жылқысына қатысты түрлі, қызықты фактілер бар. Мысалы, Ұлы Отан соғысына күш-кө­лік есебінде Маңғыстаудан 3000-ға тар­­та жылқы алынғанын, генерал Д.И.Горо­довиковтің адай жылқысының мініс қасиетін жоғары бағалағанын баян­дайды.

Адай жылқысының бағына қарай 1944-1956 жылдары оны өз төлінен өсі­ру және асылдандыру бағытында «Гу­рьев мемлекеттік асыл тұқымды жыл­қы өсіру» (Госплемрассадник) меке­ме­сі ұйымдастырылады. Осы мекеме Со­циалистік Еңбек Ері Бейнеуов Нұр­сейіт­тің табынын негізге алып, адай жыл­қысын таза өсіру мен бағым-күтімін рет­теу арқылы асыл тұқымды мал басын көбей­туді жүзеге асырылған еді. Меке­ме тікелей СССР Ауыл шаруашылық Министр­­лігі қарауындағы С.М.Буденный басшылық ететін «Жылқы және жылқы зауыттары бас Басқармасына» бағынышты болды және тікелей Одақ бюджетінен қаржыландырылды.

Жылқыға қатысты көптеген мағлұмат­тарды зерделей келе, С.Әбішұлы Прже­валь­ский жылқысы дегеннің байыр­ғы заманнан қазақтың кең даласын мекендеген керқұлан екені туралы пікір білдіріп, керқұлан жылқы біткеннің, оның ішінде адай жылқысының түп атасы деген тұ­жы­рым жасайды. Адай жылқысына біткен тектілік, сезімталдық, төзімділік керқұланның қанымен келген дейді. Осы орайда «Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми зерттеу институты» мен Кембридж университетінің ғалымдары бірлесіп жүргізген генетикалық зерт­теулер бойынша академик И.Н.Нечаев «жер жүзіндегі жылқылардың ішінде қазақ жылқыларында ғана алғашқы жабайы жылқы тұқымының бірінші гені бары анықталған» дей келе, «осы ген тарпаңдардан қалған. Ертеде қазақтар жабайы тарпаңдарға бие қосып, тұқым алған» деген пікір білдіреді.

1952 жылы республикалық деңгейде жүргізілген арнайы тәжірибе барысында 50 шақырымдық жарыста Араб айғыры 1 сағат 35 минут 48 секундта келсе, таза қанды мініс жылқысы (чистокровная верховая) 1 сағат 56 минут 48 секундта келген. Адай тұқымының 10 жастағы «Қаракөз» атты айғыры мәрені 1 сағат 43 минут 35 секундта кесіп өткен. Сол жылғы жеке сынақта адай тұқымының екі аты бір тәулікте 301 шақырымды жүріп өткен.

А. Иманғалиев Адай жылқысын ұзақ жылдар зерттеу барысында оның жұмысқа қабілеттілігін арттыру мақсатында тұқым­дық айғырлар мен үйірге алғаш түсетін жас айғырларды бәйгеде сынап, осы мәліметтерді мал бағалау (бонитировка) үрдісінде пайдалануды ұсынады.

Адай жылқысы негізінен Батыс Қазақстан аймағында, оның ішінде Маң­ғыс­тау, Атырау және Қызылорда өңірле­рінде өсіріледі. Жазы шыжыған ыстық, ал қысы қақаған суық Маңғыстау өңірінде тек адай жылқысы жерсіне алғаны – өмір шындығы. Адай тұқымы жыл он екі ай жайылымда болатын, жұмыста күй таңда­майтын, мініске берік жылқы екенін дәлелдеген жануар. Бұл тұқым Маңғыстаудың қатал қысына әбден үйренген және өз қорегін жайылымнан қиналмай табады. Соңғы жылдары (2020, 2021) сырттан әкелінген малдардың орын алған қуаңшылық кезінде жергілікті жердің қатаң жағдайына шыдай алмай қырылып қалғаны адай тұқымының қадірін еске салды. Өткен ғасырдың 30-жылдары және 1968-1969 жылдары орын алған жұт кезінде де тек жергілікті адай жылқысының аман қалғаны осы тұқымның қуаңшылықтың қатаң қысымына төзімділігін айғақтайды.

Ғылыми тұрғыдан адай жылқысының қасиеттері – сол өңірді мекендеген байыр­ғы бабалардың көреген селекциялық жұ­мыстарының жарқын көрінісі. Кейбір дерек көздерінде (Өмірзақ Әбдішүкірұлы) Ескелді Саназар, Жаңай Қожаназар, Жары Назар, Шоңай Өте, Шағыр Шотықбай, Бектеміс Итемген, Кеще Тілеп, Ескелді Жұл­дызбай, Тастемір Бақажан сияқты жылқы бағудың қыры мен сырын жете мең­герген бұрынғының жылқылы байлары аталады.

Орыс зерттеушісі Н.Бахметьев (1870) мен атақты жылқы зерттеушісі А.Виль­кинстің (1895) еңбектерінде арғымақ деген ұғым­ның төркініне үңіліп, асыл тұқым­ды жылқыларды қазақ биесімен ша­ғы­лыстырса, бірінші будан арғымақтан айны­майтынын, екінші және үшінші туған­дарынан Орта Азия халықтары құрметтейтін қазанат, қарабайыр аттарын алуға болатыны баяндалады. Махамбеттің «арғымақтан туған қазанат» деген өлең жолдары да қазанаттың айғыры арғымақ екенін меңзейді. В.Фирсовтың (1895) зерттеулерінде де қазақ халқының асыл тұқымды жылқыларды таңдаулы мама биелермен будандастыруы, осындай се­лекциялық әдіспен мініске шыдамды, алысқа шабатын қазанат пен қарабайыр аттарды өсіретіні тілге тиек етіледі.

Қазақстанның батыс аймағында Түрк­менге шекаралас жатқан жерлерде өсірілген жылқылар, көбіне, ақалтеке немесе текен, жәуміт тұқымдарымен шағы­лысқаны күмән келтірмейді. Сондықтан да болар, алыс қашықтыққа шабатын аламан бәйгенің аттары осы өңірден немесе адай жылқысының арасынан көп шығады. А.Вилькинс өз еңбегінде («Луч­шие породы киргизских лощадей – Аргы­мак») «қазақ арғымағы» деген ұғым енгізіп, бабаларымыздың жылқы тану мен бағудағы көрегендік қасиеттерін әлемге паш етеді.

«Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының» ғалымдары 2010 жылы адай жылқысының өнімді бағыттағы: «Есполайжирен», «Есполайторы» және «Амандықторы» атты үш зауыттық аталықіздерін апробациядан өткізді. Жылқы шаруашылығы бөлімінің басшысы Г.В.Сизоновтың басшылығымен 2009 жылдан бастап, адай жылқысының мініс бағыттағы тобына назар аударыла бастады. Алғаш мемлекеттік деңгейде 2011 жылы алыс қашықтыққа бәйге ұйымдастырылып, адай жылқысының мініс қасиеті әлемге дәріптелді. Осы үлгілі үрдіс сабақтастығын тауып, халықаралық жарыстарға ұласты. Мысалы, 2011, 2012, 2014 жылдары өткен 80, 120, 160 шақырым қашықтыққа арнал­ған Маңғыстау әкімінің кубогі; 2011-2014 жылдары өткен 80 және 120 шақырым қашықтыққа арналған Орталық Азия чемпионаты (Талғар, Алматы облысы); 2011-2013 жылдары 80 және 160 шақырым қашықтыққа өткен Балтық елдері мен ТМД ел­дерінің «Ынтымақтастық кубогы» фестивалі; 2012 жылы Астана қаласында өткен Президент кубогі және басқалары. 2013 жылы Біріккен Араб Әмірліктері, Абу-Дабиде өткен халықаралық жарыста Қазақстан атынан негізінен Маңғыстау өңірінің аттары қатысты. Жалпы, адай жылқысы 2011-2014 жылдары 80, 120, 160 шақырым қашықтыққа арналған 22 халықаралық жарыстарға қатысты.

Сонау 2011 жылдары 80 км қашық­тыққа өткен Балтық елдері мен ТМД ел­дерінің «Ынтымақтастық кубогі» фес­­­тивалінің жеңімпазы атанған Рат­торы-60 айғырының ұрпақтары ғылыми есеп­­ке алынып, биыл осы топтың негі­зінде Ратторы-60 зауыттық аталық ізі апро­бацияға ұсынылды. «Ынтымақтастық кубо­гі» фестивалінде «Ратторы» айғыр­дың үш баласы «Ойлы», «Қасқатай», «Жез­киік» 80 шақырым қашықтықта алдына қара салмады.

Адай жылқысының мініске арналған жеңіл типі 2011 жылдан бері біздің инс­титуттың ғалымдары тарапынан қол­дау тауып, жарыстарға қатысқан әр аттың, әсіресе, халықаралық жарыстардан жүлде алған әр жануардың ерекшеліктері назарға алынып, жазбаша таңбаланып отырды. Осы жылқылардың шежіресі жасалып, бәйге аттарға тән ерекшеліктерінің бар­лығы қағазға түсірілді. Уақыт сынынан сүрінбей өткендерінен қан алынып, генетикалық сипаттамасын зерттеу қолға алынды. «Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми зерттеу институтының» ғалымдары 2022-2023 жылдары бәйгеге қатысқан барлық аттардың сырт тұрпатына (фенотип) тән ерек­­шеліктерін жүйелеп жасаған ғылыми сараптама дайын. Институттың «гене­тикалық сараптама зертханасында» ең үздік жануарлардан алынған қан негізінде адай жылқысының генетикалық сипаты да жасалды.

Бүгінгі таңда адай жылқысының дара нуклеотидтер полиморфизмы/SNP/ бо­йынша генетикалық алуан түрлілігі зерттелді. 126 бас жылқыдан алынған қан сынамасы негізінде 81 974 SNP тізбегі зерттеліп, адай жылқысының генотиптік ерекшелігі сипатталды. Сирек аллелдердің кездесу жиілігі, олардың байланыс теңгерімі және жақын туыстығы (инбридинг) сияқты генетикалық ерекшеліктері анықталды. Адай жылқысының басқа тұқымдардан айырмашылығын анықтау үшін кластерлік талдау жасалды. Аламан бәйгелерде жүлделі болған, әрі түр-тұр­паты адай жылқысына тән 15 бас жыл­қыдан қан алынып, толық геномдық сараптама жасалып жатыр. Егерде гено­типтік талдау бойынша 81 974 SNP тізбегіне сараптама жүргізілcе, толық геномд­ық талдау бойынша 6,3 млн SNP тізбе­гіне зерттеу жасалады. Сонымен қатар, Еуро­азиялық одақ талабы бойынша жаңа­дан апробацияланатын аталық іздер мен тип­тердің үйір ұстаған айғырларын тұқым қуа­­лайтын ауруларға бейімділігі б­ойынша г­ене­тикалық сараптамадан өт­кізіп жатырмыз.

Ең маңызды міндет – мініс қасиеті бойынша адай жылқысының әлеуетін жетілдіру бойынша 2011-2014 және 2020-2023 жылдары бәйгеден жүлделі болған айғырлардың ұрпақтарын саралап, екі аталық ізді апробацияға дайындау жұмыстары.

Гүлайым Дәуітбай («Егемен Қазақ­стан», 2012) «Адай жылқысы орын алға­нымен, орнын ала алмай келеді» деп келелі мәселе көтергені елдің есінде. Биыл ел президенті Маңғыстау өңірі жұрт­шылығымен кездесу барысында «Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, ол тағы бір тамаша брендімізге айналады» деп Үкіметке адай жылқысын асыл тұқымды мал ретінде ғылыми тұрғыдан тану және өсіру үшін тиісті шаралар қа­былдауын тапсырған еді. Осы тапсырма аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан адай жылқысын ғылыми қамту мәселесіне пәрмен беріліп, «Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми зерттеу институты» ұжымына қордаланған мәселелерді жедел шешіп, адай жылқысын жаңа тұқым ретінде апробациялауды жылдың аяғына дейін аяқтауды жүктеді.

Қазірде ұжымның бар әлеуеті осы жұ­мысты нәтижелі орындауға жұмыл­дырылуда. Маусым айының басында «Ратторы-60» аталықіз құжаттары Әді­лет министрлігіне жолданды. Енді мініс бағыт­тағы «Бұғабай киік қоңыр-98» және «Манап сұр-93» айғырларының ұрпақ­тары негізінде екі аталықіз бойынша апро­бациялық құжаттар дайындалды. Адай тұқымының мініс типіне тән жылқы­ларының ерекшеліктері зерттеліп, осы жылқыларға тән белгілердің біркел­кілігі және тұқым қуалау қасиеттері анық­талды.

2010 жылдары апробациядан өткен үш зауыттық «Есполайжирен», «Еспо­лайторы» және «Амандықторы» аталық іздерінің ұрпақтарын ғылыми сараптамадан өткізу басталып кетті. Өйткені осы өнімді бағыттағы үш аталық із негізінде адай жылқысының өнімді бағыттағы жаңа типі апробациядан өтеді. Қолданыстағы заңнама бойынша жаңа тұқым шығару үшін екі тұқымдық тип болуы шарт. Өнімді бағыттағы тип апробациялауға дайын болса, мініс бағытындағы типті шығару үшін атқарылатын жұмыстар жеткілікті.

Елдің қалауымен, ұжымның бірлігімен, Президент пен Үкіметтің пәрменімен Адай жыл­қысының мініс бағытындағы жа­ңа тұқымын апробациялау халық се­лекция­сының мәртебесін дәріптейтін же­тіс­­тік­тердің бірегейі болар деген сенім­деміз.

Халқымыз жүрісі жайлы, алыс жолға шыдамды, қоңын түсірмейтін жылқыны «тұғыр ат» деген. «Қобыланды батыр» жырында «Мінуге керек қазанат, Беліне керек шарболат» деп жырланатындай, жылқының нағыз мықтысын «қазанат» деп атаған. Қазақы ұғымда «қазан» деген сөз «үлкен» немесе «қасиетті» деген мағына беретінін, екіншіден нағыз төлтума, көне деген ұғымдарды білді­ретінін ескерсек, «өрге салса, төске озатын» алыс қашықтыққа арналған жарыс­тарда жүлделі орындарды иеленіп жүрген адай жылқысын – қазақтың қазанатына балап, оны жаңа тұқым ретінде танып, әлемдік додаға ресми бекітілген атымен қоссақ ұтарымыз мол болары анық.

 

Айбын ТӨРЕХАНОВ,

Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ҒЗИ басқарма төрағасы,

АШҒА академигі