«Верный» атауын өзгерту туралы О.Жандосов қол қойған қаулы; Академик В.В.Бартольдтің қорытындысы
Әлемге танымал жазушы, ғалым Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер, су, жапан дүзде кездесетін кішкене бұлақ атауының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады», дейді. Не жазса да, ақыл-ой тұңғиығының тереңінен аршып алып жазатын данышпан бұл жолы да тауып-ақ айтқан.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы негізін қалаған қазақ тіл білімінің қалыптасып, дамығанына бір ғасырдан астам уақыт өтті. Өзге түркітілдес елдерге барып-келіп жүргенде байқағанымыз: отандық лингвистика ғылымы туысқан халықтардың көбінен озып-ақ тұр. Әйтсе де, сан-салада дамыған тіл білімінің ұлт тарихына, шежіресіне, руханиятына, тіпті күнделікті тұрмыс-тіршілігіне өте жақыны – ономастика мен оның іргелі бөлігі – топонимика саласы кенжелеу дамыды. Бұған кешегі кер заман, кереғар саясат кінәлі еді.
Империялық Ресей мен кеңес одағының саясаты өздері астамшылықпен бұратана, түзем, «мәдениеттен мешеу қалған» деп айдар таққан ұлт пен ұлыстардың, олардың ішінде тарихын тереңнен тартатын әрі Алтын Орда салтанат құрған заманда Ресейдің өзін 3 ғасыр бойы табанында ұстаған түркі халықтарының ұлттық санасын серпілтетін еңбектердің жазылуына түрлі тосқауыл қойды.
Дүние сөзден тұрады. Бізді қоршаған орта, жанды, жансыз табиғат – бәрі сөзден құралған. Біз ата-баба тарихы мен аманатын сөзбен ұғамыз. Тіпті олардың бүгінгі ұрпақ ашпаған әлі талай құпиялары сөзбен таңбаланып, сөзбен жасырынған. Бабалардың жан сырын іздегенде мен де үнемі сөзге жүгінемін. Бір ғажабы, олар да мен үшін төрт кітаптан тұрады.
Мұның алғашқысы – VІІ-ХІІІ ғасырда дүниеге келген көне түркі жазба ескерткіштерінен сүзіп алынған 20 мыңнан астам сөз бен сөз тіркесінен тұратын, 1968 жылы кеңес одағының ең әйгілі түркологтері Д.М.Насилов, А.Н.Кононов, Э.Р.Тенишев, А.М.Щербактардың басшылығымен жарық көрген «Көнетүркі сөздігі» («Древнетюркский словарь»). Бұл – әлем ғалымдарын әлі күнге дейін таң-тамаша етумен келе жатқан ғажайып ескерткіш.
Екіншісі – көрнекті түрколог, профессор Э.В.Севортянның басшылығымен дайындалған 8 томдық «Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігі» («Этимологический словарь тюркских языков»). Бұл да сол заманда өркениет көшінің алдыңғы қатарында тұрған түркі халықтарының баға жетпес байлығы (салыстыру үшін: М.Фасмер құрастырған «Орыс тілінің этимологиялық сөздігі» 4 том ғана).
Үшіншісі – ХІ ғасырға дейінгі араб, парсы, түркі ғылымындағы түркі халықтарының тілі мен тарихына қатысты деректердің энциклопедиясы саналатын Махмұд Қашқаридің «Түрік тілінің сөздігі» («Диуани луғат ат-түрк»). Бұл да бүгінге дейін ғылыми құндылығын жоғалтпаған бірегей энциклопедиялық еңбек.
Төртіншісі – мұсылман әлемі – «қыпшақ», еуропалықтар – «куман», орыс-славян қауымы «половец» деп атаған бабаларымыздан қалған мол мұра жинақталған, профессор Александр Гаркавецтің 2011 жылы басылған «Қыпшақ сөздігі» («Кыпчакский словарь») деп аталатын
1 800 беттік кере қарыс кітабы.
Осы мақалада жиі жүгінетін төрт кітапқа арналған қысқаша экскурстан кейін тақырыптың қосымша атауында меңзелген топонимикалық пайымдауға көшейік.
Топонимика – ономастика ғылымының үлкен бір саласы. Екеуі де ұлт тарихы мен санасының қалыптасуына айрықша әсер етеді. Әуезовтей дананың өзі жер-су атауларында «қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» деп қадап тұрып айтуы осыдан шыққан.
Топонимика – қаншалықты интегралдық ғылым болса да, ең алдымен, тіл біліміне қатысты сала. Онда жекелеген сөздердің мағынасын ашу ғана емес, сөз жасаудың принциптері мен заңдылығын анықтау да ерекше маңызға ие.
Қазіргі тіл білімінде тіл туыстығын анықтауда түбір сөздерден тұратын семантикалық принциппен сөзжасамдық түзілім – грамматикалық қағидатқа ерекше мағына беріледі. Бұл – тарихи-салыстырмалы тіл білімі, яғни макро-компаративистиканың зерттеу нысаны. Осы сала тілдер туыстығын, біздің жағдайда алтай тілдер тобындағы халықтардың арғы-бергі тарихын, фольклорын, этнографиялық ерекшеліктерін терең білуді қажет етеді.
Түркі тілдері, шығу тегі ғылыми пікірталас туғызумен келе жатқан сақ-скиф, ғұн тілдерін былай қойғанда, көнетүркіден бергі кезеңнің өзінде үлкен даму жолынан, грамматикалық түрленулерден өтті. Оның көне үлгілерінен көз жазып қалдық. Бірақ таба білсек, соның бәрі ұлттық топонимика мен фольклорда тұнып тұр.
Қазақ тіл білімінің ішінде топонимикалық зерттеулерге көз жіберсек, оның бастауында Ғ.Қоңқашбаев, Е.Қойшыбаев, А.Әбдірахманов, Т.Жанұзақов секілді аға буын ғалымдар тұрғанын байқаймыз.
Біздің мақсат – бар қазақтың жүрегіне жол тапқан «Алматы» деген бір ғана атаудың этимологиялық, топонимикалық мағынасын ашып, семантикалық, грамматикалық тұрғыдан талдау.
Кез келген атау сөздің құпиясы сол атауды тудырған халықтың тарихы, мәдениеті, әдебиеті мен фольклоры тұрғысынан салыстыра талдағанда ғана ашылады. Сөз сырын ашудың екінші тәсілі – оның морфема-түбірін өзге тілдермен, әсіресе туыс тілдермен тіларалық дериват тұрғысынан салыстыра қарау. Үшінші әдіс сөзге таза лингвистикалық талдау жасау: топонегізге жалғанатын жұрнақ, жалғау, яғни формант атаулы талданып, сөз жасау, сөз туындату тәсілдері талқыға түседі. Сөздің семантикасын ашуда оның әуезділігіне, дыбыстардың үндестігіне де ерекше мән берілуге тиіс.
Алматының іргесі қаланған кезден бастап 1921 жылға дейінгі аралықта ортағасырлық араб, парсы, қытай, түрік, шағатай және қазақ тілдеріндегі бірде-бір еңбекте «Алма-Ата» деген атау мүлде кездеспейді. «Алма-Ата» деген ойконимді төңкеріске дейін Алматыда болған, оны зерттеген, жалпы, осы тақырыпқа қалам тартқан орыс ғалымдары, саяхатшылары, тіпті отарлық аппарат шенеуніктерінің бірде-біреуі қолданбаған.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін есімі тарихта қалған кейбірінің еңбектеріне тоқтала кетейік. Алматыға әр жылдары келген ғалымдар мен саяхатшылар, зерттеушілер ол туралы өз жазбаларын қалдырды. Орыстың аса көрнекті ғалымы Шоқанға қамқорлық жасап, еңбегіне жоғары баға берген П.П.Семенов-Тян-Шанский «Небесный хребет и Заилийский край» атты еңбегінде: «Күн шыжып тұрған 30 тамызда (1856 жыл – М.Қ-М.) жазық дала арқылы Верныйға келдім. Алматы алқабынан соққан самал жел піскен алмалардың жұпар исін әкелді (Алма+ты, бұл – алмалы мекен)», – деп жазады (Семёнов-Тян-Шанский П.П. Путешествие в Тян-Шань, Москва, 2009, с. 311). Императорлық орыс географиялық қоғамын 40 жылға жуық басқарған ірі ғалым Алматы атауының алмаға байланысты (+ты) нұсқасын ұқыптылықпен түбір сөзден бөліп жазып, ғылыми тиянақтылық көрсетеді.
Түркістан өлкесі Сырдария облысының вице-губернаторы дәрежесінде қызмет атқарған орыс тарихшысы И.И.Гейер де төңкеріске дейін екі рет басылған «Туркестан» атты іргелі еңбегінде: «Верный бұратаналар, дүнгендер мен орыс колонистері арасында «Алматы» деген атпен белгілі. Бұл «алмалы тау» деген мағынаны білдіреді», деп жазады (Гейер И.И. Туркестан, 1909, с. 13).
Орыстың белгілі әскери географ-саяхатшысы, кейін генерал-майор шеніне дейін көтерілген М.И.Венюков өзінің «Очерки Заилийского края и Причуйской страны» деп аталатын еңбегінің алғашқы тарауында «Алматы» деп, оның тарихына, халқына, географиялық ерекшеліктеріне тоқтала келіп: «Алматы күндердің күнінде, тіпті жақын арада бүкіл Орталық Азияның ең маңызды сауда орнына айналуы мүмкін», деген қорытындыға келеді («Записки Русского географического общества», 1864, кн. 4). Іргесі қалана бастағанына небәрі үш-ақ жыл өткен (ол Алматыда 1859 жылы болған) шағын бекініс туралы оның батыл болжамы түгелдей расқа шықты.
Аса көрнекті заңгер, Колчак үкіметінің мүшесі, кезінде Санкт-Петербург университетін бітіріп, төңкерістен соң әуелі Қытайдағы Харбин университетінде, кейін АҚШ-тағы Калифорния университетінде профессор болған Г.К.Гинстің «Таранчи и дунгане» дейтін мақаласында: «Алмата – Верный қаласының жергілікті атауы – алма деген мағынаға ие. Өйткені Верныйдың ғажайып апортымен даңқы шыққан», – деп жазады (Гинс Г.К. Исторический вестник. Т. 125, 1911, с. 676).
Верныйдың Алматыдан тамыр тартатынын төңкеріске дейінгі орыс энциклопедиялары да аттап өтпеген. Мәселен, авторлығына Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан тартылған «Новый энциклопедический словарь»-дағы «Верный» атты мақалада: «Жергілікті халық арасында Верный әлі күнге дейін тау беткейіндегі алма ағаштарының молдығынан шыққан «Алматы» (алмалы) деген атаумен аталады», деп жазылған («Новый энциклопедический словарь», 1913 г., т. 12, с. 166).
Әуелде шағын бекініс Верныйда Ресей отаршылдығы Орталық Азияға қарай бағытталған әскери-фортификациялық жұмыстар жүргізіп, стратегиялық маңызын күшейте түсті. Сол кездегі әскери құжаттардың басым бөлігінде Верныйдың ресми атауымен бірге оның Алматы нұсқасы да анықтама ретінде қоса қабаттасып жүрді. Өйткені жергілікті халық ұзақ жылдар бойы жат тілден енген «Верный» деген атауға көндіге алмай, оны «Алматы» деген үйреншікті атымен атайтын. Осындай қосарлы атаудан әбден ығыр болғандықтан 1867 жылы отарлық билік Верный атауын Алматинск («Алма-Ата» емес) деп өзгертеді. Алматытанушылардың назарынан үнемі тыс қалып келе жатқан бұл дерекке күмәнмен қарайтындар да бар. Бұл өзгеріс үкіметтік «Степной комиссияның» 1867 жылы 11 сәуірдегі шешімінде нақты көрсетілген. Дәл осы жылы Қазақ өлкесінде әкімшілік-аумақтық реформа жүргізіліп, 13 шілдеде Жетісу облысы қайта құрылады. Жаңадан құрылған облыстың орталығы ретінде Алматинск қаласы таңдалып, оған бұрынғы Верный атауы қайтарылады. Тарих ғылымдарының кандидаты А.А.Горячева жаңадан құрылған Жетісу облысының атауын осылай келтіреді (Ученые записки, т. XXXVIII выпуск, 1959, с. 103). Бірақ бұл ұсыныс өтпей, облыс ресми түрде «Семиреченская область» деген атауына қайта ие болған.
Верныйға XIX ғасырдың екінші жартысында өлке тарихы мен географиясын зерттеу үшін Еуропа мен орыстың талай ғалымдары келеді. Олардың қатарында әйгілі саяхатшы, генерал Н.М.Пржевальский, ғалымдар И.В.Мушкетов пен Г.Д.Романовский, өлкенің өсімдіктер дүниесін зерттеуге зор үлес қосқан Санкт-Петербург Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Э.Л.Регель, белгілі ботаник А.М.Фетисов, Жетісу өңірі, жалпы, Түркістан өлкесінің жануарлар дүниесін мұқият зерттеп, тамаша зерттеулер қалдырған, әйгілі зоолог Н.А.Северцев, әлемге әйгілі неміс зоологы, әлемнің көптеген тіліне аударылған «Жизнь животных» еңбегінің авторы А.Брэм, атақты француз антропологі Шарль Эжен Уйфальвилер болды. Бұлардың қаламынан шыққан еңбектердің бәрінен көзімізге оттай басылатын аяулы Алматының атауын молынан кездестіреміз.
Енді орыс ғалымдарының Алматыға қатысты тұжырымдарын тәмамдап, «Алма-Ата» атауы қайдан шықты?» деген сұраққа оралайық.
Алматы облыстық мұрағатында Жетісу облыстық төңкеріс комитетінің қызметіне арналған 350-қордың 1920-1921 жылдардағы бұйрықтар тізімінде «Алматы» атауының кейінгі тарихын күрт өзгерткен Жетісу облыстық ревкомының төрағасы 1921 жылдың
5 ақпанында қол қойған 18-«a» нөмірлі бұйрық сақталған. Түпнұсқаның тілі мен рәсімделу ерекшеліктерін сақтай отырып келтірер болсақ, онда былай делінген: «Бывшее укрепление Верное, основанное на местности «Алма-Ата», при колониальном захвате Семиречья Царским Самодержавием впоследствии было преобразовано, переименовано и ныне называется городом «Верный».
Как то, так и другое наименование, данное в знак верности колониальному произволу в создании масс приобрести именно такой смысл, что гор. Верный по своему наименованию и по своему значению является оплотом Царского Самодержавия в средней Азии, наименование «Верный», указывающее и увековечивающее колонизаторское прошлое, не может быть терпимо трудящимися теперь, когда Верный приобрел значение революционного центра Семиречья.
Собрание пролетарских организаций города Вернаго и представителей бедноты аулов уезда, 3 февраля 1921 года в присутствии Президиума Турцика, принимая во внимание эту прошлую историческую роль гор. Вернаго постановило: переименовать гор. Верный в город Алма-ата (Алматы облыстық мемлекеттік мұрағаты, 350-қор, 1-тізімдеме, 18-іс,146-бет).
Бұйрықта Жетісу облыстық ревкомы бұдан кейінгі барлық ресми іс-қағазда қаланың атын «Алма-ата», ал уездің атын «Алма-атинский» деп жазуды жалпыға бірдей міндеттейді. Сол кезде Жетісу облысы Түркістан АССР-іне кірген, ал ол өз кезегінде Ресей Федерациясы құрамындағы автономиялық республика мәртебесінде болғанын да ескерте кетсек, артық бола қоймас.
Бұйрыққа Қазақстанның 20-30 жылдардағы көрнекті мемлекет қайраткері, кейін өлкелік партия комитетінің 2-хатшысы деңгейіне дейін көтерілген елшіл азамат Ораз Қиқымұлы Жандосов қол қойған (суретте). Ең бастысы – қайраткер Алматының дәл іргесінде туған, осы қаладағы ерлер гимназиясын бітірген, өзі туып-өскен өлке тарихын бес саусағындай біледі.
Қаланың атын өзгерткені үшін Ораз ағамызды кінәлауға бола қоймас. Ол отаршылдық езгіні бала күнінен өз көзімен көріп, «бұратана, жабайы» деген кемсітулерді жастайынан-ақ естіп өскен. Өзі туып-өскен қаланың ежелден «Алматы» деп аталатынын да жақсы білген. Оның қала атауын жеделдете өзгертуге кіріскен басты мақсаты – тарихқа қиянат, ұлт қабылдауына жат «Верный» деген аттан тездетіп құтылу еді. Төрағаның қаламынан шыққан орыс тіліндегі мақалаларының тіл-стиліне қарап, бұйрықты да өз қолымен жазған болуы мүмкін деп шамалаймыз. Бұйрықтан отаршылдық езгі мен қанауға деген ыза-кек айқын байқалады. Оның мәтінінде кездесетін «колониальный захват», «колониальный произвол», «колонизаторское прошлое» тіркестері осыны көрсетеді.
Әрине, О.Жандосов бұйрыққа қол қойғанда Алматы сол кездегі ел астанасы Орынбор да, кейінгі бас қаласы Қызылорда да емес, республикадағы көп уездік орталықтың бірі ғана еді. Сондықтан ревком Жандосовтың бұйрығымен шағын қала атауының өзгертілуіне ешкім назар аудара қоймаған сыңайлы. Бірақ бұйрықтың аты – бұйрық. Дәл осы құжаттан кейін барлық ресми қатынаста қаланың орысша атауы «Алма-ата» деп атала бастайды, бірақ жергілікті халық оны ескі дәстүрмен «Алматы» деп айтудан жаңылған жоқ.
Уездік қаланы былай қойғанда, қазақ халқының ежелгі атауы «қырғыз», ал республика «Қырғыз Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы» деп аталған тұста қабылданған Алматыға қатысты бұйрықты қаланың ежелгі тарихи атауын қайтаруға арналған бір қадам алға жылжу болды деп бағалаған жөн.
Республикамызды «Қырғыз АКСР-і» деп атап келген тарихи қиянат кеңестік Қазақстанның 1925 жылғы 15-19 сәуірде өткен V съезінде өзгертіліп, бұдан кейінгі кезеңде автономиялық республика атауы «Қазақстан», «Қазақ АКСР-і» деп атала бастады. Дәл осы съезде қазақ халқының байырғы атауы да қалпына келтірілді, бірақ 1925-1936 жылдар арасында ұлтымыздың аты орыс тілінде «казак», ал республика «Казакстан» деп жазылып келді. Тек Қазақ Орталық Атқару комитетінің 1936 жылғы 9 ақпандағы қаулысымен орыс тілінде бүгінгідей «казах», «Казахстан» деп жазу біржолата орнықты.
Орталық Азия мен Қазақстанда 1924-1925 жылдары өңірде орналасқан бес бірдей республиканың кейінгі тағдырына ерекше әсер еткен айрықша оқиға болып, республикалардың әкімшілік-аумақтық межеленуі жүзеге асты. Соның нәтижесінде, ежелден қазақтардың ата қонысы болған Ақмешіт, Түркістан, Шымкент және Қазалы уездері, Әулиеата уезінің басым бөлігі, бұрынғы Сырдария облысына қарасты Ташкент және Мырзашөл уездерінің едәуір жері Қазақ Республикасына өтті. Дәл осы кезде Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал уездері Қазақстан құрамына қайтарылды.
Қазақ жері бір кездері Алаш арыстары жоспарлағандай біртұтас аумаққа айналғанда Қазақстан астанасын өзгерту мәселесі де күн тәртібіне шығады. Республиканың бас қаласын таңдау қатардағы көп шаруаның бірі емес екені белгілі. Солай бола тұрса да, астананы Қызылордадан Алматыға көшіру жайын қарастырған Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің 1927 жылдың
3 наурызындағы отырысы күн тәртібіне артық-кемі жоқ, тұп-тура 20 мәселе шығарылыпты. Соның ел орталығын ауыстыру жөніндегі – 8-мәселесі бойынша мынандай қаулы қабылданған: «Президиум КазЦИКа и Совет Народных Комиссаров КССР постановляет:
1. Центр КССР перенести из г.Кзыл-Орда в г.Алма-Ата. 2. Срок перенесения центра в г. Алма-Ата определить ко времени установления нормальной и бесперебойной связи с последним.
3. Настоящее постановление внести на утверждение предстоящего Шестого Всеказахского съезда советов. 4. Для проработки практических мероприятий о перенесении центра из г.Кзыл-Орды в Алма-Ата создать комиссию под председательством тов. Кулумбетова в составе членов Жолобова, Мусина, Татимова и Носова» (Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, 30-қор, 1-тізім, 704-іс, 59-бума, 5-бет).
Аталған қаулыға сәйкес 1927 жылдың 3 сәуірінде өткен Бүкілқазақтық VI съезінде Қазақ АКСР-нің Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің жоғарыдағы қаулысы ресми түрде бекітіледі.
Бұл кезде осы күнгі парламент рөлін атқарған – Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметін 20-жылдардағы Қазақстанның өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірген, әсіресе Қызылорда қаласы астана мәртебесіне ие болғанда оны абаттандыруға зор үлес қосқан қайраткер тұлға Жалау Мыңбаев еді. Өмірден тым ертерек озған (1929 жылы) бұл азаматтың ел тарихында алар орны ерекше. Мұстафа Шоқайдың өміріне зор қауіп төнгенде, өз басын бәйгеге тіге жүріп, оны Маңғыстау арқылы Әзербайжанға жөнелтуді ұйымдастырған да дәл осы Жалау Мыңбаев болатын. «Кіші Октябрь» жасаймын деп жүріп, қазақ халқының тең жартысынан астамын қырып салған Ф.Голощекиннің солақай саясаты басталған 1925 жылы-ақ оған қасқая қарсы тұрып, бір емес, бірнеше мәрте ашық тойтарыс берген сабаз да осы отаншыл азамат еді.
Қаулы Бүкілқазақтық съезде рәсімделген кезде төраға Мыңбаев Алматы атауының мәселесін біржолата айқындау үшін дуалы ауыз ғылыми қауымның пікіріне жүгінеді. Мәселе көтерілген кезде Қазақстан мен Орталық Азия республикаларында Ғылыми академиясын былай қойғанда, КСРО Ғылым академиясының филиалдары да әлі ашыла қоймаған еді.
Орталық Азия мен Қазақстанда 1924 жылы ұлттық-аумақтық межелеу жүзеге асып, олардың өз ішінде жаңа әкімшілік-аумақтық бөліктер құрыла бастағанда облыс, губерния, уезд, кейін аудан мен қала атауларын біріздендіру мәселесі көтеріледі. Енді ғана ұлттық мемлекеттікке қол жеткізген Орталық Азия халықтары тарихи негізде өздерінің ежелгі жер-су атауларын қалпына келтіруге құлшына кіріседі.
КСРО Ғылым академиясы 1926 жылдың қаңтар айында одақтас және автономиялық республикаларды зерттеу жөніндегі ерекше комитет (Особый комитет по исследованию союзных и автономных республик) деген ұйым құрады. Әрине, ерекше комитетке руханият мәселелерінен басқа жаңадан құрылған республикалардың қазба байлықтары, экономика мен өндірістік қуатын зерттеу де қоса тапсырылады.
Ерекше комитет құрамында академик А.Е.Ферсман басқаратын Қазақ АКСР-ін зерттеуге арналған арнайы комиссия жасақталады. Бұл комиссияда есімі дүйім жұртқа белгілі академиктер – А.Н.Самойлович, И.М.Губкин, профессорлар С.И.Руденко, А.А.Григорьев, т.б. жемісті еңбек етті. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан да осы комиссия жұмысына белсене араласып, 1927 жылы «Адай уезінің қазақтары» атты іргелі монографиясын жариялайды. Комиссияның басқа салалардағы еңбектерін былай қойғанда, қазақ халқының арғы-бергі тарихы мен мәдениетін зерттеуге қосқан үлесін айрықша атап өткен ләзім.
Орталық мемлекеттік мұрағаттың 30-қорында «О транскрипции назван. гор. Алма-Ата» деген бірнеше парақтан тұратын тарихи құжат сақталған. Құжаттың оң жақ бұрышында «Приложение к протоколу заседания ОКИСАР-а от 16.ІV-1927» деп көрсетілген. Мұндағы ОКИСАР – біз жоғарыда атап өткен КСРО Ғылым академиясының жанындағы ерекше комитеттің аббревиатурасы. «Заключение академика В.В.Бартольда по вопросу транскрипции названия гор. Алматы» деген тақырып қойылған небәрі бір абзацтан тұратын құжатты тұпнұсқа тілінде толықтай келтірейік. Онда былай делінген:
«АЛМАТЫ» – слово, образованное из турецкого /или тюркского/ алма «яблоко»; суффикс ты или ту в этом смысле чаще встречается в монгольских образованиях, или в турецких, и слова Алматы в домонгольский период не было; с ХІV века оно встречается часто и, очевидно, понималось в значении «места где много яблок». До возникновения русского города «Верный» /сначала укрепление «Верное»/ местность /города тогда не было/ всегда называлось «Алматы»; тоже самое слово употреблялось в письменной и устной речи местного населения для обозначения города «Верный». Слово «Алма-ата» есть, очевидно, народная этимология, возникшая в после революционное время, очевидно, потому, что не знали значения суффикса ты или ту и потому предпогалали в слове «Алматы» ошибку. Слово «ата» при географических названиях всегда предполагает существование в данной местности могилы святого, чего здесь нет» (ҚР ОМА, 30-қор, 1-тізім,
743-іс, 201-бет).
Академик бұл қорытындыға 1927 жылдың 16 сәуірінде қол қойса да, бұған дейін Алматы тарихын ортағасырлық ғұлама қайраткерлер Бабыр, Дулати шығармаларымен салыстыра зерттеп, оны өзінің Түркістан өлкесінің тарихына қатысты бірнеше еңбегінде жариялаған болатын (суретте). Академиктің жазбаша пікірі келіп түскен кезде Жалау Мыңбаев әлі Орталық атқару комитеті төрағасының қызметінде (ол 28 сәуірде босатылады) еді.
Мұрағатта сақталған Бартольд қорытындысына қызыл сиямен «Необходимо оформить название города «Алмалы» деген бұрыштама соғылып, ажыратып оқуға келмейтін қол қойылған. Хаттың Қазақ ОАК-де тіркелгенін ескерер болсақ, Мәскеуден келген ресми құжатқа төраға Ж.Мыңбаев қана бұрыштама соғуы мүмкін.
Мыңбаевтың өмірбаян деректерін парақтай отырып, оның 1927 жылға дейін қызмет бабымен Алматыда болмағанын айқындау қиын емес. Маңғыстауда туып-өскен азаматтың ол кезде атағы шыға қоймаған уездік деңгейдегі шағын қаланың арғы-бергі тарихын көп біле бермеуі де мүмкін. Қазақи ортада өсіп, қазақ тілінің сөз жасау, сөз тудыру заңдылығын жақсы білетін Мыңбаев қала атауы академик жазып отырғандай «алма» сөзінен шықса, «Алмалы» болғаны дұрыс деп шешкен.
Осы бұрыштаманың төменгі жағында: «Юр. на оформление путем законных требований», – деген тағы бір сөйлем жазылған. Мұны жоғарыдағы бұрыштаманы заң шеңберінде рәсімдеу үшін заңгерге берілген тапсырма деп қабылдадық.
Заңгер тапсырманы мүлтіксіз орындап, өз қорытындысын жасаған. Онда: «Рассмотрев заявление академика Бартольда, полагаю, что дело идет о переименовании г.Алма-Ата в Алматы, каковое имя лексически более правильно. А так как переименования делаются исключительно ЦИКом Союза и войти с ходатайством туда через ВЦМЕ надлежит КЦИК, то, по моему мнению, переписку надлежит передать в КЦИК для означенного ходатайства. Основание: декрет ВЦИК (С.У.№ 41-23 г. №448)», – делінген (Сонда, 207-бет).
«Юрисконсульт Ненсберг» деп қол қойылған қорытынды тым қасаң, құрғақ тілде жазылған. Заң кеңесшісіне қайдағы бір Алматының тағдыры, атауы бәрібір екендігі айқын көрініп тұр.
Академик Бартольд қорытындысының бұдан кейінгі тағдыры бізге белгісіз. Сірә, 1921 жылдан бері орыстілді қатынас қағаздары мен ресми құжаттарда, баспасөз беттерінде «Алма-Ата» деп жазу дәстүрі орнығып кеткендіктен, Бартольдтің ғылыми дәлелмен ұсынған «Алматы» нұсқасын көп ешкім қаламаған сияқты. Оның үстіне орыс тілі грамматикасы негізінде білім алған адамға «Алматы», «алматынец» деп жазу мен дыбыстаудың орнына «Алма-Ата», «алмаатинец» деп жазу да, айту да әлдеқайда жеңіл. Тіпті Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қалаға оның тарихи «Алматы» атауы ресми түрде қайтарылып, ол мемлекетіміздің Ата заңы – Конституциямыздан көрініс тапса да, Ресей Федерациясы Президенті әкімшілігінің 1995 жылдың 17 тамыздағы «О написании названий государств – бывших республик СССР и их столиц» атты өкімінде Қазақстанның астанасын «Алма-Ата» деп жазу керектігі міндеттелген.
Мың жылдан астам тарихы бар ежелгі қаланың орыс тіліндегі атауы «Алма-Атадан» «Алматы» болып өзгертілгеніне 30 жылдан астам уақыт өтсе де бұрынғы атауын аңсайтын отандастарымыздың әлі күнге дейін ортамыздан табылатыны және ара-тұра қоғамдық пікір туғызып, жұртты дүрліктіріп қоятыны өкінішті-ақ. Олардың ішінде «Алматы» атауы қазақ тіліне, жалпы түрік тілдеріне жат құбылыс, бұл моңғол, ойрат тілдерінен қалған сарқыншақ дейтіндер де бар. Шындығында солай ма? Енді осы сұрақтың жауабын іздеп көрейік.
Топонимдердің мән-мағынасын ашу үшін сол атау қойылған кезеңнің тарихын да білу шарт. Егер бұл ірі қаланың атауы болса, онда қазба жұмыстары жүргізілген кезде топонимист ғалымға археологтер көмекке келеді. Қала туралы одан табылған жәдігерлер сөйлейді. Осылардың бәрін жинақтала келе елдің, жердің тұтас тарихы жасалады.
Соғыстан кейін қалыптасқан қазақ топонимика ғылымының төл басында қазақтан шыққан алғашқы география ғылымының кандидаты (1949) Ғали Қоңқашбаев ақсақал тұрды. Ол Қазақстандағы жер-су атауларын ғылыми тұрғыдан жүйелеп, бірнеше ғылыми еңбек жазды.
Ғ.Қоңқашбаев өзінің алғашқы зерттеулерінде-ақ еліміздің үлкен қаласы әрі ресми астанасы – Алматы тарихына қалам тартты. Ол 1948 жылы «Қазақ ССР Ғылым академиясының хабарларында» жарияланған «Название города Алма-Ата» деген еңбегінде Алматының арғы-бергі заманындағы кезеңдеріне тарихи-географиялық тұрғыдан шолу жасай келіп: «Слово «алма» по-казахски означает «яблоко». С прибавлением к основе «алма» приставки «ты» получается сочетание «алматы», не свойственное современному казахскому языку, ибо приставка «ты» допускается лишь после корней, оканчивающихся на глухие согласные (тас – камень, тасты – каменный)», – деп жазады.
Ғалым бұдан әрі өз ойын сабақтай түсіп: «Для нас вполне ясно, что приставка «ты» в географических названиях типа «Алматы» является древней формой окончания в группе тюрко-монгольских языков (между прочим, приставка «ты» в ряде монгольских языков сохранилась до сего времени с тем же значением и после гласных – Согуты, Могуты и др.», – деген қорытындыға келеді («Қазақ ССР Ғылым академиясының хабарлары», №58, 2-шығарылымы, 1948, 77-бет).
Ғ.Қоңқашбаев «Алматы» этимологиясын «моңғолдан шыққан» деп тура тартпайды. Қазақ жерінде таза ұлт ұғымнан туындаған «Сілеті», «Бұғыты», «Бұланты» сияқты таза түркілік сипаттағы гидроним, оронимдердің кездесетінін, «Алматының» түбірінен барлық түркі тілдерінде тура сол мағынада кездесетін «алма» сөзі мен-мұндалап тұрғанын жақсы білетін қазақ ғалымы оның «түркі-монғол» тілдер тобына тән көне жұрнақ екендігіне баса назар аударады. Мұның арғы жағында абайсызда айтылған бір ғана сөз үшін «пантюркист», «ұлтшыл» деген айдар оп-оңай тағыла салатын заманда жасалған саяси сақтық жатуы да мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды.
Ғұлама ғалым С.Е.Малов V–ХV ғасырлардағы көне түркі жазба ескерткіштерін түгел зерттей келіп: «Из соотношения букв древнетюркских рунических памятников выходит, что в языке этих (и древних уйгурских) памятников приходится допустить фонетические комплексы звуков рт, лт, нт в разложимых корнях», – деп жазады. Ғалым сөзінің дәлелі ретінде көне түркілер бүгінгідей «алды» (взял) емес, «ал+ты», «анда» (там) емес, «ан-та», «барды» (ходил) емес, «бар+ты» деп айтып, жазғандығын көне түркі жазба ескерткіштерінің осы жинақта кездесетінін нақты үлгілермен дәлелдейді (Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности. Москва, 1951, 5-6 бет.).
Қазақ топонимикасы алтын кеніш сияқты. Тереңірек қазған сайын үнемі алдыңнан ғажайып қазыналары шығып отырады. С.Малов айтып отырған «лт» фонетикалық жүйесімен сөзжасау тәсілі өзге түркі халықтарының көпшілігінде әлдеқашан ұмытылғанымен қазақтарда сақталған. Топонимист ғалым М.Қожанұлы Атырау облысындағы «Алта» жер атауын көнетүркілік «алт» сөзі алдыңғы, яғни «алда» сөзінен шыққандығын дәлелдейді (Қожанұлы М., Атырау облысының жер-су атаулары, Алматы, 2005, 71-бет).
Топонимика – тарих, география, тіл білімін қатар қамтитын синкретикалық ғылым саласы. Ондағы әрбір тұжырым тарихи-лингвистикалық категорияларды салыстыру, салмақтау, жүйелеу арқылы жасалуға тиіс.
Аға буын топонимистерінің бір тобы «Алматыны» «Алматы + тау» деген мағынадан шығарады. Е.Қойшыбаев 1974 жылы жарық көрген «Краткий толковый словарь топонимов Казахстана» атты еңбегінде және 1985 жылы басылған осы кітаптың толықтырылған нұсқасы – «Қазақстанның жер-су аттары сөздігінде» осындай пікірді алға тартады. Кейінгі еңбекте автор: «Алматы» атауын екі сөзден: алма және ту (тау) сөздерінен біріккен деуге болады», – деген тұжырым ұсынады.
Бұл пікірмен де келісу қиын. «Алматы» тау атын білдіретін ороним болса, «+ты» формантымен жасалған қазақ жеріндегі толып жатқан гидроним, зооним, фитоним, ойконимдерді қайда қоямыз.
Зерттеушілерді сарсаңға салып жүрген «-ты» топоформанты қайдан шыққан және бұл қай тілге тән құбылыс? Енді осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Қазақтың көрнекті топонимист ғалымы Айтым Әбдірахманов бұл туралы: «-Ты, -ті жұрнақтары қазіргі қазақ тілінің заңы бойынша -лы//-лі, -ды//-ді түріне айналып, Алматы емес Алмалы, Шідерті емес Шідерлі, Өлеңті емес Өлеңді түрде болуы керек еді. Бірақ олай болмай -ты//ті жұрнақтарының сақталуы көне қазақ тілінде де мұндай форманың болғандығын және оның өзі қазіргі -лы//-лі, -ды//-ді варианттарының ең ескі түрі екендігін дәлелдейді» (Әбдірахманов А. Топонимика және этимология. Павлодар, 2010,
66-бет), – деп кесімді пікір айтады.
Тілдік реконструкция тұрғысынан алғанда сөзжасамдағы көнетүркілік «ты» форманты бүгінгі қолданыстағы «лы» жұрнағының бастапқы проформасы.
Ұлттық топонимикадағы жиі кездесетін «-ты» қосымшасының көне түрік тілінің заңды жалғасы – қазіргі қазақ тіліндегі көне жұрнақтың бірі екендігі жөніндегі мәселенің басын біржолата ашып алғаннан кейін соның негізінде жасалған сөздің мағынасына үңіліп көрейік.
Ұзақ жылдар бойы талқыға түскен бұл сұрақтың тоқтамды пікірін танымал лингвист ғалым Телқожа Жанұзақов айтты. Ол: «Сөз соңындағы қосымша -ты жер-су аттарында жиі кездесетін, бір нәрсенің молдығын, көптігін білдіретін көптік жалғаудың көне түрі»
(Жанұзақ Т. Қазақстан географиялық атаулары. Алматы облысы. Алматы, 2005, 62-бет), – деп жазады. Егер бұл тұжырымды Алматыға қолданар болсақ, ол – алма жемісі мол өскен мекен. Топонимикалық атау сол жердің географиялық ерекшелігі, флорасы мен фаунасынан туындайды. Алматы – әрі тау, әрі өзен, әрі алмалы өңір. Тіпті Алматының қос бұрымы сияқты Алатаудан күркіреп аққан, тасығанда тау қопаратын қос өзен – Үлкен және Кіші Алматының түбірі де «алма», яғни жағасында алма жемісі мол өскен фитонимдік әрі гидронимдік атау.
Қазіргі қазақ тілі – ешбір әсірелеусіз, түркі тілдерінің ішіндегі ең бай тіл. Саны 90 миллионға жуық түрік ағайындар 2010 жылы османлы заманынан бергі қолданыстағы сөздерді түгел жинастырып, 92 мың сөз және 122 мыңнан аса фразалық тіркестерден тұратын «Түркче сөзлукті» шығарды.
Біздер 2013 жылы 106 мың атау сөз, 154,3 мыңнан астам лексикалық бірліктен тұратын «Қазақ сөздігін» шығардық. Бұл бар қазақтың ардағы – ана тіліміздің түркі әлеміндегі теңдессіз тіл екендігінің дәлелі. Осыдан-ақ қазақ тілінің қаншама бай екендігін өзіңіз-ақ бағамдай беруіңізге болады.
Кейбіреулер «Алматы» деген бір ғана топоним төңірегінде осыншама әңгіме өрбітудің қажеті бар ма?» деп ойлауы да мүмкін. Мұнда үлкен саясат, ең бастысы, елеулі ұлттық мүдде бар.
Эстон халқының тәуелсіздікке ұмтылысы бір әріптен басталғаны мәлім. Эстон КСР-інің Жоғары кеңесі кеңес одағындағы жариялықты пайдаланып, 1988 жылы 7 желтоқсанда ел Конституциясының орысша нұсқасында мемлекет астанасын бұрынғыдай Таллин емес, Таллинн деп жазу керектігі жайында шешім қабылдайды. Бір ай өтпей жатып Конституцияға ресми түрде тиісті өзгеріс енгізеді. Дәл осы оқиға ел ішінде зор патриоттық, ұлттық өрлеу туғызды. Нәтижесінде, Эстония КСРО-ны таратқан Беловеж оқиғасынан бір жарым жыл бұрын (1990 жылы 8 мамырда) 1938 жылғы Эстон Республикасының Конституциясын қалпына келтірді. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде Эстония Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшесі болып үлгерген еді. Тілге, ұлттық мүддеге деген бір әріптен бастаған құрмет тұтас ұлтты ұлы мұратына жеткізді.
Қасиетті Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы: «Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Бұл – мемлекеттің шаруасы», – деп ономастикаға жалпыұлттық басымдық беру керектігіне айрықша назар аударды. Мемлекет басшысының осы сөзінен кейін сең қозғалды. Елдегі ономастикалық қағидат пен ізденіске жаңа серпін келді.
Өткен жылы халқымыздың өшкені жанып, бабаларымызбен бірге жасасып келе жатқан киелі Ұлытау мен Жетісу атаулары қайта жаңғырып, облыстық мәртебеге ие болды. Бір кездегі еліміздің төрт тарапы – Батыс, Шығыс, Солтүстік, Оңтүстік Қазақстан облыстары деп аталғанда, олар тап осылай тапжылмай тұратындай көрінетін. Қазір оңтүстік өңір Түркістан облысы болып қайта түледі.
Енді жаңарған дәстүрді жүйелі жалғастыра отырып, Солтүстік Қазақстанды – Қызылжар облысы деп, ал Петропавл қаласына ұлы ханымыз Абылайдың есімін беретін кез де келіп жеткен сияқты.
Қызылжар – қала ғана емес, Ұлытау, Атырау, Жетісу сияқты топонимикада хороним деп аталатын тұтас өңірдің атауы. Егер сәтімен облыс атын осылай өзгертсек, халықтың талай ән-жырына арқау болған Қызылжардай әдемі атауды қалпына келтіріп, Абылай хандай аруақты ердің рухы алдындағы талай буынының перзенттік парызын орындар едік.
Дәл осы қалада отарлық заманның өзінде-ақ ордасын тіккен, айбыны асқан Абылай хан мұндай құрметке әбден лайық. Бұл – халқымыздың екі жарым ғасыр бойы күткен аманат-арманы.
Осы мәселеге «әлі де болса сақтықпен қарайық» дейтіндер де табылар. Іргедегі Ресей 1991 жылдың өзінде-ақ революция бесігі саналып, ешқашан өзгерместей көрінетін Ленинградты – Санкт-Петербург, ал Свердловскіні Екатеринбург деп атап, екі патшасын бірдей құрметтегенде, бізге неге Кенесары мен Абылайдай қос ханымызды қатарынан ұлықтамасқа?! Әлде Ғафу ақын айтқандай: «Басқаның патшасының бәрі жақсы, Неліктен біздің хандар жаман болған» деп жүре бермекпіз бе?
Кенесарымен қатар оның даңқты бабасы – Абылай ханды асқақтатуды халқымыз Президент Қ.К.Тоқаев айтқан «тарихи сана-сезімнің жаңғыруы», «Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы», ел аңсаған Әділеттің салтанат құруы деп қабылдайтынына кәміл сенеміз.
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
ҰҒА академигі