Қоғам • 18 Шілде, 2023

Қала қауіпсіздігін күшейтетін жобалар

267 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Агломерация орталығына айналған Алматы сияқты ірі қалаларды дамытуда заманауи технологияларды пайдаланудың тиімділігі жоғары екенін мамандар үнемі қаперде ұстап келеді.

Қала қауіпсіздігін күшейтетін жобалар

Жақында қала деңгейіндегі мәселелерді шешуге бағыт­талған ғылыми жобаларды тал­қылау барысында ғалымдар инфрақұрылымдарды дамытуда тұрғындар үшін қауіпсіздіктің басты назарда тұруы маңызды екенін алға тартты. Ұлттық ғылым академиясының пре­зиденті Күнсұлу Закария осы кездесуде «Алматы іскерлік, экономикалық, мәдени өмірдің орталығы ретінде қарқынды дамып келеді. Бүгінде қала аумағы ұлғая түсті. Осы жерде ескеретін жайт, қала инфроқұрылымын дамытуда іске асатын жобалар ғылыми тұрғыда зерделеніп жүзеге асуы қажет», деді. Ака­демия президентінің айтуынша, ғалымдар ұсынатын жобалардың қай-қайсысын алсақ та, қаланың даму болашағына септігін тигізбек. Бүгінде ға­лымдарды еліміздегі электр энергиясының жетіспеушілігі, су ресурстарының күрделі мәсе­лелері, сондай-ақ ауа­ның ластануы, өндірістік қалдықтардың қордалануы сияқты өзекті мәселелер алаңдатып отыр. Электр энергиясын, су ресурстарын үнемдейтін технологиялар ойлап табу немесе өндірістік суларды тазалап, қайта пайдалануға жарату, экологияны, ауа бассейнінің ластануының алдын алатын әдістер ойлап табу, қалдықтарды қайта өңдеу, олардан кәдеге жарайтын бұйымдар жасау сияқты ғалымдар зерттеулерінің, әзір­лемелерінің пайдасы зор.

ф

Осы орайда әкімдіктің ұсы­­ныстарын ескере отырып, Алматы қаласының әкі­­мі Ерболат Досаевтың на­за­рына қала деңгейіндегі түйт­­кілді мәселелерді шешу мақ­сатында бірнеше жоба ұсы­нылды. Ұлттық ғылым ака­демиясы 50 жобаның іші­нен тәжірибелік үлгілері, за­манауи жабдықтарды зертха­налары, практикалық ба­за­лары, цифрлық жылжы­малы зертханалары бар ком­мерцияландыруға дайын 11 жо­баны ұсынған болатын.

«Алдыңғы қатарлы халық­аралық тәуекелдерді бағалау бағдарламаларын пайдалана отырып, жол қауіпсіздігін арт­тыру» жобасын ұсынған Қа­зақ жол қозғалысы қауіп­сіз­дігі ғылыми-зерттеу инс­­­­ти­тутының директоры Арыс­­­­тан Масановтың ай­туын­ша, жолды бір және бес жұл­дызды тәсілмен баға­лау­дың тиімділігін атап өтіп, жол са­пасын бағалайтын халық­ара­лық iRAP бағдарламасын елімізге икемдеп, QazRAP бағ­дарлама­сын енгізу қажетті­гін жеткізді. Еліміздегі жол қауіпсіздігі мә­селелері бо­йынша зерттеулер жүр­гізу, жол-көлік апаттарының са­нын төмендету, адам шығы­нын болдырмау мақсатында көлік қозғалысын ғылыми тұр­ғыдан зерттеп қана қой­май, басқарудың зияткерлік жүйелерін әзірлеу­мен айналысатын институт мамандары елімізде орын алып отыр­ған жол көлік оқиғаларының се­беп-салдарының кешенді мә­се­лелермен тығыз байланыс­ты екенін алға тартады. Кремний алқабындағы Google, Apple, TESLA сияқты компания тә­жі­рибесімен танысып қайт­қан Арыстан Масанов жол кө­лік жетістіктерінде Швеция, Нор­­вегия сияқты елдердің қа­уіп­сіздік жүйесіне мән беру ке­рек­тігін алға тартты. Шве­цияда «Vision Zero» тұжы­­рымдамасы жол апаты бо­йын­ша адам шығынын мүл­де бол­­дырмауды көздейді. Кон­цеп­ция жауапкершілікті тек жол қозғалысы қатысу­шы­ларына ғана жүктеп қою­ға болмайтындығын басшы­лық­қа алады. Сондықтан жол-көлік саясатында жауапкерші­лік мемлекетке жүктеледі. Ол заңнамаларды жетілдіру, жол сапасын жақ­­сар­ту, жүргізушілер жауап­кершілігі сияқты кешенді міндеттерді қамтиды.

Техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Асма­тулаев ұсынған «Мине­ралды ұнтақ өндірісінің эко­логиялық таза, ресурс-энергия үнемді материалдар мен технологиялары» автокөлік жолдары құрылысы мен реновациясында шығындарды 20-30 пайызға азайта отырып, жол құрылысы мен алаң­дардағы негізгі материалды таңдауға және экологияға зия­нын азайтуға ықпал етеді.

Ал қаладағы көлік жүйе­сінің Sergek Digital Twin цифр­лы көшірмесі көлік және жаяу жүр­гіншілер туралы ақпа­рат жинауға негізделген. Рустам Халиловтың басшылығымен «Көркем телеком» ЖШС ұсын­ған бұл жоба интеллек­туалды бағдарламалық ке­шен­ді жинақтауға мүмкіндік береді. Полиция қызметінің жұ­мысына кедергі келтірмес­тен ақпаратты толыққанды өңдеуге мүмкіндігі мол.

Әкімдікке ұсынылған жо­­ба­лардың қатарында Қа­­уіп­­­сіз автономды жаяу жүр­гін­шілер өткелдері және аялдама кешен­дерін ұсын­ған «Tree enerjy» ЖШС ди­ректоры Жамболат Мұз­баев мұндай аялдама кешен­де­рінің қолайсыз ауа райы жағ­дайында әсіресе балалар мен қарт адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатындығын жеткізді. Автономды қауіпсіз жаяу жүргіншілер өткелдері мен аялдама кешені жылдың кез келген уақытында ыңғай­лы тем­ператураны авто­мат­ты түрде сақ­тайтын кли­мат­­тық бақылау жүйесі бар жа­бық павильоннан тұра­ды. Ал жаяу өткелдерге қо­йы­­латын қоңырауы бар бағдар­шамдар жылдамдықты азайту туралы сигнал береді. Мо­биль­ді құрылғыларды заряд­тауға ар­налған қос­қыш­тар тікелей аялдама ке­ше­нінің орындығына орна­лас­ты­рыл­ған. Жаңартылатын энер­гия көздерінен қуат алатын жарық диодты шамдар павильонда жарықты қамтамасыз етеді.

Жамболат Мұзбаев ұсы­нып отырған жобалардың қа­тарында қала ауасын таза­лайтын аспиратор, авто­ном­ды электр май құю стан­са­сы, вертикалды жел электро­генераторлары, шағын гидро­электор стансасы, электр минивэн және коммерциялық фургон сияқты жобалар бар. Ж.Мұзбаев сонымен қа­тар электро­самокаттарды жасау мен өнді­ріске енгі­зудің тиімділігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл кө­ліктер қоршаған ортаға зиян­сыз үнемді келеді әрі жұрт­шылықтың саламатты өмір салтына ықпа­лын тигізеді. Құ­рылымы қара­па­­йым келе­тін электросамокат­тың ­қуа­ты үш сағатқа жетеді. Ку­рьер­­лік, туристік, орман ша­руашылы­ғы, шекара қызметі үшін тиімді болмақ.

Қазіргі кезде ғалымдар тиім­­ділігі жоғары деп ұсын­ған жо­­балардың бірқатары қала әкім­дігі тарапынан қол­дау тапты. Ғалым­дардың айтуынша, ендігі кезекте био­логиялық қауіпсіздік, эколо­гия және қоршаған орта, тө­­тенше жағдайлардың алдын алуға (сел, қар көшкіні), қала халқының жайлы өмір сүруіне, санитар­лық-гигие­налық іс-шараларды жақсар­туға, жасыл технология­ны дамытумен байланыс­ты жо­ба­ларды еліміздің өзге де өңір­лерінде іске асса нәтижесін бере­тіні анық.