Ғылым • 18 Шілде, 2023

«Тоқтар» картобы – селекциялық жетістік

316 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Картоп – ең маңызды азық-түліктің бірі. Оның түрі де, дәмі де әртүрлі. Сорты да көп. Солардың бірі «Тоқтар» деп аталады. Бұл сортты Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты ойлап тапқан.

«Тоқтар» картобы – селекциялық жетістік

Ғарышқа сапары кезінде бір­неше дақылдың жасушалары қоса жіберілген. Олардың кө­бі ғарышта жарамсыз болып қал­ғанда, «Гатчинский» картобы­­ның жасушалары бәріне төзімді бо­­лып шыққан. Ғарыштағы жүргізіл­ген сынақтар нәтижесінде картоп үлгісі каллустарының регенерант түзу қабілетінің өте жоғары көрсеткіштерге жет­кен­дігі анықталды. Содан кейін ғалымдар жерге әкелінген жасушаны әрі қарай сұрыптап, зерт­теп, тәжірибе алқабында кар­топтың «Тоқтар» атты жаңа түрін шығарған.

Жасушалық және ғарыш­тық технологиямен сұрыптаудан өт­­кен, шаруашылықта баға­лы белгілері бойынша оң нәтиже­лерімен ерекшеленген бұл кар­топ үлгісі Мемлекеттік сортсынақ ко­миссиясына ұсынылып, оған қазақстандық тұңғыш ғарыш­кер Тоқтар Әубәкіровтің құрметі­не «Тоқтар» деген ат берілді. Осылайша, отандық жаңа сорт дүниеге келді.

«Тоқтар» картоп сортын 1991 жылы Т.Әубәкіровтің «Ғарыш-Қа­зақстан» бағдарламасы бо­йынша эксперименттер жүр­гіз­ген «Мир» орбиталдық кеше­нінің бортында, протоклон­дарды алдын ала іріктеу негі­зінде, жасушалық технология әдісі арқылы Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғы­лы­ми-зерттеу институты мен М.А.Айтхожин атындағы Мо­ле­кулярлық биология және био­химия институты бірлесіп шы­ғарған. Сортты жасауға ғарыш­кер­дің өзі де атсалысқан. Одан кейін картоп 2003 жылы ресми түрде Алматы облысында аудандастырылған болатын.

Тоқтар – орташа ерте пісетін сорт. Вегетациялық мерзімі 90-100 тәулікті құрайды. Орташа өнімділігі – 28-35 т/га, ал био­логиялық әлеуеті одан да жоғары. Түйнектерінің пішіні дөңгелек, көзшелері терең емес, қызғылт түске боялған. Вирустық ауру­лар­ға, фузариоз және макроспо­риоз ауруларына салыстырма­лы түрде төзімді. Ыстыққа және құр­ғақшылыққа да төзімді. Тау­лы аймақ жағдайында өнім­ділігі 30-34 т/га дейін жетеді. Дәмі мен асханалық қасиеттері жо­ғары, түйнектеріндегі крахмал мөлшері 15-17 пайызды құрай­ды, сақталу қасиеті өте жо­ғары (92-95 пайыз). Қазіргі кез­де картоп Алматы, Жетісу, Қара­ғанды, Шығыс Қазақстан, Түркіс­тан облыстарының бір­қа­тар шаруа қожалықтарында кеңі­нен өсіріліп жатыр. «Тоқ­тар» сор­ты­ның бастапқы тұ­қым ша­руа­шылығын Қазақ же­міс-көкө­ніс шаруашылығы ғы­лыми-зерт­теу институты және Ал­маты облысы Райымбек ауда­ны Текес ауы­лында орналас­қан «Өр­кен» шаруа қожалығы жүр­гізеді. Сондай-ақ «Тоқтар» сор­ты тұр­ғындардың жеке қо­салқы ша­руашылықтарында да өсіріледі.

«Қазақ жеміс-көкөніс ша­руа­шылығы ғылыми зерттеу инс­титуты» ЖШС басқарма төр­аға­сы, ауыл шаруашылығы ғы­лым­­дарының докторы, Ұлттық ғы­лым академиясының акаде­мигі Теміржан Ерқасымұлының айтуынша, бір сортты дәстүрлі технологиямен дайындап шығу үшін 10-15 жыл уақыт кетеді. «Тоқтар» картоп сортын жасап шыққан ғалымдар да зерттеуге біраз жылын арнаған.

– Бұл сортты шығаруға 7-8 адам қатысқан болатын. Солар­дың ішінде осы сорттың негізгі авторы, профессор, ғылым докторы Г.Лигай екенін атап өткен жөн. Ол кісі өмірден өтіп кетті. Одан кейін С.Бабаев авторы болды. Ол кісі қазір арамызда жүр. Қазір Қайнардағы институтта жұмыс істейді. Мен енді өзім тікелей қатысқан жоқпын. Ол кезде институтта жас ғалым болатынмын, – деді Теміржан Ерқасымұлы.

Қазіргі кезде Қазақстанда 130-қа жуық картоп сорты аудан­­­дастырылған. Оның 60-ы – отан­­­дық сорт, ал қалған 70-і – алыс-жақын шетелден алынған сорт­тар. Институт басшысы сорт­тар­ды жасап шығатын кезде ең бірін­ші сапалық көрсеткішіне мән бері­летінін айтады. Мәсе­лен, «Тоқтар» картоп сорты құ­ра­мында адам ағзасына пайда­лы C, B1, B2, B6, B9, K дәрумендері бар.

Институттың басқарма төр­ағасы сорттарды шығарғаннан кейін оларды аудандастыра­тын жерді таңдау да маңызы екенін атап өтті.

– Біз сорттарды шығарған кез­де олардың өнімділігіне қарай­мыз. Ал оның өнімді болуы аудандастырылатын жерге де байланысты. Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамында мемле­кеттік сорттар комиссиясы бар. Ғылыми зерттеу институты сорт­тарды шығарғаннан кейін оны міндетті түрде комиссияға жі­береді. Әр өңірде сорт сы­нақ учаскесіне жіберіледі. Осы­лай барлық облыста сыналады. Мә­селен, оңтүстікте өнімді бол­ған сорт, солтүстікте өспей қалуы мүмкін. Сондықтан сынақ барысында қай өңірде сорт өнімді болса, сол облыста өсіріледі. Одан бөлек сорттарды жасағанда олардың ауруларға, ыстыққа, құрғақшылыққа төзімді болуы­на ерекше мән беріледі. Шы­ға­рылатын сорттар жергілікті жағ­дайға бейімделіп, қайта өң­деуге жарамды болуы керек. Соны­мен қатар тағы бір ең маңыз­ды көрсеткішінің бірі оның сақ­талғыштығы, яғни шіріп кетпей ұзақ мерзімге сақталуға тиіс. Осын­дай сапалық қасиеттеріне басымдық береміз, – дейді Темір­жан Ерқасымұлы.

Қазақ жеміс-көкөніс шаруа­шылығы ғылыми зерттеу институты жалпы 25 дақылды зерттеп, жаңа сортын шығарумен айналысады. Институттың не­гізгі міндеті – бау-бақша және кө­кө­ніс өсіру саласында ауыл ша­руашылығы ғылымын дамыту. Сондықтан ғалымдар озық әдіс-тәсілдермен, заманауи технологиялармен жасалған сорттарды шығарып, фермерлерге жағдай жасап отыр. Институт шығарған сорттардың ішінде осы «Тоқтар» тарихи сорт. Оның ресми аудандастырылғанына (Қазақстанда қолдануға рұқ­сат етілген селекциялық жетіс­тік­тердің Мемлекеттік тізбесіне енгеніне) биыл тура 20 жыл толып отыр.