Қоғам • 19 Шілде, 2023

«Қазпромлит» көмек қолын созды

181 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Тереңөзек ауылындағы жеті түтін бір күнде айтарлықтай шығынға батқаны мәлім. Найзағай соққысы бір үйір жылқыны жер жастандырды. Жиырма алты бас жылқыдан айырылған жұрттың жүйкесі сыр берген болатын.

«Қазпромлит» көмек қолын созды

Қамбар ата түлігін өсіріп, кәсі­бінен нәсібін айырамын деген­дердің арасында несие алып, ата кәсіпке ден қойғандар да бар. Жылқылардың жаппай сұлаға­нын көрген олардың «енді қайт­тік?» деп әбден мазасы қашты. Несие үшін шаруа қожалығы мен үйін кепілдікке қойған ауыл азама­тының жүйкесі сыр бермегенде қайтсін?

«Таудағы фазендамды, үйімді кепілдікке қойдым. Қаражат аздау болған соң ауылдағы кішігірім баспанамды да тіркедім. Қысқасы, кәсібімді бастау үшін барымды бәске тіктім. Жүгіріп жүріп қо­лым жеткен қаржыға алған жыл­қылар еді. Табиғат тосын мінез танытты, жылқыларымды жасын жайпап кетті. Бес миллион теңге шығынға ұшырап отырмын», деген Тереңөзек ауы­лы­ның тұрғыны Нұрболат Мыр­зақұловтың жүзінен өкініштің табы сезілді.

Жабыққан жұрттың қамыққан көңіліне қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, пайдасын тигізер шенді табылар ма екен деп отырғанбыз?! Суыт хабарды естіген өңір басшысы Нұржан Нұржігітов жедел қимылдап, оқиға орын алған ауылға ат басын бұрды.

«Найзағай түсіп, жиырма алты жылқыны жайратқан жағдайды бәріміз естідік. Үкімет тарапы­нан өтемақы беру мәселесі еш­қандай нормативтік акті­лерге сай келмейді екен. Жыл­қы алған­дардың біразы несиеге кіріп кет­кенін естідік. Оңай емес. Шы­ғынға батқан шаруа­ларға «Қазпромлит» ЖШС көмек­те­сетін болады», дейді Н.Нұр­жігі­тов.

Өңір басшысының сөзіне сенсек, шығынға батқан шаруаларға «Қазпромлит» ЖШС 10 миллион теңге қаражат бермек. Ал кімнің қанша шығынға батқанын ауылдың қоғамдық кеңесі зер­делеп, қаражатты теңдей үлес­тірмек.