Технология • 20 Шілде, 2023

Бұлтты технологиялар кімге тиімді?

449 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Отандық компаниялар, оның ішін­де шағын және орта бизнес өз үдерістерін белсенді түрде авто­маттандырып, әртүрлі ІТ-шешім­ді енгізуді, онлайн-сервис­терді пайдалануға көшкені бүгін емес. Өйткені цифрлық тұрғы­да даму үшін компанияларға тех­но­логиялық іргетас қажет.

Бұлтты технологиялар кімге тиімді?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ал Ұлттық статистика бюросының соңғы деректеріне көз салсақ, елімізде 2 миллионға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істесе, басқа елдерден келетін бизнес легінің арқасында бұл көрсеткіш жыл сайын 31,6 пайызға өсіп жатыр. Сол сияқты басым бөлігі шағын және орта бизнес субъектілері болып келетін шетелдік заңды тұлғалар мен компаниялардың бөлімшелерінің саны да 30,6 пайызға өскен. Мәселен, «Halyk Research» зерттеулері бойынша, Қазақстанда жұмыс істейтін ресейлік шағын кәсіпорындардың саны 2022 жылдың 8 айында 2 есе артып отыр.

Орайы келіп тұрғанда Қазақстанның шағын және орта бизнесінде 4,1 миллионнан астам адам жұмыспен қамтылғанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,3 пайызға артық екенін айта кетуге болады. Бизнес субъектілері былтыр 59,2 трлн теңгеге өнім шығарып, көлемі 38,2 пайызға өсті. Кейінгі бағалау деректері елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын компаниялардың үлесі 36 пайызға тең болғанын айғақтайды. Өңірлер бөлі­­нісінде жоғары көрсеткіштер де бар: Ал­маты облысында – 45,5 пайыз, Алматыда – 57,5 пайыз, Астанада – 75,7 пайыз.

Бүгінгі таңда бизнестің көзін табудың ең тиімді әдісі – цифрландыру. Мысалы, «BRIF Research Group» компаниясының 2021 жылғы зерттеуіне сәйкес, отандық кәсіпорындардың 92 пайызы бизнесте белгілі бір IT-шешімдерді қолданады, яғни 78 пайызы электрондық кестелерге ойысқан, 77 пайызы бухгалтерлік бағдар­ламалық жасақтамада жұмыс істейді, 61 пайызы кеңсе бағдарламаларын пайдаланады, ал 28 пайызы өздігінен жазылатын бағдарламалық жасақтаманы қосқан.

Ал шағын бизнеске клиенттермен қарым-қатынасты басқару жүйесін (CRM) енгізу өсу нүктесі десек те болады. Отандық нарықтағы зерттеу көрсетіп отырғандай, Қазақстанның шағын және орта бизнесінің 40 пайыздан астамы осы шешімдер класымен таныс, ал ком­паниялардың 20 пайыздан астамы CRM орнатқан немесе орнатып жатыр. Осынау жүйелерге деген мүдделілік олардың түсінікті тиімділігінен туындайды. Мәсе­­лен, «BRIF Research Group» сауалдамасы есеп жүргізу үшін бағдарламалар­ды пай­даланатын елдегі ұйымдар­дың 28 па­йызы жылына 50-ге дейін сатып алушы­ны тартатынын көрсетті. Со­нымен қатар CRM-мен жұмыс істейтін ком­па­ния­­лар­дың 29 пайызы бір жылда 1 мыңнан ­астам сатып алушыны тартады.

– Қазір Қазақстан компаниялары өз бизнес-процестерін біртіндеп цифрландырып жатыр: тауарлар мен қызметтерді сату нүктелерінен онлайн-алаңдарға ойысады, электронды құжаттар қағаз мұрағаттарды орнынан ығыстырады, блокноттар мен кестелердің орнына Excel-де мамандандырылған ІТ-шешімдер пайда болады, клиенттерді қолдаудың бірінші желісін чат-боттар алады. Мұндай мысал өте көп. Бизнеске арналған цифрлық шешімдерге сұраныс артып келеді. Бірақ ІТ күшейген са­йын компаниялардың есептеу ресурстары­на деген қажеттілігі де артады. Ал цифр­ландырудың қарқын алуына бұлтты технологиялар көмектеседі, – дейді «VK Tech Қазақстан» өкілдігінің басшысы, «VK Cloud» дамыту жөніндегі директоры Арман Нұрышев.

Егер бағдарламалық жасақтаманы таратудың екі моделі бар болса, бұл – on-premise мен on-cloud. Біріншіcін­де – жүйелер өз серверлерінде орнатылса, екіншісінде – жүйелер бұлт провайдері­нің деректер орталығында орналасады. Бұлтты ресурстарды пайдаланудың үш моделі бар. Компания бұлтты қашықтағы сервер ретінде пайдалана алады – оған есептеу қуатын жалға алу арқылы жұмыс істеу үшін қажет жүйелер орнатылады (IaaS – қызмет ретінде инфрақұрылым). Үлкен деректерді талдау жобаларын жүзеге асыратын компаниялар осы тап­сырмаларды жеңілдететін арнайы құрал­дарды қолдана алады (PaaS – сервис ретіндегі платформа). Болмаса, SaaS мо­делі бойынша бұлтта орналастырылған бағдарламаларды қолданады.

«Gartner» сарапшыларының пікірін­ше, дәл бұлтты технологиялар – бизнес­ті цифрландырудың қозғаушы күші. «Сон­дықтан бұлтты провайдерлердің қыз­меттеріне компаниялардың жаһандық шығындары жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіп жатыр. Қазақстан да сол бағытта жүріп келеді: біздің қазақстан­дық бизнес тарапынан бұлттарға деген қызы­ғушылық пен сенім айтарлықтай өседі, дейді Арман Нұрышев.

Меншікті инфрақұрылымды пайдалану және басқару айтарлықтай күр­делі салымдар мен үлкен ІТ-команданы қа­жет етеді. Егер сізге бірдеңе әзірлеу қажет болса, онда Data-инженерлер мен DevOps мамандарын жалдауыңыз керек. Егер бизнес on-cloud-та орналастыруға ауысса, онда провайдер осы мәселелердің бәрін шешеді. Ал компания өз ресурс­тарын есептеу қуатын ұстауға емес, бейіндік қызметке бағыттай алады. Сондықтан бұлтты технологиялардың ең айқын артықшылықтарына тоқта­латын болсақ, төмендегідей тізім шыға келеді. ІТ-инфрақұрылымының аутсорсы серверлерді сатып алу мен олар­ға қызмет көрсетудің қажеті жоқ. Тех­но­логияларды басқарумен бұлтты қыз­меттер платформасының провайдері айналысады; PaaS Time-to-Market-ті жылдам әрі ыңғайлы дамытады және қысқартады; 5 минут ішінде бапталған амалдық жүйемен виртуалды машина іске қосылады; Pay-as-you-go жүйесі бо­йынша жұмыс: тек пайдаланылған бұлт қызметтері үшін төлем жасалады.

Бұлтты қызмет провайдері жабдық­ты сатып алып, қызмет көрсетеді, сер­верлердің жұмыс істеуі үшін қажетті жағ­­дайлар жасалған деректер орталығын салады немесе жалға алады, ақпарат­тық қауіпсіздік құралдарын және дерек­тер­дің сақтық көшірмесін жасайды. Осы мақсаттарға айтарлықтай бюджет бө­лу­ге қабілетті ірі компания ғана өзінің ІТ-инфрақұрылымының сенімділігі мен қауіпсіздігінің осындай деңгейін қам­тамасыз ете алады. Қалғандарына бұлт қыз­меттерін пайдалану оңайырақ әрі арзанға түседі.

– Бұлттар цифрлық даму жылдам­дығын қамтамасыз ететін болса, бұл – олардың бүгінгі басты құндылығы. Жеке ІТ-инфра­құрылымы дамыған жағ­дай­да компа­ниялар жабдықты таңдап, са­тып алуы керек, жеткізілімді күтуі ке­рек, оны орнатып, баптауы керек. Бұл бір­неше айға созылуы мүмкін. Әрі ол се­зімтал дерек­тер­мен және маңызды инфрақұрылым­-
мен жұмыс істеу­ге негізделген. Бірақ егер сізде бас­қа тапсырмалар болса, бұлтта­ғы ресурс­тарды мердігерден жалға ал­ған дұ­рыс. Осылайша, оларды кез кел­ген уақыт­та бірнеше рет басу арқылы нақ­ты пай­даланылған қуат үшін ғана төлеу­ге болады, – дейді сарапшы.

Компанияның стратегиясы, оның көлемі, ұйымдық құрылымы, заңна­мадағы шектеулер – мұның бәрі айналып келгенде бизнесте бұлтты технологияны қалай қолдануға болатынына әсер етуі мүмкін. Бұл бұлтты шешімдерді қол­данудың бірнеше сценарийі ғана.

Стартап үшін жылдам да қарапа­йым масштабтау маңызды болса, бұлт мұн­дай форматтарға келгенде тамаша ше­шім екені даусыз. Өйткені жаңа компа­ниялардың жаңа жабдықтар сатып алатын шамасы жоқ, ал жаңа есептеу қуатына деген сұранысы орасан. Бұлтты технологиялар стартаптарға ресурстарды бірден көбейтуге және қымбат «темірді» сатып алмай-ақ жұ­мыс істеуге көмектеседі. Шын мәнінде, стартаптардың басты мін­деті – гипотезаларды бірінші болып сынау, ол үшін ауқымды деректер, әртүрлі тапсырмаға арналған деректер қорын басқару жүйесі, машиналық оқыту сияқты заманауи ­ІТ-құралдарын пайдалана алу мүмкіндігі қажет.

Интернет-дүкендер жылдың белгілі бір уақытында ең жоғары жүктемелерді бастан өткереді. Бұлттар бұзылу қаупін жоюға көмектеседі. Интернет-дүкеннің иесі бос тұрған ресурстарға өліара ке­зең­дерде төлем жасамау үшін қажет бол­ған жағдайда қуаттарды қосып, өші­ре алады. Ал бағдарламамен қамта­ма­сыз ететін компаниялар тек бұлтты ин­фрақұрылымды ғана емес, сонымен қатар автоматтандыруға арналған әзір­лемелерді, сондай-ақ даму қауіпсіз­дігін (сақтандыру кодын бақылау, осал­дық­тарды іздеу және т.б.) қолданса, олар pay as you go (PAYG) моделі бойынша қол­жетімді. Мысалы, SaaS үлгісіндегі бұлт қызметтері қызметкерлердің қашық­­­тан жұмыс істеуін ұйымдастыруға көмек­теседі, яғни кеңсе бағдарламаларын, бей­не­конференция қолданбалары мен мес­сенд­жерлерді, деректер қоймалары мен тағы басқасын елдің ғана емес, әлем­нің әртүрлі нүктесінен бұлт арқылы тіке­лей пайдалануға болады.

Қорыта айтқанда, бұлтты қызметтер­ді – инфрақұрылымдық, платформа­лық, қол­данбалы қызметтерді пайдалану ­кез келген саладағы бизнесті өркен­де­те алады. Бұлттар технологияға қол жет­кізуді, цифрлық дамуды жеңіл­детеді, жобаларды жүзеге асыруда коман­да­лар­дың еңбек шығындарын азай­тып, ІТ-инфрақұрылымын құруда компа­ния­лардың қаржысын үнемдейді.