Сұхбат • 20 Шілде, 2023

Сайын Назарбекұлы: Ұлттық тәрбиенің қайнары – қазақ тілі

600 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жұртшылық Сайын ағамызды құрылысшы, сәулетші ретінде жақсы таниды. Өткен мен бүгінді өлеңмен өргені де белгілі. Енді ол кісіні «Ұлт анасы – қазақ тілі. 9 ақиқат... 99 сұхбат» атты жинағы арқылы тәжірибелі ұстаз екенін танып отырмыз. Бүгінгі әңгімемізді автормен осы еңбегі туралы өрбіттік.

Сайын Назарбекұлы: Ұлттық тәрбиенің  қайнары – қазақ тілі

– Қолыңызда ұстап отырған кітап­ты жазуыңызға не түрткі болды?

 – Сөзді әріден бастайын. Үш ғасыр­ға жуық бодандықтың қамытын киген хал­қымыз 1991 жылы тәуелсіздігін жария етті. Бұл біздің жасымыз дәл елуге толған кез еді. Басымызға бостандық, тілімізге теңдік, санамызға жігер ал­ған біз егемен Қазақстанымызға өз кірпі­шімізді қаламақ болдық.

Менің осы кездегі жағдайым тура­лы жан досым Әбіш Кекілбайұлы: «Сайын 50 жасында егемен елімен бірге қайта туып, бір қолына қалам, бір қолына қа­лақ алып кірісті», деген еді. Оның осы сөзі таза шындық болатын. Мен 1992 жылы Әбекеңнің айтуымен, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың басына күмбез тұрғызғаннан бастап, отызға жуық тарихи тұлға басына ескерткіш орнатқан екенмін. Соның ішінде Абай мен Шәкәрім кесенесі де бар. Тәуелсіздік қуанышы біздің бойымыздағы түрлі бас­таулар көзін ашып жібергендей болды. 25 жыл тыныштық көрмей, дала кезіп, жұмыс істей жүріп, қолымнан қаламымды түсірмедім. Тоғыз томдық шығармалар жинағым жарық көрді. Жазған драмаларым қойыла бастады. Уақыт бәрін де жеңеді ғой. Бізді де жеңген секілді болды. 2016 жылы 75 жасқа толғасын қалақтың ауырлай, қаламның мұқала бастағанын сезіне бастадық.

Енді не істеймін деген ой бізді жиі тол­ғандыратын болып алды. Абай кесенесі, Абай ойлары мені жаңа рухани белес­ке шығарып кеткен­дей еді. Мен Абай қазынасын жас ұр­пақ тәрбиесіне пайдалану қажетін жан-тәніммен сезіндім. Содан «Абай әлеміне саяхат» атты кітап жазып, клуб құрдым. Осы еңбегім арқылы мұғалімдер мен оқушыларға кемеңгер тұлғаның шы­ғармашылығын жақын таныстыра бастадым. Абайдың 45 қара­сөзінің ма­ғынасын ашып, түсінік жаздым. Осындай ұлттық тәрбиеге бағытталған жұмыстар ақырында «Ұлт анасы – қазақ тілі» атты қоғам құруға жеткізді.

– Енді осы еңбегіңіздің атауы мен мазмұны туралы айтсаңыз?

– Қазақ тілінің тағдыры мені қатты толғандырады. Шын мәнінде, тіл – ұлттың жаны. Сондықтан жинағымды «Ұлт анасы – қазақ тілі» деп атадым. Ал «9 ақиқат... 99 сұхбат» дегеніміз тараулар атауы. Мұнда өзім оқыған тарихи деректер, ұлылардың нақыл сөздері, ірі тұлғалардың өмірбаяны, авторлық пайымдау, естелік секілді дүниелер жинақталды. Басты мақсат – жастарға тағылымды тәрбие беру. Бізді ұлттық болмысымыз бен ана тілімізді қалай сақтаймыз, өркендетеміз деген мәселе өмір бойы алаңдатумен келеді. Абайдың өзі «Қартайдық қайғы ойладық, ұлғайды арман» дегені бекер емес. Шыны керек, біз қазіргі әлемдік бәсеке жарысына кенжелеу қосылған жұртпыз. Сондықтан жастарымыздың тәрбиесіне баса назар аудару, ұлттық тәрбиенің қайнары – қазақ тілі екенін ұғындыру басты міндет.

– «9 ақиқат, 99 сұхбат» деп аталатын тарауларға кеңірек тоқталасыз ба?

– Мәселен, «9 ақиқат» бөлімінде «Ұлы жаратылыс», «Адам ата – Хауа Ана», «Абыл мен Қабыл», «Қазақ халқы», «Қазақ тіл», «Қазақ халқының жазу өнері», «Тектілік және қазақтың үш жүзі», « Отыз жыл қанша уақыт?», «Жаңа Қазақстан. Әділетті Қазақстан» атты ұғымдарға қысқаша түсінік берілген. Ал «99 сұхбат» атты сұхбаттарда хал­қымыздың тари­хы мен тұлғалары туралы кең әрі нақты деректер келтіріледі. Сондай-ақ оқушыларға арналған «99 асық сынағы» үш кезеңді білік жарысын ұйымдастыру біздің қоғамымыздың бір сәтті табысы дейміз.  

– Бұл қандай білік жарысы?

– Оқушылар бірінші сыныптан бас­тап қоғамға мүшелікке тартылады. Көп нәрселерді өздері ұйымдастырып, өздері істейді. Қоғам мүшелерінің біліктілігі үш сатылы білік жарысымен ұдайы тек­серіліп отырады. Оқушылардың үш та­қырып бойынша білімдері сыналады. Жарысқа қатысушы 99 асық салын­ған қалтадан бір бірлеп үш асық алады. Мы­салы, оқушыға 1-асық (мақал: Егі­нің өнбесе, қайғысы бір жылдық; балаң оңбаса, қайғысы ғұмырлық), 82-асық (өлең: желсіз түнде жарық ай), 86-шы асық (тектілік баспалдағы: орыс жеріне моңғол тайпасы жетпеген) тап болды делік. Жарыс барысын үш ұстаз қадағалап отырады. Олардың алдында 99 сұрақтан тұратын үш дәптер жатады. Біріншісінде 99 мақал мәтіндері, екіншісінде 99 қазақ халық өлең атаулары, үшіншісі – «тектілік баспалдақтары» атты тарихи деректер. Бірінші алған асығы бойынша оқушы аталарының әлгі мақалмен оған не деп тұрғанын түсіндіріп береді. Екінші, үшінші асықтар жауабы да тыңдалып, әр жауапқа ең жоғарысы 11 ұпайдан баға қойылады.

– Аталған кітапты қоғамдық бағ­дарлама ретінде мектеп оқушыларына ұсынғанда қандай мақсат көздедіңіз?

– Бұл – біздің ұзақ жылдық ойымыздан туған асыл арманымыз. Осы бағдарламаны мектеп оқушыларының рухани тәрбиесіне көмекші құрал ретінде ұсындық. Мақсатымыз – балалардың өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі жетілдіруге құмарлығын арттыру.

Осы бағытта олардың бойына 11 қа­сиет­­ті сіңіруді көздедік. Мәселен, оқу­шы­лардың 99 халық әнін жатқа біліп, айта алуы, 50 кітап оқуы, көлемді үш мақала жазуы, 200 мақалды айтып, оның мағынасын түсіндіруі, халқымыздың әдет-ғұрпын сақтауы, шешендердің сөзін көпшілік алдында түсінікті, қызықты етіп айта білу және тектілік ұғымы мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу секілді қасиеттерге баса назар аударылды. Ең басты меже – мектеп бітірген әр бала 12 мың жол өлеңді жатқа біліп шығуға тиіс.

Әр азаматын осылай тәрбиелей ал­ған мемлекет өркендеген елге айналары сөз­сіз.  Жалпы, «ақыл», «білім», «адам­гер­шілік», «тектілік» секілді қасиеттер адам болмысына баяу жиналады. Жас кезінде оны көпшілігі білуге де, пайдалануға аса құмар болмайды. Ал жағымсыз қылықтар қара күйе секілді бірден жұғады. Содан кейін жастар уақыт қадірін түсінбейді. Әлі жаспыз дейді. Кейбіреулер отызында өзін жас санап, тіпті қырыққа дейін өзін-өзі толық басқара алмай әркімнің жетегінде жүреді. Дұрыс жолға түсе алмай адасады. Қоғам мен өз ошағына, ділі мен дініне жат қылықтарға барады. Біздің бағдарламаның мақсаты жастарды осындай жаман әдеттен жас басынан сақтандырып, оларды текті азамат етіп өсіруге атсалысу.

– Осы бағдарламамен жұмыс істеп жатқан мектеп бар ма?

– Мәселен, Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы 22 мектебі келесі оқу жылынан бастап, осы бағдарламамен жұмыс істей бастайды. Ал Мұнайлы ауданының №10 мектеп мұғалімдері мен оқушылары осыны оқу бағдарламасына енгізді. Жемісі де мол. Қазір бұл білім ордасы еліміздегі ең озық мектептер қатарына енді. Негізінен, бұл қоғамдық жұмыс, рухани тәрбие ретінде атқарылады. Бұл бағдарламаға Ыбырай Алтынсарин атын­дағы Білім академиясының мамандары да қызығушылық танытып отыр.

– Жинақта тарихымызға да ерекше назар аударыпсыз...

– Адамзатты саналы адам атандыратын олардың тарихы болса, сол ұлы тарихқа қосқан қазақ халқының да үлесі мол. Біздің ежелгі тарихымыз көне түріктер тарихы деп аталады.

Біз өзіміздің қазіргі жобамызды біле­міз ғой, ал ертедегі бабаларымыздың қан­дай болғаны туралы жастарға бірнеше дерек ұсына кетейін.

... Бұдан бес мың жыл бұрын көшпелі ел шумерлердің қала салып, жазу жазып, көлемді «Гильгамеш батыр» атты дастанын жазғаны анықталып әлемді таңғалдырса, сол мәдениеттің мұрагері қазақ халқы;

...Алтайда темір балқытып, патшаларын алтынмен аптап жерлеген;

...Бірнеше жылқының еті сыйып ке­те­тін скифтер қазаны – Түркістандағы тай­қазан о да қазақ халқының еншісі;

...Бүгін біреуден тыңдаған жырын ертең жатқа айтып беретін – біздің бабаларымыз;

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп айтқан да қазақ.

Қысқасы, Поляк А.Янушкевичке: «Егер қазақ халқын әлемді шыр айналдыра қоныстандырса, онда кез келген жолаушы қалтасынан бір тиын шығар­май бүкіл әлемді айналып шыға алар еді», деп айтқызған біздің халқымыздың мейірбандылығы...

– Жақсы-жайсаңмен бірге жүрдіңіз. Көпті көрдіңіз. Орындалмаған арма­ныңыз бар ма?

– Айналайын, жұмыр басты пенденің арманы таусыла ма? Менің сәулетші ретінде көкейімнен кетпейтін бір өкі­нішім бар. 1993-1995 жылдары маған Абай кесенесін тұрғызу тапсырылды. Абайдың 125 жылдық тойында ақын мүрдесінің басына гранит ескерткіш қойылған екен. Сонда құрылысшылар мүрденің үстіне 60 тонналық бетон құйған. Абайдың 150 жылдығына байланысты кесене жұмысы басталарда осы бетонды алып тастау туралы жер­гілікті құрылысшыларға тапсыр­ма бе­рілген болатын. Бірақ бетон алын­бай қалып қойды. Бұл мәселені көптен бері көтеріп келемін. Тіпті Назарбаев­тың қабылдауында болып әңгіме еткенмін. Әзірше, нәтиже жоқ. Көзім тірісінде осы өкінішімді орындап кетсем деймін. Ол тек қана Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев шешімімен жүзеге асатын шаруа секілді. О кісіге де екі рет хат жаздым. Бірақ біздің хаттарымыз иесіне жетпейтін секілді.

Ал арман туралы әңгіме ететін болса халқымыз «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» депті. Отбасым аман, балаларым азамат болды, немерелерім де жақсы өсіп жатыр. Бұған шүкіршілік етемін. Бір адамдай баянды ғұмыр кештім. Ешкім­ге кіріптар болған жоқпын. Ешкімнен қарғыс естімедім...

Дегенмен жасым тоқсанға қадам басқалы, ертеңгі күн жақындаған сайын бір арман мені ілгері жетелейтін секілді. Ол арман – жастардың рухани санасы! Бұл арманның орындалуы енді біздің Оқу-ағарту министрлігіміздің «Ұлт анасы – қазақ тілі» бағдарламасына қалай қарайтынына байланысты.

Отанымыздың барлық қазақ мек­теп­терінде жастарымыздың ұлттық болмысын, тектілік түсінігін, өз ұлтының ұлылығына деген мақтанышын, ана тіліне деген сүйіспеншілігін жоғары деңгейге жеткізе алған күнді көзімізбен көріп, көкірегімізбен сезінсек, бұл өмірден армансыз өтер едік...

– Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»