Халықаралық аудит қорытындысы бойынша университет алғаш рет жоғары бағаға ие болды. «QS Stars» халықаралық рейтингінде жоғары оқу орнына «4 жұлдыз» тағайындалған. Бұл рейтинг университетті 50 түрлі көрсеткіш бойынша бағалайды екен. Сонымен қатар ШҚТУ оқыту, жұмысқа орналастыру, тұрақты даму санаттары бойынша «өте жақсы» деген баға алды.
Бұдан бөлек, университет алғаш рет «The Times Higher Education Impact» рейтингіне әлемдік деңгейдегі 850 үздіктер қатарына, Қазақстан бойынша үздік екі университет қатарына кірді. Жылдың тағы бір табысы Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ CDIO (conceive, design, implement, operate) бастамасының ОА-дағы бірінші толыққанды мүшесі болып қабылданды. Бұл – MIT бастамашы болып отырған тәжірибеге бағдарланған кадрларды даярлау стандарттары. Қазір осының негізінде инженерлік білім берудің ұлттық моделі әзірленіп жатыр.
Иә, университет халықаралық стандарттар бойынша дамып келеді. Биыл қаңтарда 12 білім беру бағдарламасы Германияның ASIIN агенттігінде халықаралық аккредиттеуден өтіп, халықаралық деңгейде сапасын растады.
ЖОО-да 13 білім беру бағдарламасы ағылшын тілінде жүргізіледі. 2023 жылдың шілдесінен бастап ШҚТУ IDP IELTS Kazakhstan емтихан орталығының ресми аккредиттелген серіктесі атанып, барлық тілек білдірушілерге ағылшын тілі деңгейін ресми растауға мүмкіндік береді.
Оқу орнының он ғалымы Американың, Ұлыбританияның, Ресейдің, Түркияның жоғары оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті.
– Ғалымдарымыз шетелде білімдерін арттырып жатыр. Жалпы, 2022-2023 жылғы оқу жылында ШҚТУ-да 12 мемлекеттен шақырылған 48 ғалым жұмыс істеді. Студенттеріміз негізгі инженерлік біліктіліктің 1-курсын тәмамдаған соң, 651 студент бакалавриат дәрежесін алды. Жастарымызға тәжірибесімен бөлісіп, оқытуда Huawei, Amazon сияқты компаниялар тартылады, – дейді университет ректоры Сәуле Жәдігерқызы.
Есепті кезеңде университет open EDX жеке платформасында 21 онлайн курс әзірледі. 2023 жылы ШҚТУ әлемдегі озық университеттер курстарында шексіз білім алу үшін «Coursera»-ға 500 лицензия алды.
Айтқандай, «ІROS – зерттеу құзыреттері» жобасы әзірленіп, бұл оқу курстарына нақты кезеңдер кейсі, зерттеу әдістері, жобалық және проблемалық-бағдарланған оқыту, эмпирикалық зерттеулер, білім алушылардың зерттеу құзыреттерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін академиялық жазу ережелері кіреді.
Коммерцияландыру экожүйесі жасалды. «Bi ANGAR» бизнес-инкубаторы құрылды. Технологияларды коммерцияландыру кеңсесі ашылды. Астана хабымен және ШҚО әкімдігімен бірлесіп, It хаб жұмысын бастады. Ғылыми зерттеу жұмыстары да нәтижелі болды. Жалпы, 2022-2023 оқу жылында 200 жоба іске асырылды. Оның 181-і кәсіпорындардың тапсырысы бойынша, 3 БНҚ, 16 гранттық. Ғылым бюджеті де өсті. ШҚТУ басылымдарының дәйексөздері молайды. Университет барлық жоспарларды сәтті жүзеге асырып, жоғары нәтижелерге, халықаралық танымалдыққа қол жеткізді.
Жағымды жаңалықтардың бірі – Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Тяньцзинь университетімен бірлесіп, Қазақстанда Лу Бань шеберханасын ашады. Мұндай шеберханалар әлемнің 20 елінде ашылған. Жобаны аяқтау және Лу Бань шеберханасын ашу 2023 жылдың қазан айында жоспарланған.
Шетелмен тығыз байланыста жұмыс істесіп келе жатқан ШҚТУ базасында металлургия және пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы қазақстан-неміс ғылым және технологиялар институты құрылып жатыр. Бұл туралы екі елдің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмаердің қатысуымен өткен Қазақстан – Германия университеттерінің форумы шеңберінде келісімге қол қойылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан тағы бір жоба – ШҚТУ базасында тау-кен металлургия саласындағы академиялық артықшылық орталығын құру көзделген.
Сондай-ақ аталған оқу орын Сәтпаев университетімен бірге пилоттық режімде Цифрлық университет жобасын іске асыру үшін таңдалды. Жоба мақсаты – цифрлық университеттің эталондық моделін құру және оны еліміздің университеттеріне одан әрі тарату.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллинаның айтуынша, білімін ғылыммен байланыстыратын түлектер бір жылда он докторлық диссертация қорғап, бұл айтулы жетістік деп танылды. Себебі ғылыми зерттеулерге де жіті мән берілетін жоғары оқу орнының жастары болашақта ауыл шаруашылығынан бастап, түрлі салаға өзгерістер әкелетін жобалар ойлап табады.
– Smart Engineering орталығының меңгерушісі тұқым сепкінің сұлбасын анықтап, әзірлеп жатыр. Ол дайын болған жағдайда егістік алқабына апарып, тыңайтқыш ретінде қолданады. Бұл жерде тыңайтқыштың толықтай дақылдың тамырына баратынын ескерген жөн. Облыста майлы дақыл егістігі өрлеп тұрғандықтан, университет ғалымдары әзірлеп жатқан тұқым сепкі оң жаңалық әкеледі деуге болады. Күзде тәжірибеден өткізу жоспарда бар, – деді ректор С.Рахметуллина.