Аймақтар • 21 Шілде, 2023

Аумақтық қорғаныс жаттығуы

315 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавлда аумақтық қорғанысты ұйымдастыру бойынша оқу-әдістемелік жиын өтті.

Аумақтық қорғаныс жаттығуы

Солтүстік Қазақстан облысының аумақ­тық қорғаныс бригадасын­да ұйым­дастырылған жиынға өңір­лік қол­бас­шылық әскерлері мен Десант­тық-шабуылдау әскерлері қолбас­шыларының аумақтық әскерлер басқармалары бө­лімдерінің бас­тық­тары, әкімдердің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәсе­лелері жөніндегі көмекшілері, аумақ­­тық қорғаныс бри­гадаларының ко­ман­дирлері, жергілікті ат­қарушы ор­гандардың өкілдері қатысты.

– 2017 жылы аумақтық әскерлердің құрылғалы бері осындай бейіндегі мамандармен оқу-әдістемелік жиын екінші рет өткізіліп отыр, – деді Аумақ­тық қорғаныс департаментінің бас­тығы – Қарулы Күштер Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майо­р Серік Борамбаев. Сонымен қатар оларға алғаш рет жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де қатысып отыр.

Жиын барысында аумақтық қорғаныс күштері мен құралдарын жоспарлау, өрістету, олардың үйлесім­ділігі, өзара іс-қимылы мәселелері бойынша теориялық дайындықтан бас­қа аумақтық қорғаныс брига­дасының әскери міндеттілерімен әс­кери жиын бойынша практикалық са­бақтары да жоспарланған. Жиынға қатысушылардың кәсіби даярлық деңгейі, оның ішінде теориялық білімі сынақтарда және практикасы оқ ату жаттығуларында тексерілді. Іс-шара шеңберінде дөңгелек үстел отырысы өтіп, онда «Аумақтық қорғаныс туралы» Заңның жобалары және оны да­мыту жөніндегі кешенді жоспар қа­ралды.

Үш күндік оқу-әдістемелік жиын аумақтық қорғаныс жүйесін әртүрлі дағдарыстық жағдай туындаған кезде өрістетуге дайындау сапасын арттыруға бағытталған. Іс-шара қатысушылардың командалары арасындағы достық шағын футбол матчынан басталды. Сонымен қатар жиын жұмысына Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев қатысқанын айта кеткен жөн.