Екібастұзда «Самұрық-Энерго» АҚ электр энергетикалық холдингінің құрылымына «Богатырь Көмір» ЖШС көмір кесігі, сондай-ақ Екібастұз МАЭС-1 және МАЭС-2 кіреді. Бүгінде олардың барлығы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде және еліміздің энергетикасы үшін аса маңызды инвестициялық жобаларды іске асырып жатыр.
Сапар Қазақстандағы ашық тәсілмен көмір өндіретін ірі компания - Богатырь Көмір ЖШС-ның «Богатырь» көмір кесігінен басталды. Кәсіпорында 6 550 адам жұмыс істейді. «Богатырь Көмір» ЖШС-ның өндірістік қуаты жылына 42 млн тонна көмірді құрайды, оның ішінде «Богатырь» кесігі бойынша - 32 миллион тонна, «Северный» кесігі бойынша - 10 миллион тонна. «Богатырь Көмір» ЖШС – ның үлесі - 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда өндірілетін барлық көмір көлемінің шамамен 40%-ы (42,5 млн тонна). Жыл сайын энергетикалық көмір ҚР мен РФ-ның энергия өндіруші ұйымдарына жөнелтіледі.
«Богатырь» кесігінде Нұрлан Жақыпов көмір берудің циклдық-ағындық технологиясын енгізу жөніндегі жобаның іске асырылу барысымен танысты. ЦАТ жобасы өзінің жобалық қуатына кезең-кезеңімен шыға отырып, осы жылдың тамыз айында толық аяқталады. Бұл жоба тұтынушыларға отын жеткізуді арттыруға мүмкіндік береді.
Келесі аралау нысаны «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС электр станциясы болды. Белгіленген қуаты 4000 МВт және қолда бар қуаты 3500 МВт ЕМАЭС-1 Қазақстан энергетикасының флагманы болып табылады. ЕМАЭС-1-дің электр энергиясын өндіру көлемі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 23 млрд кВтсағ құрады, бұл станция тарихындағы рекордтық көрсеткіш болып табылады. Ағымдағы жылдың 6 айында станция 11,2 млрд кВтсағ өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3%-ға артық.
Қор басшысы № 1 энергия блогының блоктық басқару қалқанын қарап, оны қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Осы жылдың соңында №1 энергия блогы пайдалануға берілгеннен кейін станцияның белгіленген қуаты 4000 МВт құрайды. Жобаның мақсаты - станцияның қолда бар қуатын жобалық қуатқа дейін ұлғайту, сұранысты қанағаттандыру және Қазақстан Республикасында электр энергиясының тапшылығын төмендету. Энергия блогын қалпына келтіру кезеңінде 500-700 адамға арналған жаңа жұмыс орындары құрылды, пайдалану кезеңінде 54 адам тартылатын болады. Сондай-ақ заманауи электр сүзгілерін орнату есебінен экологиялық нормативтердің орындалуы қамтамасыз етіледі. «№1 энергия блогын қалпына келтіру» жобасын белгіленген мерзімде аяқтау жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта станцияда №3 энергия блогына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Көмір жеткізуге ұзақ мерзімді шарттар жасалды. Жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде, олардың тәртібі «КЕGОС» АҚ жүйелік операторының ұлттық диспетчерлік орталығымен келісілді. 2023-2024 жж. КҚК-ге қарай қоймаларға жоспар бойынша көмір жинақталып жатыр.
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасының жұмыс сапары «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ-ға барумен аяқталды.
Оның белгіленген электр қуаты 1000 МВт құрайды. Станция жыл сайын шамамен 6,0 млрд кВтсағ электр энергиясын өндіреді, сондай-ақ жақын маңдағы Солнечный кентін жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Осы жылдың 6 айында станция 3,0 млрд кВтсағ электр энергиясын өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5% - ға артық.
Станциядағы 2023 ж. жөндеу науқаны белгіленген мерзімде өткізіледі, № 2 энергия блогы 2 мамырдан 26 шілдеге дейінгі мерзімді қоса алғанда күрделі жөндеуде, ол аяқталғаннан кейін №1 энергия блогын ағымдағы жөндеуге шығару жоспарлануда. Станция қоймаларында қажетті отын қорлары (көмір, мазут) жинақталған, жеткізу уақтылы жүзеге асырылады.
МАЭС-2-ге бару барысында «Самұрық-Қазына» қорының басшысы станцияда №3 және №4 энергия блоктарын салу жобаларын іске асыру бойынша жұмыстармен танысты. №3 энергоблоктың қуаты 636 МВт құрайды деп болжануда, жоспарланып отырған өндіру - жылына 4,8 млрд.кВтсағ. Энергия блогын пайдалануға беру ҚР-дағы электр энергиясының тапшылығын ең төменгі деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік береді.