«Қазір әлемдік медиада пост-шындық кезеңі, жасанды интеллект дәуірі басталғаны бәрімізге белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз ақпарат саласының жаңа дәуір талаптарына сай, жаңа сапаға өтуі керегін атап өткен. ТМД елдері арасында бірінші рет қабылданған «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң осы қажеттілікті реттеп, олқылықтың орнын толтырады», деді министр.
Сонымен қатар Дархан Қыдырәлі Қазақстандағы креативті индустрияны дамыту үшін бірқатар нақты жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
«Қыркүйек айында біз Astana Media Week, New Media форумы және «Үркер» телевизиялық сыйлығын біріктіріп өткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл «Үркер» сыйлығында «Үздік YouTube арнасы» және «Үздік подкаст» сынды екі жаңа аталым қосып отырмыз. Бұл саланың дамуына серпін беріп, түркі әлемін жақындастыра түседі деп санаймыз», деді министр.
Айта кетейік, алдағы Astana Media Week, New Media форумдары, сондай-ақ «Үркер-2023» баспа, радио, интернет журналистика саласындағы ұлттық сыйлығы күзде Астана қаласында өтеді.