Биыл шілде айынан бастап Министрліктер үйінің 16-кіреберісінде өз жұмысын бастаған орталық мемлекеттік органдардың халықпен жұмыс жүргізу жөніндегі бірыңғай фронт-желісі форматында құрылды. Бұл орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылының жаңа ортасын құру. Ал оның жұмысының негізгі қағидаттары – клиентке бағдарлану, өтініш берушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және жалпы осы салаға жаңа стандарттарды енгізу.
Жалпақ тілмен айтқанда, орталық базасында келушілер өздеріне ыңғайлы жағдайда кез келген мемлекеттік органға өтінішін бере алады, сондай-ақ ХҚО-ға ұқсас түрлі ведомстволар өкілдерінен, медиаторлар және заң мамандарынан кеңес ала алады. Сонымен қатар мұнда азаматтар мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жеке қабылдауына жазылу мүмкіндігіне ие болады. Орталық алаңында апта сайын 18 министрліктің өкілдері азаматтарды жеке қабылдайды, кесте Үкімет сайтында алдын ала жарияланады. Бұл ретте өңірлердің тұрғындарына елордаға арнайы келудің қажеті жоқ, өйткені оларды онлайн-форматта да қабылдау жүргізіледі.
Орталықтың құрылуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі ауқымды жұмыстың жалғасы екенін айта кеткен жөн. Бұған дейін бұл үдеріс шеңберінде өтініш берушілер құқықтарының басымдығын қамтамасыз ететін және өтініштерді қарау кезінде мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтуді көздейтін Әкімшілік рәсімдік-үдерістік кодексі қолданысқа енгізілген еді. Одан кейін өңірлерде өтініштердің қаралуын бақылау бойынша бөлімдер жұмыс істей бастады, әкімшілік соттар жүйесі құрылып, eOtinish бірыңғай ақпараттық жүйесі және басқа да жобалар іске қосылды.
Жаңадан ашылып отырған орталықтың базасында цифрлық ХҚО жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Бұл арқылы онлайн режімде 1 220 мемлекеттік қызмет түрін алуға болады.
Орталықта Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында, қылмыстық іс жүргізу немесе азаматтық іс жүргізу заңнамасында қарау тәртібі белгіленген өтініштер қабылданбайтынын атап өткен жөн. Бұл мәселелер бойынша азаматтар тиісті құқық қорғау немесе сот органдарының фронт-офистеріне жүгінуі керек.
Тұтастай алғанда, кешенді тәсіл жаңа орталықты мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың, жұртшылықтың ең өзекті мәселелер төңірегіндегі диалог алаңына айналдырады деп сенеміз.