Теміртау қалалық полиция басқармасына қарасты Шығыс полиция бөліміне мұнай өнімдерін көтерме жеткізумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшылығы арызданды.
Белгілі болғандай, аталған серіктестік жанар-жағармай сату станциясымен мұнай өнімдерін сатып алу келісім-шартына қол қойған.
Бухгалтерлік есеп-қисап жүргізу барысында 11 миллион 893 мың теңге ақша жетіспеушілігі анықталған. Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 23 пен 40 жас аралығындағы екі ауыл тұрғыны ұсталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.