«Шомылу маусымы басталғалы бері энтеровирусты инфекциямен сырқаттанушылық өсті. Былтырғы статистикамен салыстырғанда аурушаңдық 19%-ға артып, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш 2022 жылғы 43,1-ге қарсы 53,2 болды. Бұл инфекцияға 4 жасқа дейінгі балалар көбірек бейім болатынын да ескеру қажет», деді Сархат Бейсенова.
Елорданың бас санитар дәрігері энтеровирустың жылы судың бетінде көбейетінін қоса айтты.
«Жаз мезгілінде тек рұқсат етілген орындар мен бассейндерде суға шомылуға болатынын, басқа ешбір жағдайда субұрқақтарға түсуге болмайтынын үнемі қайталап айтамыз. Бірқатар вирустық инфекциялар, әсіресе энтеровирустар ашық су айдындары мен субұрқақтарда тез көбейеді. Белгіленбеген жерлерде шомылу кезінде бұл вирусты жұқтыру қаупі өте жоғары. Сонымен қатар басқа да вирустық инфекциялар, атит А сияқты инфекцияларды жұқтыру қаупі бар», деп түйіндеді спикер.