Әскер • 25 Шілде, 2023

Өнерлі сарбаз

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өнер – ұлттың жаны. Оны түсінуге тілдің де керегі жоқ. Бүгінде домбыраға қызы­ғып, күй тартуға талапты жастардың саны артып келеді. Солардың бірі – Құр­лық әскерлері «Астана» өңірлік қол­бас­шылығы әскерлерінің 06708 әскери бө­лімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген мерзімдік қызмет әскери қыз­метшісі, қатардағы жауынгер Ислам Мұса.

Өнерлі сарбаз

Суреттің авторы Думан Құрманғалиев

Домбыраның құлағында ойнайтын қатар­да­ғы жа­уын­гер әскер қатарына биыл көктемде шақы­рылып, жақында ғана 06708 әскери бөлімінің жас сарбаздарымен бірге Әскери ант қабылдады. Қарапайым отбасында дүниеге келген ол  бала жасынан өнерге құштар. 3-сыныпта оқып жүргенде Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатында дәріс алып, күй өнеріне ден қояды. Бүгінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жауынгер есімі елге танымал күйшілердің туындыларын шеберлікпен орын­дайды.

Павлодар облысынан талай өнер майтал­ман­дарының шыққанын жақсы білеміз. Мәселен, әрі ақын, әрі композитор Жаяу Мұса, әншілік, әртістік, домбыра тарту өнерлерін қатар алып жүрген Иса Байзақов осы өңірдің тумалары. Әншілік өнерімен Майра Уәлиқызы мен Меруерт Түсіпбаева халыққа танылса, бүгінгі күнде көпшілік қауым Павлодар облысының тумасы Иманбек Зайкеновтің Rosses SAINt IHN композициясымен әлемдік «Грэмми» (Gremmi) жүлдесін жеңіп алғанын жақсы біледі. Осы тұрғыда өнерпаз сарбаз Исламның да арманы көп екен. Ол Отан алдындағы борышын өтеген соң, Астана қаласындағы Ұлттық өнер уни­вер­ситетіне оқуға түсуді жоспарлап жүр. «Әс­ке­ри қызметте де домбыраны тастамай, өзіммен бірге алып жүрмін. Бұл – киелі аспап. Өнер тау­сылмас қазы­на деп білемін», дейді қатардағы жауынгер.

Өнерді өмірінің мәніне айналдырған Ислам Мұсаның әлі талай биіктерді бағын­ды­ратыны сөзсіз. Өнерпаз сарбаздың жолы әрқашан ашық болғай