Медицина • 25 Шілде, 2023

Бір донор төрт адамды құтқарып қалды

231 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздегі ең алғашқы ағза ауыстыру операциялары 2012 жылы қолға алынып, бүгінге дейін 2 мыңнан аса отандасымыздың ағзасы ауыстырылған. Демек Қазақстанда да трансплантология жасауға машықтанған мамандар да, заманауи технологиялар бар. Алайда донорлық органдар тапшылығын әлі де жоққа шығаруға болмайды.

Бір донор төрт адамды құтқарып қалды

Ал енді өзгенің ағзасына күні түсіп жатқан науқастардың арасында ең көп сұранысқа ие бүйрек пен бауыр екені баршамызға белгілі. Одан кейінгі орында жүрек трансплантациясы. Дәл қазір 147 дертті адам донорлық жүрек кезегінде тұр, оның ішінде 140-ы – ересек азамат, жетеуі – бала. Өз кезегінде Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында алғашқы жүрек трансплантациясын сәтімен жүзеге асырды. Аталмыш институт үшін бұл тарихи оқиға, үлкен белес десек те болады.

Сонымен Ұлттық ғылыми кар­дио­хирургиялық орталығымен бір­лесіп атқарылған, ұзақтығы 6 сағат­қа созылған күрделі операция еліміз­дің көрнекті кардиохирургі Юрий Пяның тікелей басшылығымен жасалды. Осынау елеулі оқиғаға орай өткен баспасөз мәслихатында Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов: «Алматыдағы жүректі алғаш­қы алмастыру операциясы Ұлт­тық ғылыми кардиохирургиялық орталық мамандарының қолдауы мен Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ командасының үйлесімді жұмысының арқасында жүзеге асты», деді.

Марат Орынбасарұлы ағзалар донорлығы бойынша құқықтық және заңнамалық базаның құрылуы, кадрлық, зияткерлік, ғылыми және ресурстық әлеуеттің болуы, жақсы материалдық-техникалық базаны жасақтау еліміздің медициналық орталықтарында ағза ауыстыру операцияларын жасауға мүмкіндік беріп отырын алға тартты.

Біз бұған дейін де нақты себептерге байланысты елімізде донор тапшылығы бар екенін баяндаған болсақ, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов елімізде 4 мыңға жуық науқас өзге­нің ағзасына мұқтаж екенін, жүректі трансплантациялау сияқты опера­ция­лар талай адамның өмірін сақтауға көмектесетінін атап өтті.

«Біздің пациентке Алматының 53 жастағы тұрғыны донор болды, оның екінші рет ишемиялық инсультқа шалдыққаннан кейін миы семіп қалды. 13 шілде күні бұл науқастың туыстарының келісімімен 13 жасынан бастап жұқпалы дерттен зақымдану салдарынан барлық жүрек қақпақшаларын ауыстыру операциясын өткерген күрделі жүрек ауруынан (қақпаншалық кардиомиопатия) зардап шегіп жүрген 23 жастағы жас жігіттің өмірі ұзарды. Жүрек дерті­нің дендей түсуі басқадай опера­ция жасаудың да және жүрек трансплантациясынсыз ұзақ өмір сүрудің де мүмкін еместігін көрсетті. Соңғы сатыдағы жүрек жеткіліксіздігінің ең тиімді ем-домы – жүрек трансплантациясы. Енді сырқат жүректі сау жүрекке ауыстырғаннан кейін пациенттің сапалы және ұзақ өмір сүруіне мүмкіндігі бар», дейді кардио­хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.

Егер адамға адам аманат дейтін болсақ, адамгершілік, мейірім­ділік пен жанашырлық сияқты жақындарының адами қасиеттерінің арқасында төрт бірдей жанға трансплантация жасалды. 53 жастағы әйелдің екі бүйрегі мен бауыры басқа науқастарға салынған. Мар­құмның туыстарының осындай әре­кеті өлшеусіз алғысқа лайықты. Олар­дың сауапты шешімі дұрыс болды және жап-жас жігітке екінші өмір сыйлауға мүмкіндік берді. Жүрек басқа адамда соғуын жалғастырады.

Күн өткен сайын пациенттің жағдайы жақсарып, денсаулығы оңалып келеді. «Қазір, әрине, мен өзімнің жағдайымның қалай болатынын толық айта алмаймын, өйткені әлі де оңалтудан өтуім керек. Бірақ өзімді жақсы сезінемін. Жүрек ауыс­тыру операциясына қуана келістім. Маған өмір сүруге мүмкіндік берген барлық дәрігерге, кардиохирургке алғысым шексіз! Бәрі жақсы болатынына сенемін», дейді 23 жастағы пациент.

Жоғарыда атап өткендей, Алма­тыда алғаш рет жүргізілген жүрек трансплантациясы операция­сының сәтті өтетініне ешкім күмән­данбады, өйткені үлкен команданы әйгілі кардиохирург Юрий Пя басқарды.

Орайы келіп тұрғанда, транс­плантацияның тарихы терең екеніне тоқ­тала кетуге болады. Тері қаба­тының орнын ауыстырып салу әрекеті біздің дәуірімізден 1500 жылдай бұрын жасалған. Клиникалық тәжірибеде бұлшық етті, сіңірді, қан тамырларын, жүйке талшықтарын, сүйек кемігін алмастырып салу жиі қолданылады. Қан құю да – трансплантацияның ерекше бір санатында. Қазіргі кезде ең жиі алмас­тырылатын орган бүйрек болып тұр.

Әлемдік тәжірибеде 1902 жылы аустриялық ғалым Е.Ульманн иттің бүйрегін ешкіге алмастырып салған. Ал 1904 жылы АҚШ-тың Чикаго университетінің клиникасында адам бүйрегін алмастыру операциясын жүзеге асырған, ұлты француз Алексис Каррель – осы саладағы тұңғыш Нобель сыйлығының лау­реаты. Адам өмірін аз да болса ұзартатын «жасанды бүйрек» аппаратын 1953 жылы ғалымдар Биллингэм, Брент және Медава ойлап тапты. Оташы Муррей 1954 жылдың 23 желтоқсанында бүйрек алмастыруды ойдағыдай аяқтап, оның пациенті операциядан кейін 8 жыл өмір сүрген. Қазір бүйрегін алмастырғаннан кейін одан да ұзақ өмір сүріп жүргендер көп.

Ал Қазақстанда органды трансплантациялау (бауырды алмастыру) операциясын тұңғыш рет 1997 жылы А.Н.Сызғанов атындағы хирур­гия­лық ғылыми-зерттеу институ­тында академик Мұхтар Әлиев жасағанын ұмытпаған жөн.