Қоғам • 26 Шілде, 2023

«Арлы адам – ең күшті адам»

254 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Таяуда киелі Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанды адал адамдар құрады» деді. Бұл ұлттық саясаттың жаңа бағытының арқауы мен негізгі тірегін көрсетеді.

«Арлы адам – ең күшті адам»

Адал адамдар жайында жіліктеп айтсақ та, осыған бай­ла­нысты тұжырымды идея­ға жүгінсек те ол – нағыз адам­дар­дың елдік тірлігі мен ерлігі­не тікелей тәуелді. Елім деп емі­реніп, жұртым деп жұмыла­тын жақсылардың асыл қасиет­терін арқа тұту және оны шы­найы бағалау. Француз ойшыл­дарының «Менің Отаным бар, ол – француз тілі» деген ұлы сөзінің мағынасы қандай ғажап және ешнәрсе тең келмейтін қастерлі болса, біздің байтақ елде «Қазақ» деген сөз барша қазақстандықты барлық уақытта біріктіретін және мына байтақ дала – туған жердің тылсым сырын, қымбат құндылықтарын ұқтыратын ұранға айналады деп сенеміз. Солай болуына барлық фактор септесіп отыр және ол – ашық қоғамда баянды өмір сүру қажеттілігі. Бұған біздің қоғамның саяси өресі мен ынтымақтастық тәжірибесі де, ақылды адамдарының жігері де толық жетеді деген сенім бар.

Тегінде, халықтың еркін­дігінен артық ешнәрсе жоқ. Ал оның қадіріне жету – ортақ міндет және ортақ игілік. Пре­зи­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік әділеттілік пен заң үстемдігін жүйелі жүзеге асыру барысындағы нақты істері мен саяси, экономикалық және рухани-мәдени бастамалары жұрт күткен бетбұрысты күшке ие болатыны шүбәсіз, бұл ұстанымға деген зор үміт адалын айтсақ, бірте-бірте тиянақтала түсті, сенім де артты. Бұл ыңғайда жұрт бір-бірін байытып, бір-біріне қолдау білдіріп отырғанын ашық айтуға тиіспіз..

Хакім Абай: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады» деп, айтқан жоқ па? Дәл осы сөзді бүгін де қайталап айтқан орынды. Бір жарым жыл­дан бері еліміздегі саяси өзге­рістер мен қоғам ішіндегі серпі­лісті жаңалықтарды уақыт тезі­не салып қарасаңыз, оның негі­зі кең ауқымды, әлемдік мән-ма­ғы­насы үлкен, өте ірі қадамдар мен же­тістіктер саналатыны даусыз.

Сонымен бірге ойласуға болатын жайттар бар. Мәселен, ұлттық идеологияның жер­гілікті жерде, өңірлерде бұ­қара­лық деңгейде қамтып жүр­гізілуіне қатты мән беріп, халықпен ашық сөйлесе алатын қоғамдық тұлғалар мен кадрлар даярлаудың қажеттігі ерекше сезіледі. Жасырмай айтайық, кейбір өңірде ойы мен сөзіне көз тоқтатып қарайтын тұлғалы кісілер жоқтың қасы санаулы ғана. Мемлекетшіл адамдарды ынталандыру мен олардың жолын ашу саяси науқандарда ғана еске түседі, ылғи да белгілі бір қарт кісілерді залдың алдың­ғы қатарына отырғызып қоюмен жиын мағыналы бола бермейді. Біздің жаңа қоғам барлық аудиторияда ашық және іскерлік диалогті орнату арқылы демократиялық құн­дылықтарды құрметтейтін іс-әрекеттеріміз қала мен ауылда бірдей жандана түсуі қажет. Иә, ойымызды ұштай түсетін болсақ, ана шалғайдағы немесе қиян түкпірдегі ауылдарға неге министрлер ат ізін салмайды? Міндетті түрде Ауыл шаруашылығы министрі емес, ел жағдайы мен көңілін сезінуі үшін. Мәселен, Мәдениет және спорт министрі де қиян түкпірдегі Ырғыз бен Арал, Тарбағатай мен Сарысу жаққа жол жүріп барып, жұртшылықпен қоян-қолтық араласып жатса, қоғам өрісін кеңейтер еді. Ана бір жылдары бір жас министр шағын қалаға барған жол үстінде қарт Қаратаудың қыраттары мен қапшағай тастарын, жалаңаш тау табиғатын көріп: «Мұнда неге қарағай шықпайды?» деп масқараға ұшырағанындай болмас үшін де жаман болмас еді ғой. Басқа да министрлер орайын келтіріп, іссапарында облыс орталығынан немесе сол маңнан қайтпай, алыс аудандарды да аралап көргені өздерін де, мемлекеттік бағдарламалардың да танымалдығы пен тиімділігін баршаға жеткізетіні анық.

Заман өзгерді, адамдар да өзгеруі керек. Бірақ ол тез бола қоятындай емес. Ең керегі –әділеттіліктің барлық жерде көрініс табуы, түрлі көзқарас мен ұмтылыс-құлшыныстардың мемлекет үшін мейлінше орнық­тылығы. Әділетті Қазақстан рухында жалпыға ортақ тірліктер адамгершілік мораль мен адалын айтып, берекелі іс атқару, билікте жүргендердің сыбайлас жемқорлық атаулыдан мүл­дем қол үзуі секілді ең күйіп тұр­ған сауалдарға жауап бере­тін деңгейде қалыптасатын болса, бәрі де түзеледі, ойға алған­дары­мыз орындалады деп сенеміз. Әсіресе ел ішінде жиі айтылатын, маза бермейтін мемлекеттік сатып алу мәселесіне аса қатал, аса қаhарлы ұстаным мен ереже қажет. Және қандай нысан болсын, бюджеттен бөлінетін қаржыға салынғандықтан, оның оның басталуы мен аяқталуында жариялылық болуы да ерекше маңызды. Ал қазына қаржысын жымқырған, яғни жазықтылар мен қылмыскерлерге «сендейлерге түрменің есігі ашық» деген қатқыл ескертпеде аяушылық болмауын жұрт жақтайды, әрине.

Адамдардың мінез-құлық моделі жаңғырудың аясында атқарылатын мемлекетшіл, отаншыл, ізгілікті істер мен түрлі ұлағатты ұстанымдар аз болмас. Дей тұрғанмен, саяси мәде­ниетті қалыптастыру мен ұлтқа қызмет етудің өміршең үлгісін кеңінен насихаттау, оларды ұлт­тық және тарихи санаға сіңіру­де нені үлгі етеміз, қандай ұлт­тық және қоғамға ортақ қасиет­тері­мізді жаңғыртамыз, бәрі де со­ған байланысты. Бізде, неге еке­нін қайдам, заман үр­дісіне сай өзгеріс әлі де жет­кі­­лікті байқал­майды. Қай істе бол­масын бей­қам­дық басым ба дерсің. Осы жайт­ты ойласу үшін айта отырып, Әділетті Қазақстан құруда бұл бей­қамдықтың пердесі ашы­лып, сергек сана тезірек ой өрісіне шығады деп сеніммен қараймыз.

Адал адамдар туралы сөз болғанда «Арлы адам – ең күшті адам» деген қағидамен өмір сүру жауапкершілігі – біздіңше, ең қымбат құндылық. Ол саяси мәдениеттің де, қоғамдық ой-сананың да негізгі қозғаушы күші болуға тиіс.

Әділетті Қазақстанды құ­ратын адамдардың жаңа болмысын, өмір­шең тағдыры мен жарқын келе­шегін, тағы да айтқанда, біз мына жаңа заман үрдісінен ұтыл­май, енжарлық салдарынан тиесілі өз олжамыздан кеш қал­май, ұлттық идеологияның жүйелі жүзеге асуына бір кісідей ортақ ақылмен мүдделілік танытуымыз тарихи жауапкершіліктің тура өзі! Мемлекеттік саясаттың нағыз өзегі деп білеміз. Мұны шынайы жүрекпен сезінбей, тарихи және бүгінгі қоғамдық ой-сананы түбегейлі жаңғыртпай, өркениетті ел мен жаңа қоғам дамуына серпіліс жасай алмаймыз, қадірлі ағайын!

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

қоғам қайраткері