Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың базалық мөлшерлемені төмендетуге кірісуі мүмкін екенін де мамыр айында білдік. Базалық мөлшерлеме осымен сегізінші рет өзгеріссіз қалды. Сарапшылар бұл жолғы көрсеткіш төмендетуге апаратын жол екенін айтып жатыр. «Біз өзіміздің деректерге, болжамдарға негізделген шешім қабылдаған сайын және өте маңызды фактор – нақты инфляция деректерінің біздің болжамдарымызға сәйкестігіне назар аударамыз. Қазір инфляцияның тұрақты бөлігін, яғни базалық инфляция деп аталатын бөлігін өте мұқият қадағалап жатырмыз. Базалық инфляцияның жанар-жағар май, коммуналдық төлемдерге әсері аз болса, базалық мөлшерлемені төмендетеміз» деп атап өтті Ғ.Пірматов.
Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Тоқтасын Бақберген апта басында журналистермен кездескен кезде тұрақты қолжетімділік операциялары бойынша мөлшерлеме 16,75 пайыз деңгейінде екенін атап өтті. Демек жылдық инфляция біздің консенсус болжамымыздың шеңберінен шығып кеткен жоқ. Бірақ алдағы болжамдар инфляция деңгейінің болжамға бағынбайтынын айтып әлек. Бағамен ішкі нарыққа сыртқы һәм ішкі қысымдар әсер етіп, қос өкпеден қысып жатыр дейді. Ұлттық банктің сегіз ай бойы 16,75 пайыздың жалына жармасып отыруының бірегей себебі осы болса керек.
Дегенмен болжаммен бәрі оңай әрі қарапайым секілді көрінеді. Бірақ қосымша фактор есептеуге кедергі келтіруі мүмкін екенін білу үшін экономист болудың қажеті жоқ. Қызмет көрсету саласындағы баға қазірдің өзінде тұрақты емес екені Ұлттық бюро мәліметтерінде келтірілген. Жылдың басы жалға берілетін тұрғын үй, қоқыс шығару, орталықтан жылыту, амбулаторлық қызмет көрсету, теміржол көлігінің бағасы көтерілумен басталды. Ақылы қызметтердің құны жылдық 14,2 пайызға, (2022 жылғы желтоқсанда – 14,1 пайыз еді) өсті.
«Ұлттық банк таратқан хабарламада инфляцияның қарқыны базалық мөлшерлеменің біртіндеп төмендеуіне жол ашатынын атап өтті. Мұны Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуге берген белгісі деп қабылдауға болады. Пайыздық мөлшерлемені оңтайлы басқару теориясына сәйкес орталық банк экономикалық циклдің басында оны күрт көтеру, содан кейін цикл жалғасуына қарай мөлшерлемені жүйелі түрде төмендету арқылы экономикалық белсенділіктің оңтайлы деңгейіне және баға тұрақтылығына қол жеткізе алады деп болжанады. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім қабылдаса, бұл жүйелі түрде 50 базистік тармақ шегінде болуы керек», деп болжайды сарапшы.
Айлық инфляцияның біртіндеп баяулауы, бірақ ол өзінің орташа жылдық мәнінен жоғары күйін сақтап қалуы, логистикалық тізбектердің құрылымдық өзгеруі экономикаға теріс ықпалын тигізіп келеді.
Дегенмен Ұлттық банк биылғы базалық мөлшерлеменің пайыздық көрсеткішін айқындап бергенін айтуымыз керек. Соның өзі ішкі нарыққа бағыт-бағдарын алдын ала үйлестіріп отыруға мүмкіндік беруге тиіс.
Қаржы талдаушысы сарапшы Диас Құмарбеков базалық мөлшерлеменің төмендеуі немесе монетарлық жұмсарту тек экономикалық белсенділікке әсер етіп қана қоймай, инфляцияға ықпал етуі мүмкін екенін, әсіресе экономика сыртқы белгісіздік жағдайында жұмыс істейтінін айтыпты.
Мұндай шешім жаһандық нарықтарға тұрақсыздандыру тұрғысынан әсер етеді және инфляцияға жоғары қысым көрсетуі ықтимал. Бұл Ұлттық банкті консервативті ұстанымға мәжбүр етуі мүмкін деп болжайды.
Оның пікірінше, әлемдік нарықтағы соңғы оқиғалар, мұнай бағасының төмендеуі және Қытай экономикасының бәсеңдеуі инфляцияның ырыққа бағынбай кетуіне, валюта бағамының құбылмалылығына әкеліп соғуы мүмкін, бұл базалық мөлшерлемені төмендету сценарийіне апаратын жолды мүлдем жауып тастайды, әрі қиындатады.
Бұл ретте Құмарбеков инфляцияның ағымдағы деңгейі – 2023 жылғы шілде айындағы 14,6 пайыз деңгейінде – «базалық мөлшерлемені төмендетуге белгілі бір мүмкіндік» береді деп санайды.
Сондай-ақ сарапшы геосаяси тұрақсыздық пен басқа да экономикалық тәуекелдерге қатысты мәселелер шешілмейінше немесе жақсарудың айқын белгілері байқалмайынша, Ұлттық банк мөлшерлеменің төмендеуін күтуге тура келетінін атап өтті.
Келесі сарапшы Ерлан Ибрагим біз бағаның өсуіне төтеп бере алмайтынымызды, сондықтан мұндай мөлшерлемені біраз уақыт ұстағанымыз дұрыс екенін, базалық мөлшерлемені кезең-кезеңімен азайту керектігін, оның төмендеуі ең бірінші кезекте сол банктердің өзі үшін пайдалы екенін айтады. Сарапшы осы пікірі арқылы ЕДБ үшін базалық мөлшерлеменің жоғары болуы тиімді деген қоғамды әбден жауыр қып кеткен пікірді жоққа шығарды. Базалық мөлшерлеме арзандап, соған сай несие пайызы да төмендеп, халықтың мейлінше көбірек несие рәсімдегені ЕДБ үшін тиімді. Ұлттық банкте банк эмиссияларын басқарудан өзге тетік жоқ. «Ұлттық банк логистикалық тізбектің тетігін меңгеріп, соны нарықпен үйлестіріп отырса – соның өзі жетістік», дейді Е.Ибрагим.
Сарапшының айтуынша, теңгенің тағдыры базалық мөлшерлеменің деңгейіне байланып тұрған жоқ. Дәл қазіргі жағдайда, мәселен тамыз айында оны бірер тармаққа түсірсек, теңгемізді аса қиын жағдаймен бетпе-бет қалдыруы да мүмкін. Сарапшы атап өткендей, Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша соңғы хабарламасында монетарлық шарттарды қатайту циклінің аяқталуы туралы нақты форвардтық нұсқаулықты бергенін, сондықтан 16,75% жоғары ықтималдықпен базалық мөлшерлеменің шыңы болып табылатынын атап өтті. Қазір біз үшін маңыздысы, бағаның төмендеуі, инфляциялық болжамды бақылауға алу, сондай-ақ ұлттық валютаның инвестициялық тартымдылығын сақтау.
Сарапшы айтып өткендей, ол басқа орталық банктердің келесі жылға арналған стратегиясы нақтыланып, ақша-несие саясатын қатаңдату циклі аяқталған кезде, төртінші тоқсанға таяу төмендеуі мүмкін. Инфляцияның нақты деңгейін біз төртінші тоқсанға қарай көретін боламыз.
Е.Ибрагим осы ретте нарықтың дамуы, теңгеміздің жағдайы, экономиканың дамуы базалық мөлшерлемеге тәуелді деген «мифологиялық» аңыздар көбейіп екі бағытта жүріп жатқанын айтып берді. Тіпті мұндай қисынсыз болжамдар кейде атынан ат үркетін азулы сарапшылардың да аузынан шығып қалады екен. Қысқасы, елдегі монетарлық шарттарды жеңілдету идеясын жақтаушылар өз болжамдарын қорғау үшін макроэкономикалық қатынастар туралы қате және жаңылыстыратын дәлелдерді қолданады. Дамыған елдер базалық мөлшерлеме деңгейін іскерлік белсенділікті арттыру үшін төмендетсе, біздің елде оның мүмкіндігін инфляция деңгейін ұстап тұруға ғана бағыттап келді.
Сарапшы айтып өткендей, инфляция – белгілі бір кезеңде (апта, ай, жыл) елдегі жалпы баға деңгейінің өсуі. Егер тауарлар мен қызметтерге жиынтық сұраныс жиынтық ұсыныстан асатын болса, баға өсіп, нарықта тауарлар мен қызметтердің «дефициті» қалыптасады. Экономикалық теория сұраныстың өсуіне жауап ретінде инфляцияны төмендету үшін ұсыныстың кеңеюі керектігін құптайды. «Бизнестің жанына несие мен ақша күш береді. Біз базалық мөлшерлеменің деңгейі туралы айтпастан бұрын, бизнестің қарыздық жүктемесін бағалауға мән беруіміз керек. Мөлшерлеме көтерілсе, қабылданған міндеттемелерге қызмет көрсету қымбаттайды, сондықтан мөлшерлемені төмендету керек. Азайту немесе ұлғайту қабылданған міндеттемелерге әсер етпейді», дейді Е.Ибрагим.
Базалық мөлшерлемені төмендету бизнес үшін жаңа несие алуға мүмкіндік береді деген пікірге басымдық беретіндер көбейіп барады. Базалық мөлшерлеменің ең басты міндеті – қымбатшылықпен күресу, баға өсімін баяулату. Төмен базалық мөлшерлеме экономиканы өсіреді. Бірақ инфляцияға ие бола алмай қалса, халықтың табысы жемірдің жемсауына жұтылып кетеді. Экономика өскенмен, теңгеміздің құнсызданып кету қаупінен құтыла алмаймыз. Бұл үдеріс бізді де айналмай өтпейді. Ал тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы инфляцияны тудырады.
Базалық мөлшерлеменің төмендеуі ірі және орта бизнеске емес, жеке тұлғаларға несие беруді көбейткенін көріп жүрміз. Мысалы, 2020 жылдың тамызынан 2021 жылдың мамырына дейінгі кезеңде базалық мөлшерлеме 9,0 пайыз болды, бұл – ел экономикасы үшін төменгі көрсеткіш. Осы кезеңде экономикаға немесе заңды тұлғаларға емес, жеке тұлғаларға көбірек несие берілген. Себебі жеке тұлғаларға арналған тарифтер заңды тұлғалармен салыстыра қарағанда орта есеппен жоғары. «ЕДБ экономиканы несиелендірмейді деген өкпе жиі айтылады. Бұл – нарық заңына қайшы. Біз әміршіл-әкімшіл жоспарлы экономикада емес, нарықта екенімізді ұмытпайық», дейді Е.Ибрагим.
Осы ретте сарапшы «базалық мөлшерлеме инфляцияға әсер етпейді, өйткені Қазақстандағы инфляция импорттық, сондықтан базалық мөлшерлемені төмендетсек жағдай дұрысталады» деген пайыммен де келіспейтінін айтты. «Елімізде тұтынылатын тауарлардың басым бөлігі импортталатын болса, базалық мөлшерлемені төмендету арқылы біз импорттық тауарларға деген сұранысты ынталандырамыз. Нәтижесінде, тауарлар мен қызметтердің импорты өсе бастайды да импорттық инфляцияның ауқымы ұлғаяды. «Жоспарлы экономика жағдайында тұтынушыларда таңдау болмады, қолда барға шүкіршілік етуден өзге жол ұсынылған. Ал нарықтық экономика тұтынушының таңдауына басымдық береді, сұраныс отандық өндіріске ілеспеуі мүмкін. Мысалы, қарапайым ғана кір жуғыш машинаның үлгісі жеңілдетілген және жетілдірілгені анық, бірақ негізгі идея өзгеріссіз қалады. Көлік те солай. Тұтынушы отандық өндіруші сапаны жақсартқанша деп талғамын өзгерте алмайды. Іс тетігін отандық өндірісті дамытуға деген ықыласымыз емес, бәсеке шешеді. Ал базалық мөлшерлемені төмендету отандық өндірістің мұндай мәселелерін шешуге көмектеспейді», деп сөзін түйіндеді сарапшы.