Аймақтар • 27 Шілде, 2023

Челябі–Новосібір жолының жөндеу жұмысы қайта жанданды

172 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавл қаласынан Қорған шекарасына дейінгі Челябі–Новосібір республикалық маңызы бар жол учаскесінің жөндеу жұмысы қайта жанданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Челябі–Новосібір жолының жөндеу жұмысы қайта жанданды

Аталмыш жол учаскесінің жөндеу жұмысы 2017 жылы басталған еді. Алайда жұмысына салғырттық танытқан мердігерлер мен ұзаққа созылған сот процесі салдарынан тоқтап қалған. Биыл бұл жұмыстар жалғасын тапты.

Мердігерлік қызметті «ҚазСтройТехник» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Мамлюттан «Жаңа жол» бекетіне дейін қайта жаңартылатын учаскенің жалпы ұзындығы – 56 шақырымды құрайды, оған республикалық бюджеттен шамамен 10 млрд теңге бөлініп, оның 3,5 млрд теңгесін биыл игеру жоспарланған.

Айта кетсек, Республи­калық сайлауалды штабтың 1 наурызда СҚО-ға сапары барысында партия Төрағасы Ерлан Қошановтың берген тапсырмасына сәйкес, аталған облыстағы жолдарды жөндеу, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарды қайта жаңарту бойынша мониторингті «AMANAT» партиясының мүшелері жүргізеді. Аймақта партиялық бақылау комиссиялары жанынан 15 мониторингтік топ жұмыс істейді.

«Бүгінде 14 шақырым жолға жабынның төменгі қабатын төсеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Тағы 16 шақырым жолға төселу керек. Қазіргі уақытта негізгі жолдың төсемі және айналма жолды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмысы екі жылға жоспарланған. Ұйымдастыру­шы – «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ. Барлық жұмыстар келесі жылы аяқталуы тиіс. Біз жұмыстың уақытылы жүргізілуін қада­ғалаймыз», деді «AMANAT» партиясы Мамлют аудандық филиалының төрағасы Алтын Сағитова.

Аманаттықтар Челябі–Новосібір жол учаскесін ғана емес, облыстағы басқа да бірнеше жолдардың жөндеу жұмыстарын бақылайды.