Қазақстан • 28 Шілде, 2023

БҰҰ Бас Ассамблеясы діни рәміздерді қорлауды айыптайтын қарарды қабылдады

288 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының діни рәміздерді қорлауды айыптайтын қарарының теңавторларына қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

БҰҰ Бас Ассамблеясы діни рәміздерді қорлауды айыптайтын қарарды қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетінде болған Құранды өртеу актілерін қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет деп санайды.

Қазақстан – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізуге бастамашы болған мемлекет. Бұл форум дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айналды. 

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде жиілеп кеткен діни вандализм, соның ішінде Құран кітабын өртеуге қатысты пікір білдірген еді. Мемлекет басшысының пікірінше, мұндай жауапсыз әрекеттер әлем мемлекеттері мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді.

«Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиіс. БҰҰ Бас Ассамблеясы да бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіруі керек», делінген Қасым-Жомарт Кемелұлының пікірінде.

Осы тұста Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы конфессияаралық диалогты дамытуға және өшпенділік тілмен күресуге бағытталған қарарды қабылдады.

Қабылданған қарарда дін немесе наным-сеніміне байланысты адамдарға қарсы зорлық-зомбылық әрекеттердің барлық түрлері айыпталатыны жазылған. Сонымен қатар құжатта діни рәміздерге, қасиетті кітаптарға, тұрғын үйлерге, жұмыс орындарына, мүліктерге, мектептерге, мәдениет үйлері мен ғибадат орындарына қарсы бағытталған кез келген әрекеттер де айыпталатынына назар аударылды.

Аталмыш құжат Еуропаның бірқатар елдерінде Қасиетті Құран кітабын өртеп, оны қорлау оқиғаларының тізбегі аясында қабылданды.

Айта кетсек, Қазақстан БҰҰ-ға мүше басқа 47 елмен бірге бұл қарардың теңавторы болды.