Фото:UKIMET телеграм
Жиынға қатысушылар бүгінде студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін талқылады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл 11 мың орындық 37 нысан, оның ішінде ЖОО студенттеріне арналған – 26, колледж студенттеріне арналған 11 жатақхана пайдалануға берілетінін айтты.
Бұл ретте, оның ақпараты бойынша, 1,4 мың орындық 4 нысан жоспарлы мерзімінде пайдалануға берілмеуі мүмкін. Бұл «Астана медицина университеті» КЕАҚ жатақханасын күрделі жөндеу, Алматы қаласында 400 орындық жатақхана салу және 450 орындық екі жатақханаға күрделі жөндеу жүргізу сынды жобалар.
Министр жатақханалар құрылысы кезінде инвесторлар кездесетін негізгі проблемалар қатарында нысандардың мақсатын өзгерту, заттай гранттар беру және коммуналдық желілерге қосылу мүмкіндігінің шектелуіндегі қиындықтарды атады.
Әлихан Смайылов егер бұл мәселе уақтылы шешілмейтін болса, жағдай одан сайын қиындай беретінін атап өтті.
«Көптеген университеттердің басшылары студенттерге тиісті жағдай жасау өздерінің тікелей міндеті екенін іс жүзінде ұмытып кетті деуге болады. Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері университеттер мен колледждердің сырттан келген студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету талаптарының орындалуына қатысты жағдайды бақылап отырған жоқ. Сондай-ақ әкімдіктердің тарапынан да үйлестіру жұмыстары нашар», деді Премьер-министр.
Оның айтуынша, оқуға қабылданған студенттер жатақханада орын жоқ екенін орналасуға келген кезде бір-ақ біледі. Сосын, оқуға дайындалудың орнына олар өз бетінше тұратын баспана іздеуге мәжбүр болады.
Әлихан Смайылов 1 қыркүйекке дейін студенттерге жатақханадан орын бөлу жұмыстарын барынша күшейтуді, сондай-ақ биылға жоспарланған 37 нысанның барлығының мерзімінде тапсырылуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Ол үшін ғылым және жоғары білім, оқу-ағарту министрлері, облыс әкімдері тікелей жауапты екенін атап өтті.
Штаб отырысы барысында Мемлекет басшысының ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру туралы тапсырмасын орындау мәселесі де қаралды.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биыл Бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге қарастырылып, 17 мың шағын несие беру жоспарланғанын, бұл ауылдарда 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін айтты.
Дегенмен, Бағдарламаны жүзеге асыруға он облыс қана белсенді түрде кіріскен. Жеті өңірде жұмыс қарқыны баяу, ал үш өңірде бірде-бір өтінім (Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Абай облыстары) мақұлданбаған.
«Халықпен белсенді жұмыс істеу керек. Аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері тұрғындармен тұрақты байланыста болып, микрокредиттің шарттары мен пайдасын түсіндіруге тиіс. 5-7 жылға 2,5%-бен несие беру өте тиімді шарт болып табылады. Мұны қарапайым тілмен және дұрыс түсіндіру керек», деді Премьер-министр.
Әлихан Смайылов облыс әкімдіктеріне берілген қаражаттың толық игерілуін, олардың мақсатты пайдаланылуын әрі уақтылы қайтарылуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ 2023 жылға арналған Бағдарлама көрсеткіштеріне қол жеткізуді бақылауда ұстауды тапсырды.