Орта білім беру комитетінің мәлімдеуінше, жөндеуден өтіп жатқан мектептердің көбі 70-80 жылдардың басында салынған. Олардың қатарында Қонаев қаласының Қ.Қайсенов атындағы №4, Іле ауданы Екпенді ауылының №2 орта мектептері, Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласының А. Малкеев атындағы Білім-инновация лицейі, Шелек ауылының Абай атындағы, Есік қаласының Абылайхан атындағы №4 орта мектептері, Қаскелен қаласының Қ. Сәтбаев атындағы мектебі, Кеген ауданының Жаңабаев атындағы, Талғар ауданының К.Нұрпейісов атындағы, №10, № 12 орта мектептері бар. Қазіргі уақытта барлық 11 білім беру нысандарында демонтаж және сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Орта білім беру комитеті мен министрліктің аумақтық бөлімшелері бірлесіп мектептердің жаңа оқу жылына дайындық деңгейіне мониторинг жүргізді. 11 білім беру объектісінде кешенді жөндеу және мектеп аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олардың басым бөлігінде жөндеу жұмыстары маусым айында басталған еді. Шартқа сәйкес аяқталу мерзімі 6 айдан 11 айға дейін созылуы мүмкін, яғни оқу жылының басында мектептер балаларды қабылдауға дайын болмайды. Біз білім басқармасымен бірлесіп оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру үшін білім алушылардың уақытша орналасу орындарын белгіледік. Өз кезегінде мердігер ұйымдар жөндеуді белгіленген мерзімнен бұрын аяқтауға дайын», деп атап өтті Орта білім комитеті басқармасының басшысы Гүлнар Таласбаева.
Орта білім комитетінің ұсынымдары бойынша білім басқармасы мен мектептер әр білім ордасы бойынша модификациялау жоспарын әзірледі. Білім басқармасына жақын орналасқан басқа мектептердің жобалық қуаттылығын ескере отырып, барлық оқушыларды оқытумен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берілді. Сондай-ақ ата-аналармен, педагогикалық қоғамдастықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жұмыстарды белгіленген мерзімде сапалы аяқтау, жөндеу жұмыстарының барысын қадағалайтын мониторингтік жұмыс топтарын құру бойынша ұсыныстар берілді.
Айта кету керек, министрлік еліміздің басқа да өңірлеріндегі білім беру ұйымдарында мониторинг жұмысын жалғастыратын болады.