ANTIKOR • 02 Тамыз, 2023

Шымкентте пара алған лауазымды тұлғалар сотталды

283 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының Білім басқармасында қызмет етіп, жүйелі түрде жемқорлықпен айналысқан лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды, деп жазады Egemen.kz ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкентте пара алған лауазымды тұлғалар сотталды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты білім басқармасының мамандары А. Шиндаулова мен М. Мейірбековаға қатысты үкім шығарды.

Аталған адамдарға 36 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

«Олар жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерде тексеріс жүргізбегені үшін 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі сомада мектепке дейінгі мекемелердің басшыларынан жүйелі негізде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сотталғандар мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», делінген ANTIKOR хабарламасында.

Бұдан басқа, білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау барысында бюджет қаражатын жымқыру схемасы анықталды. Дәлірек айтқанда, екі қалалық мектептің бухгалтері 2020-2023 жылдар кезеңінде өзінің жеке шотына мектеп қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қорына бөлінген 67 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз аударған.

Жымқырудың ұқсас схемасы №2 мектепте қолданылды, онда 6 жылдан астам уақыт бойы директор, бас менеджер және бас бухгалтер бірлесіп жұмыс істеген.

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қалалық білім беру саласындағы бұзушылықтардың алғышарттарын жою бойынша тиісті ұсынымдар енгізді.