Қоғам • 03 Тамыз, 2023

Киік кесірі: Шаруалар өтемақы сұрайды

409 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында шаруа қожалықтары дабыл қағып жатыр. Облыс аумағында 1,3 млн га жер киік табанының астында қалып, зардап шеккен. Өңірдегі шаруалар жайылым мен шабындық, кей жерде тіпті егіс алқабы бүлінгенін айтады. Шұғыл түрде республика бюджетінен көмек болмаса, биылғы қысқа қажетті мал азығы жиналмайын деп тұр.

Киік кесірі: Шаруалар өтемақы сұрайды

Алқапты таптап тастады

Батысқазақстандық шаруалар­дың кейінгі жылдары есепсіз кө­бейіп кеткен киіктен зардап ше­гіп, ашынған дауысы талай жерге жеткенімен, әзірге нәтиже болмай тұр. Жалпы, әлем бойынша жойы­лып бара жатқан ақбөкен саны Ақжа­йық өлкесінде мөлшерден тыс өсіп кетті. Ғалымдардың био­логиялық негіздеме­сі бойынша Орал популяциясындағы киіктің оптималды саны 500 мың бас­тан аспауы керек. Ал қазір биылғы төлін қосқанда өңірдегі ақбөкен саны 2 млн­ басқа жетіп қалған.

«Біздің облыстың Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Тасқала және Бәйтерек аудандарындағы 8 млн гектар­дан аса аумақты киік жайлап жүр. Кейінгі жылдары қолға алынған қорғау шараларының нәтижесінде киік саны жылына орта есеппен 40 пайыздан аса көбейіп, 1 млн 130 мың басқа жетіп отыр. Биыл­ғы төлді қосқанда бүгінде киік саны кемінде 1,8 млн басқа жетіп отыр деген болжам бар», дейді Ба­тыс Қазақстан облысының ауыл ша­руашылығы басқармасы бас­шы­сының орынбасары Рүстем Зұлқашев.

Әрине, мемлекет қорғауына алы­нып, қанша қаражат жұмсал­ған соң киік­тің көбейгені де дұ­рыс. Бірақ табиғи ара ­салмақ бұ­зы­­лып, миллиондаған киік­тің таба­ны астында жайылым, шабын­дық және егіс алқаптары тапталып, суат жетіспейді, мұның зарда­бын жергілікті халық, шаруалар тартып отыр.

Рүстем Мүлкәйұлының ай­туын­­ша, Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Нариман Төреғалиев тапсырма беріп, киік келтірген залал көлемін есеп­теу үшін әр ауданда комиссия құрыл­ған екен. Бұл комиссия әрбір шаруашы­лық­тың тартқан шығынын есептеп акт жасақтап, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынып отыр.

«Қазіргі есеп бойынша биыл облыс аумағында киіктер 1 289,7 мың га ал­қапты таптап, 1 207 ша­руашылықтың егіс­тігі, ша­бын­дығы мен жайылымына залал кел­тірілген. Бұл залалдың кө­ле­мін Ауыл­ шаруашылығы министрлігіне әл­сін-әлі­ ұсынып отырмыз», дейді Р.Зұлқашев.

Үміт – үкіметтік өтемақыда

Қазақстан заңдарында киік келтір­ген залалды өтеу бойын­ша бекітілген әдістеме жоқ екен. Батыс Қазақстан облы­сы­ әкі­мінің көмек сұраған хат­та­ры Ауыл шаруашылығы, Эко­ло­гия және табиғи ресурстар министр­лігінде жатыр.

«Биыл маусым-шілде айларында киік миграциясы Жаңақала ауданы аумағында жүрді. Қазіргі уақытта 122 шаруа қожалығы ақ­бөкеннен зардап шеккенін дә­лел­деп, 125 акт жасап тапсырды. Киік тұяғына тапалған жер – 130,6 мың га. Барлық құжатты об­лыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қармасына жолдадық», дей­ді Жаңа­қала ауданының әкімі Ал­па­мыс Көшкінбаев.

Түз тағысынан ең көп зар­дап шеккен өңірдің бірі – Қазталов ауданы. Ауданда арнайы құрылған комиссия 204 шаруа қожалығы­ның жалпы аумағы 202 794,25 га жерді киік бүлдіргенін анықтаған. Мұ­ның ішінде жайылым – 200 148,6 га, шабындық – 2 512,5 га, егістік – 125 га және бау-бақша – 8 га.

«Біздің ауданнан Ақпәтер, Қараоба, Қошанкөл, Тереңкөл, Бостандық, Қайыңды, Қарасу, Жаңажол, Қазталов, Талдыапан және Бірік ауылдық округтері қат­ты зардап шекті. Мал жайылымынан 100 пайыз айырылып қалған ауылдар бар. Біз қалыптасқан жағ­дайды қағазға қаттап, дәлелдер мен деректерді облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасына және Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанға жолдадық», дейді Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов.

Депутат демекші, жазғы ең­бек демалысына шығып, елге кел­ген депутат Абзал Құспан шаруа­лар­дың шағы­мы­на байланысты Батыс Қазақстан облы­сының оңтүстік аудандарын түгел аралап, халықпен жүздесіп қайтқан.

«Жағдайды өз көзіммен көр­дім, алаң­дауға негіз бар. Биылғы жаз­дың өзі жиі құбылып, бірде ыстық, бірде жаңбыр алмасып тұр. Көпті көрген қарттардың айтуын­ша, алдағы қыстың да то­сын сыйы аз болмайтын сияқ­ты. Қазақтың талай ғасыр сынал­ған Қоян жылы келе жатыр. Ал жергілікті ша­руалар қысқа қажетті мал азығын жинай алмай отыр. Жайылым жұтаң, мал арық. Шабындық тап­талған, шөп жоқ. Батыс Қазақ­стан об­лысының шаруаларына рес­пуб­лика бюджетінен қолдау керек. Әйтпесе жұт болып, мал қы­рыл­ғалы тұр», дейді Абзал Темірғалиұлы.

 Қамыс-Самарда су тапшы

Көпшілік Орал популяция­сын­дағы киік санының кенеттен күрт көбейіп, көзге күйік болғанын тү­сінбейді. Оның себебі де бар.

«Бұрын киіктің «атақонысы» Жаңа­қала ауданындағы Қамыс-Самар көлдері маңында, сондай-ақ Бөкей ордасы мен Тайпақ жерінде, сосын Капустин Яр әс­кери полигоны орналасқан Нарын құмында болды. Бертін келе ол аумақтарда өзен-көл тартылып, тоғандар кеуіп қалды. Қуаңшылық салдарынан суат іздеген киік өзен жағалап жоғары өрледі. Биыл тіпті киіктің бір бөлігі Ресей жеріне өтіп кетті. Біз киікті табиғи ареалына қайтару үшін бұрынғы мекендеген жеріне су жіберуге, шөлейт аймақтарды суландыру жүйесін жаңғыртуға көңіл бөлуіміз керек. Ақбөкендерді ату не аулау арқылы түйткілді түбегейлі шеше алмаймыз. Дала жануарының біз білетін тарихи мекеніне оралуына ықпал етуіміз қажет, ол үшін суат жасау – кезек күт­тірмейтін міндет», дейді ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының кандидаты Табылғали Сапаров.

Т.Сатқалиұлы бұл ұсынысты бір­неше жылдан бері көтеріп келеді. Оның айтуынша, облыс-
­­тағы Сарыөзен суын Бө­кей ордасы аумағына жаңа су құбы­ры арқылы жеткізуге болады. Ал Сары­­өзенді Қараөзен суымен, ал Қараөзенді Жайық суымен толықтыруға болады. Сондай-ақ Киров-Шежін су магистралі арқылы Жайықтан Қараөзенге тәулігіне 600 мың текше метр су құюға болады екен.

Айта кетейік, биыл Нарын құмына шектесіп жатқан Қамыс-Самар көлдеріне су жіберу аз да болса қолға алынды.

  Халық киіктен пайда көруі керек

Мәжіліс депутаты Абзал Құс­пан ел­­мен кездесу барысын­да жергілікті ха­лық­­тың киік мәселе­сінде шыдамы тау­сы­лып, әбден ашу-ызаға толғанын бай­қаған.

«25-27 мамыр күндері Астана қала­сында киік мәселесі тал­қы­­лан­­­ған үлкен жиын болды. Оған Бонн конвенциясы, NABU (Гер­ман табиғатты қорғау бір­лесті­гі) сын­­ды халықаралық ұйым­­дар ­өкіл­­дері, шетелдік универ­си­тет­тер про­фессор­ла­ры мен зоо­логия­лық қо­ғам мүше­лері де қатысты. Сол жиында ше­тел­дік мамандар «жер­гілікті халық киік­тің пайдасын көруі керек, сонда ғана олар киікті қорғауға, жойы­лып кетуден сақтауға мүдделі бо­лады» деген еді. Дәл қазіргі жағ­­дайда біздің істеп оты­р­ғаны­мыз ақылға сыймайды. Бүкіл әлем­­­де ерекше бағаланатын жа­нуар­­ды өсіріп, сақтап отырсақ та, одан тек зиян шегіп отырмыз. Халықаралық деңгейде сұ­ра­­ныс жоғары болғанына қара­мас­­тан, киік мүйізін пайдаға асырмаймыз. Экологиялық таза әрі арзан киік етін, терісі мен тұяғын да ел қажетіне асыруға болады. Мұның бәрі – бұрын болған, жүзеге асқан, тәжірибеден өткен тәсіл. Бұл мәселенің заңдық жа­ғын Парла­мент қабырғасында талқылап, ақ­бөкенді қорғаумен және санын реттеп, өнімін өңдеумен айналыса­тын мемлекеттік мекеме құру мәсе­ле­сін көтеремін», дейді депутат.

Мысал үшін айтсақ, Украина­ның Аскания-Нова қорығы бір­неше жыл бұрын Қазақстаннан бірнеше киік сатып алып өсірген екен. Ал 2019 жылдан бастап әлемдік нарыққа, соның ішін­де Қытайға киік мүйізін экспорттай бас­таған. Әрине, қазіргі соғыс жағ­да­йы­на байланысты жағдай өзгерген шы­ғар. Бірақ дұрыс ұйым­дастыра білсе, ақ­бөкеннің пай­дасы шашетектен болатынына анық мысал осы емес пе?

Қисынға келмейтін кодекс

Дәл қазір Қазақстанда осы бір ғана киік мәселесінде бірнеше түйін пайда болды. Ақбөкеннің есепсіз көбейгенінен қаншама мәселе туды: не адамға пайда жоқ, не мемлекетке пайда жоқ, не шаруа қожалықтарына пайда жоқ. «Болашақта осы мәселені реттеп, бәріне де пайдалы етуге болады, – дейді мамандығы кәсіби заңгер Мәжіліс депутаты. – Әйтпесе, дәл қазір біздің әрекетіміз ақыл­ға сы­йымсыз, абсурдқа айналып кетті.

Қараңыз, киік мүйізі әлемдік нарықта аса жоғары бағаланады. Ал бізде 50 мың тонна мүйіз далада шіріп жатыр. Өйткені күзгі күйек маусымынан кейін және қыста ақбөкен текелерінің 70 па­йызы қырылып қалады. Бұл – ­та­­биғи құбылыс. Қытай нарығын­­да алтын­мен бағаланатын осы мү­йіз­ге қызы­ғып, даладан теріп ала­тын адам болса, Қазақстан заңы­мен қатаң сотталады. Қылмыс­тық кодекстің 339-бабы киік мүйі­зін жинаған адамды браконьер­мен, яғни сол ақбөкенді атып өлтір­ген адаммен теңестіреді. Ол адамға «табиғатқа зиян келтіргені үшін» деп миллиондаған теңге айыппұл салып, 5-7 жылға соттайды. Ал тәркіленген мүйізді сот шеші­мімен өртейді. Бұл – нағыз абсурд!».

Депутат осы сапарында Жаңа­қала ауданының Мәстексай ауылында сотталған 11 аза­мат­тың отбасымен кездесіпті. Осы­дан бірер жыл бұрын сотталып, ұзақ жылға бас бостандығы­нан айырылған бұл азаматтар дала­да жатқан киік мүйіздерін жина­ған. Ешқайсы­сы киікті атпаған, өл­тірмеген. Бар­лығы да көпбалалы отбасынан екен. 11 азаматтың артында кәмелетке толмаған 52 бала тірі жетім болып қалған.

Қазір Қылмыстық кодекс, Қыл­­мыстық-процессуалдық және Қыл­­мыстық атқару кодекстеріне өзге­рістер мен толықтырулар енгізу үшін Пар­ламентте талқы­ла­нып жатыр екен.