Қаржы • 03 Тамыз, 2023

Өңірлік стандарттар жүйесі қайта қаралды

206 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ауылдық елді мекендерде тұратын халықтың негізгі жұмыс көзі аграрлық сала екені белгілі. Сол себепті ауыл тұрғындарының өмір сүру стандартын қаладағылармен теңестіруде мемлекеттік деңгейдегі жобалар іске қосылып, біраз уақыттан бері ауылды қолдау, ауыл халқының табысын арттыру, сол арқылы жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп келеді.

Өңірлік стандарттар жүйесі қайта қаралды

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазіргі таңда елімізде 7,8 млн халық ­­
6 295 ауылдық елді мекенде тұрады. Үкімет басшысы 2027 жылға қарай әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін өңірлік стандарттар жүйесіне сай сапалы жолдармен қамтамасыз етуге, әлеуметтік, мәдениет және спорт нысандары мен инфрақұрылымды дамытуға баса мән берілетіндігін айтқан еді.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мыңнан аса жоба жүзеге асқан. Аталған бағдарлама іске қосылған жылдардан бері республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 6,7 есеге артқан көрінеді. 2019 жылы 29 млрд теңге бөлінсе, биыл 198 млрд теңге қарастырылыпты.

Таяуда өткен Үкімет отырысында Ұлт­­тық экономика министрі бюджеттен бө­лін­ген қаржы мәселесінің игерілуіне қатыс­ты бірінші жартыжылдықтағы атқа­рылған істердің есебін талдады. Бүгін­ге дейін бөлінген қаржының 27%-ы игерілген. Бұл жағынан Павлодар, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының көр­сет­кіші  жоғары, ал Алматы мен Ұлытау облы­сы кенжелеп қалған. Қазіргі таңда 1 600 жобаға конкурс өткізіліп, 158 жоба аяқта­лыпты. Жыл соңы да таяп келеді. Жаз бітсе, күз келеді дегендей, бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуын министрлік әкімдіктермен бірлесіп, жобалар конкурс­та­рын өткізу үдерістерін жеделдетуді, бағ­дарлама аясында қосымша қаржы та­лап ететін нысандарға қаржы бөлу мүм­кіндігін қарастыруды, бөлінген қара­жаттың уақытылы игерілуі мен құры­лы­сы жүріп жатқан жобаларды жыл соңы­на дейін сапалы әрі белгіленген мерзі­мін­де­ аяқталуын қадағалап, апта сайын мониторинг жүргізеді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров: «Өткен жылғы өңірлік стан­дарт­тар жүйесінің көрсеткіштеріне сәй­кес 786 ауылдың инфрақұрылымы жақ­сар­ды. Осы ретте туған ауылдарының инфра­құрылымын дамытуға тұрғын үй, әлеу­­меттік нысандар мен демалыс орында­ры­на қомақты қаражат аударып отырған кәсіп­керлер бар. Егер 2019 жылы жеке инвес­­тициялардың көлемі 2,5 трлн теңге болса, 2022 жылы 3,1 трлн теңгені құрады. Ауыл халқының өмір сүру сапасын жақ­сар­­ту­да мемлекет басшысының тапсырма­сы­на сәйкес ауылдық аумақтарын дамы­ту­дың 2023-2027 жылдарға арнал­ған­ тұжы­рымдамасындағы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын одан әрі жетіл­­­ді­ру­де, елді мекендерді сумен, электр­мен,­ газбен жабдықтау, шекара маңы аумақ­­тарында әлеуметтік және инже­нер­­лік инфрақұрылымды қамту, жер­гі­лік­ті­ маңызы бар жолдарды салу, жөн­деу­ және­ әлеуметтік нысандарды салу шара­ла­ры қамтылып отыр. Аталған бағдар­ла­ма­­ны жүзеге асыру – Ұлттық эконо­мика ми­нистр­лігінің тұрақты бақы­ла­уында», дейді.

Жақында Ұлттық экономика министр­лі­гі елді мекендерді әлеуметтік нысандар­мен және қызметтермен қамтамасыз ету­дің өңірлік стандарттар жүйесін қайта қара­ғаны бар. Өңірлердегі өмір сүру сапасын жақсарту және халықтың шағын ауылдар мен қалалардан мегаполистерге және облыс орталықтарына кетуін азайту үшін жүйеге бірнеше маңызды өзгеріс енгізілді. Біріншіден, әрбір ауыл мен қалада болуға тиіс мекемелер мен қызметтердің тізімі ұлғайтылды. Екіншіден, өмір сүру сапасын бағалау критерийлерінің өзі өзгертілді. Енді белгілі бір нысандардың болуы ғана емес, олардың техникалық жағдайы да маңызды. Мәселен, ауылда мектеп болғанымен, ол ұзақ уақыт бойы жөндеу көрмеген және апатты жағдайда тұрса, елді мекен өңірлік стандарттар жүйесіне сай жоғары баға алмайды.

Осы орайда өңірлік стандарттар жүйесі (ӨСЖ) не үшін қажет деген сауал туындайды. Мамандардың айтуынша, ӨСЖ – мемлекеттік органдарға ортақ белгі, шенеуніктер даму бағдарламаларын әзір­леу және бюджетті бөлу кезінде басшы­лық­қа алатын стандарт. Стратегиялық мақсаты – әрбір ауылда халықтың қалыпты жағдайда өмір сүруін қамтамасыз ету. Су тасымау, ұялы телефонның сигналын ұстау үшін төбеге шықпау, мектептерде балалардың басына сылақтың құламауы, ең жақын дәріхана 200 км жерде болмау секілді шарттар қарастырылғанын атады.

Әр ауылдың орнықтылығына қарай негізгі стандарттар тізімі әзірленген. Мәселен, тұрғылықты жерде қалыпты өмір сүруге қажетті кемінде 20 әлеуметтік нысан мен қызмет қажет: балабақша, мектеп (немесе оған қатынауға көлік), аурухана, пошта бөлімшесі, мәдени-сауықтыру кешені болуы керек. Ауыл тұрғындарының қалыпты ауылішілік жолдар, су құбыры, кең жолақты интернет, ұялы байланыс сияқты игіліктерге қол жеткізуге құқығы бар. Тірек ауылдар мен ауылдық округтердің орталықтарында бұл тізімге кәсіпкерлікті қолдау орталығы, ветеринарлық пункт, халыққа қызмет көрсету және өзіне-өзі қызмет көрсету орталықтары қосылады. Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда кемінде 41 міндетті нысан мен қызмет болуға тиіс. Мектептен, ауруханадан, әуежайдан, дәріханадан басқа әрбір облыс орталығы мен мегаполисте қалдықтарды өңдеу кешені, қатты тұрмыстық қалдық­та­р­ды бөлек жинайтын контейнер, зоо­ло­гия­лық және ботаникалық саябақ, арнаулы әлеу­м­еттік қызмет көрсету орталықтары болуы керек.

Бұрынғы ӨСЖ жүйесі төрт жыл бұ­рын­ әзірленіп, оның нормалары бойынша­ елі­міздің қалалары мен ауылдарын өрке­ниет игілігімен қамтамасыз етудің орта­ша деңгейі 2021 жылы 64,1%-ды құра­ған. Қайта бағалаудан кейін барлық өңір­дегі түгелге жуық қала мен ауылдық елді мекендердегі орташа көрсеткіш 55,7%-ға дейін төмендеген. Расында, қала мен ауыл арасында абаттандыру, әлеуметтік игіліктер бойынша біраз алшақтық бар. Көрсеткіштер 87% және 55,3% айырмашылықта болды. Қала мен ауылдағы өмір сүру жағдайларының ең үлкен айырмашылығы – Шығыс Қазақстан (91,3% және 50,4%), Атырау (82,5% және 44%) және Ұлытау (86,7% және 38,1%) облыстарында. Ақтөбе облысында жағдай ерекше, мұнда ауылдық жерлерде әлеуметтік игіліктер қалаларға қарағанда жоғары – 86,8% және 73,5%. Мәжілісте өткен жиында Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Әлібек Қуантыров ерекшеліктерді тайға таңба басқандай атап көрсетті.

Облыста халық саны 3 мың адамға жетпейтін бірнеше қала бар. Мәселен, Темір мен Жем. Бірақ, шын мәнінде, ауылға жататын бұл қалалар өздерінің қалалық стандарттарына сәйкес келмейді. Тағы бір маңызды фактор – батыс өңірлердегі ауыл­­дарда өмір шығыс немесе солтүстікке қарағанда кейбір жағынан, шын мәнінде, жақсы жабдықталған. Ал газдандыру коэффициентіне келгенде жылу, ыстық сумен жабдықтау және тамақ дайындау кезінде электр энергиясын үнемдеу коммуналдық мәселелер шешімін тауып отырғанын айтты.

Сонымен тиісті ведомстваның дере­гін­ше, 6,3 мың ауылдың ішінде жалпы саны 3,2 млн халқы бар 786 ауылдың ғана өрке­ниеттің негізгі игілігімен қамтамасыз етілу деңгейі – 80%. Ауылдардың жартысына жуығы (3,6 млн халқы бар 2,8 мыңға жуық ауыл) жағдайы орташа – 50%-дан 80%-ға дейін. Тағы осыншалықты ауыл­дың­ өмір сүру деңгейі өте төмен, оларда қажет­ті әлеуметтік игіліктердің 50%-ы да жоқ. Бұл – әдетте халқы аз 2,7 мың ауыл­да барлығы 700 мыңнан сәл жоғары тұр­ғындар.

Қалалар арасында Астана төменгі көр­сет­кіште. Онда міндетті қызметтер мен әле­у­меттік нысандар жағы қамтамасыз ету бар болғаны – 75,1%. Елорда өзінің жоғары мәр­тебесіне қарамастан, басқалармен қатар бақылаусыз урбанизациямен байланысты шешімін таппаған инфрақұрылымы және жергілікті халыққа қолайсыздық туғызып отырған су мәселесін атауға болады.