Әдебиет • 07 Тамыз, 2023

Сазгер Шәкәрім

471 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талант егіз келеді. «Талантты адам барлық жағынан талантты». Әлем әдебиетінде бір өзі бірнеше өнерді меңгерген тұлғалар аз емес. Мәселен, бағбаншы болған Гете, етік тігумен айналысқан Толстой пікірімізге дәлел. Қазақ топырағында ақындығымен бірге сазгерлік қырымен танылған тұлғалар жетерлік. Соның бірі һәм бірегейі – Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Сазгер Шәкәрім

«Бұл ән

бұрынғы әннен өзгерек,

Бұған

ұйқасты өлең, сөз керек

Өзіне орайлы...

Денең

жан нұрлы болса, жөнделмек,

Өлең

әнге өлшеп айтса, өңделмек,

Ұйқасса қолайлы».

Осы бір шумақтарды оқысаңыз-ақ құ­лақ­­қа ән әуезі келеді. Бейне бір өлең­нің өзі ән салып тұрғандай. Ақынның әнде­рін тұңғыш рет нотаға түсірген гол­ландиялық Альвин Эрнестович Бимбоэс екен. Ол 1919-1922 жылдар аралығында Ақмола саяси бөлімінде нұсқаушылық қыз­мет атқарып жүріп, қазақ әндерін нотаға түсі­румен шұғылданады. 1926 жы­лы Н.Ф.Финдейзеннің редакциялауы­мен шыққан «Музыкалық этнография» жинағында Бимбоэстің қазақ музыкасы туралы жазған көлемді мақаласына қоса, қазақтың жиырма бес әнінің нотасы басылады. Аталған жинақтың ішінде «№1 Ша­карим», «№2 Шакарим» деген атпен Ш.Құдай­бердіұлының екі әні жарық көреді. Бірақ екі әннің де өлеңі нота астына жазыл­маған, тек орыс тілінде мазмұны беріл­ген.

А.Э.Бимбоэс нотаға түсірген «№1 Ша­карим» әнінің екінші түрі А.В.Затаевичтің 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына «Тілек – бата» деген атпен енген.

Ал Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты әні А.В.Затаевичтің 1931 жы­лы жарық көрген «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» деген жинағында «Шә­кә­рім Құдайбердин әні» деген атпен жа­­­рияланған. Жинақтың №156 анық­та­масында А.В.Затаевич: «Шәкәрім Құдай­бердин – Семей уезінің қарт ақыны, қазір тірі, жасы жетпістер шамасында. Жинақ­та келтірілген әнін орыс әндерінің үлгісіне еліктеп шығарса керек», деп жазған.

Бүгінде ақын әрі сазгердің әндері біршама толыққан. Олардың сапында «Қорқыт, Қожа Ғафиз», «Зағипаның зары», «Жиырма үш жасымда», «Анадан алғаш туғанымда», «Айдай күнім, ай-күнім моншақтаған» атты ел таныған әндер бар.

Шәкәрім Құдайбердіұлының әнге айналған өлеңдерінің ерекшелігі тек көңіл-күй сарынын жеткізер махаббат лирикасы емес, философиялық тұжы­рымдарға бай. Өмір мен оның мәні туралы, ар мен ұят хақында ойға батырады, ғибрат береді.

«Анадан алғаш туғанымда,

Жыладым неге дабыстап.

Кiндiктi кесiп қиғанында,

Анамнан кеттiм алыстап.

Ақ бұйымға орап алғанында,

Құндаққа қойды таңып сап.

Жып-жылы суға салғанында,

Денемдi әбден арулап...

...Ақ сүтке әбден тойғанымда

Аштықты ұмыттым анықтап.

Жылауды мүлде қойғанымда

Ұйқыда күлдiм шалықтап...

...Табылмас анық азат адам,

Жаралыс билер заманды.

Көрсетер мұқтаж, азап саған,

Тартқызар өмiр жазаңды».

Мәселен, осындағы шумақтар жөнін­де тарқатып, таратып жазсақ, көлемді еңбек түзуге болады. «Жаралыс билер заманды» деген ақынның сол заманына күйлемей, ар жолында қажырлы еңбек еткені – алып тұлғалық болмысының дәлелі.

Жыл өткен сайын Шәкәрім әнде­рі­нің маңызы кеңейіп, қазақ компози­тор­ларының шығармаларына арқау болып жүр. Атап айтқанда, Ахмет Жұбановтың «Абай» сюитасының бірінші бөліміне, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Айдардың ариозосына, Айдар мен Ажардың дуэтіне ақын-саз­гердің шығармалары пайдаланылды. Сонымен бірге «Қалқаман-Мамыр» бале­тіне, «Еңлік-Кебек» пьесасына, «Еңлік-Кебек» операсына Шәкәрім туындылары сеп болғаны көпшілікке аян.