Қоғам • 07 Тамыз, 2023

Ауыз суға жарымаған ауыл

429 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Астанадан 80 шақырым жердегі Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Сабынды ауылдық округіне қарасты Қараегін елді мекенінің ақсақалы Тілеубек Ысқақов газет редакциясына хабарласып, 500-ге жуық халқы бар ауыл аптап ыстықта ай бойы ауыз сусыз отырғанын айтқан еді. Осыған орай аталған ауылға арнайы барып, жағдаймен танысып қайттық.

Ауыз суға жарымаған ауыл

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазір шалғайдағы ауылдарды қойып, қаланың іргесіндегі елді мекендер «ауыз суға жарымадық, ішкеніміз у, жегеніміз желім болды» деп БАҚ өкілдерін шақырып, мұңын шағып жатқанын екі күннің бірінде көретін болдық. Соның бірі – Қараегін ауы­лы. Тіршілік нәрінен таршылық көріп отырған бұл ауылдағы үй-үйді аралап, жағдаймен таныстық. Ай­лап ақпай тұрған шүмектен бір шәугім шай­лық су шықса, шүкір деп отырған ауыл жұрты.

Қараегін – «Нұра топтық су құбыры» республикалық мемлекеттік кәсіпор­нының су беретін қайнар бастауы, яғни су айдау ұңғымасы орналасқан аумақтың дәл іргесінде (арасы 8 шақырым) орналас­қан. Бір сөзбен айтқанда, ауыл теңіздің үстінде отырып, ауыз суға жарымай отыр. Қорғалжын және Егіндікөл аудандарын сумен қамтитын желінің түгелге дерлік магистралы тозған, көбі апатты жағдайда тұр. Мұны су беруші мекеме де мойындап отыр.

Биыл мамыр айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде халықты сумен қамтамасыз ету көрсеткіші қалаларда 98,4%-ға, ауылды жерлерде 94,5%-ға жеткенін айтқан болатын. «Ең төменгі деңгей Жамбыл (91,9%), Қостанай (80,4%), Ақмола (89,8%) және Солтүстік Қазақстан облыстарының (85%) қалаларында байқалып отырғанын айта кеткен жөн. Осыған байланыс­ты бұл аймақтарда сумен қамту жұ­мыс­тарын жақсарту үшін қажетті қа­ражатты бөлу қарастырылмақ», деген еді.

Алайда қазір екі бірдей ауданға ауыз су беретін құбырдың тозғаны және оны жөндеуге әлі қаражат жет­пегені байқалады. Мәселен, Қа­раегін ауылына судың бармау себебі – құбырлар шіріп, жарылған. Оны жөндеуге жауапты компания толықтай күрделі жөндеуден өткізбеген, тек шұрық-тесіктерін әр жерінен жамап-жасқап қоятын көрінеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ескірген су желілерін жаңартуға қазынадан қаржы бөлін­ген. Бірақ жөндеу жұмысының құ­ры­лысын бастауға құжат дайын емес көрінеді.

Шіліңгір шілдеде суға шөлдеп отырған ағайынның айтар базынасы мол-ақ. Мәселен, Қараегін ауылының тұрғыны Мырзабай Қабыкенов ақсақал ауыз суды көрші ауылдардан тасып жүргендеріне налиды.

«Су осы маңда жердің астынан ағып жатыр. Тек оны жеткізетін құбырлар әбден ескірген. Күнде жарылады. Содан ауылға су жетпейді. Су құбырлары 50 жылдан бері жөнделмеген. Қазір ауылдастар өз қалтамыздан ақша шығарып, мал суа­ратын мотор сатып алдық. Малды қазір сонымен суарып отыр­мыз. Көл тартылып қалған, үйге келіп тұрған су жоқ. Бұрын сыз­дық­тап ағатын, қазір ол да жоқ», дейді қария.

Ал ауыл тұрғыны Олжабай Орынбеков Қараегін елді мекеніне судың тартылу жүйесінің өзі дұрыс емес екенін айтады.

«Ауыл ішіндегі су дұрыс тар­тылмаған. Су жүйесінің талабы бойынша су айналып тұруға тиіс. Ал бұл ауылда керісінше жалғанбалы. Ауылға кірген су құбырының бір­не­ше жері тұйықталған. Қыста дәл сол жерден бастап қатады. Қайбір қатты аяз болған жылы қатқан су 24 шілдеде бір-ақ ақты. Екінші – ауылдың жанында резервтік су жоқ. Екі су мұнарасы тұр, екеуі де істемейді. Айналасындағы жарық­тан су далаға ағып, батпақ болып жатыр. Осының бәрін сұрасақ, мұны істеген адам сотталып кеткен дейді. Бұл мәселені айта-айта жағымыз талды», дейді ол.

Оның айтуынша, бұл су сорғы стансасының маңында бүлінген құбырларды жөндейтін техникалар, яғни экскаваторлар болған. Өкі­­нішке қарай, оның бәрі ұста­ғанның уысында, тістегеннің аузында кеткен.

«Қазір Егендікөлдің суын жөн­де­ді, өйткені онда Кулагин бар. Оның қалың егістік жерлері бар суаратын. Ал біз секілді момын ауыл қазақтары айлап сусыз отырмыз. Ауылға келетін су құбырының жары­ғынан далаға ағып жатыр. Есе­сіне халық ай сайын ішпеген суға ақша төлейді. Бұл мәселенің бәрімен ауыл мен аудан әкімі жақсы таныс. Бірақ шарасыз отыр», дейді О.Орынбеков.

Ал Сембек мұғалімнің айтуын­ша, судың тарифтерінде де шикілік бар. Мәселен, ауылға келіп тұрған суды көшеден алса, 170 теңге тө­лей­ді, ал үйге кірген судың құны – бір адамға айына 371 теңге. Алай­да ауыл тұрындары үйді-үйге ке­ліп тұрған судың құбырын өздері тартып алғанын айтады. Талап бойынша ақшасын алып отырған компания әр үйге суды жеткізіп беруге тиіс кө­рі­­неді. Бұл ретте де заң­сыздық бар дейді ауыл тұр­ғын­дары.

«Қыста да төрт ай бойы сусыз отырдық. Облысқа дейін сұрау салдық. «Жасаймыз-жасаймыз» дейді, бірақ түк жасамайды. Қор­ғал­жын ауданында осы су мәсесіне қа­тысты жиналыс болды. Олар «67 жылы салынған су құбырлары әбден тозығы жетіп, тот басқан, оны оңдайтын қаражат жоқ. Суға келетін тоқты өшіріп тастайды. Өйт­кені 14 млн теңге электр жары­ғына қарыз­быз», дейді. Бұрын аулаға жазда бау-бақша салатын едік, қазір оның бәрі қурап қал­ған», дейді зейнеткер Шолпанай Жүсіпова.

Бұдан кейін екі ауданды сумен қамтып отырған қайнардың көзі, яғни «Нұра топтық су құбыры» сорғы стансасына да арнайы барып көрдік. Онда жаға ұстатар жайт көп. Мәселен, су құдықтары орна­лас­қан құрылғылар ашық-ша­шық, қаңырап, қараусыз қалған. Қор­шаулар жоқ, тек бетон діңгек­те­рі ғана тұр. Стратегиялық маңызы бар нысанда тіпті күзет қызметі де жоқ. Екі кезекшілікпен жұмыс іс­тей­тін техникалық мамандарды ғана көрдік. Олардың өзі оның қандай маңызды нысан екенін жақсы біл­мейтін болып шықты.

Бұл жайттардың бәрін құлақпен естіп, көзбен көрсек те, елді мекен­нің басшылығымен сөйлесіп, олар­дың да уәжін тыңдауды жөн са­на­дық. Осыдан екі жыл бұрын сай­ланған Сабынды ауылдық окру­гінің әкімі Мұрат Хамитжанов ауыл­­­­­да мұндай қордалған түйт­кіл­дің барын жасырмады.

«Қараегін ауылында су мәселесі бары рас. Ауданда осы мәселеге қатысты жиын болды. Сонда да айтылды. Су мәселесінің шығуы техникалардың тозып, есікіруінен болып отыр. Сонымен қатар «Нұра топтық су құбыры» 14 млн теңге токқа қарызы бар. Осыған бай­ла­­нысты ток өшіріледі. Басқа ауыл­дар­дың бәрінде резервтік су бар. Тек Қараегін ауылында ондай жоқ. Соның кесірінен ауыл сусыз қал­ды. Ауылдағы су мұнарасы істен шыққан. Қазір мұның бәрін жөндеуге 387 млн теңге Үкіметтен бөлініп, тексеруде тұр. Тапсырыс беруші де, орындаушы да – «Нұра топтық су құбыры» мемлекеттік кәсіпорны. Барлық су құбыры өтетін жерлердің рұқсаты берілді. Енді тек қаржысы түссе, құрылысы басталады», дейді ауыл әкімі.

Әкімнің сөзіне сенсек, жауапты компанияға бұл мәселені шешу үшін биыл мемлекет қазынасынан 387 млн теңге бөлінген. Алайда құжат дайын емес деген желеумен жөндеу жұмысы басталмаған. Тіпті жарылған құбырды жөндейтін техника тапшы, су жеткізетін де мүм­кіндік жоқ. Ол аздай компания жарық шығынын да уақытылы төле­меген.

Бұған қоса стратегиялық ма­ңызы бар нысанның қараусыз жат­қан себебін әкімнен де сұрадық. Әкім су соратын құдықтардың ауыл аума­­ғында орналасқанымен, мүлік пен құзыреттің бәрі «Нұра топтық су құбыры» мемлекеттік кәсіп­ор­ны­ның иелігінде екенін айтып ақталды.

«Бұған қатысты әкімшілік тара­­пы­нан талай талап қойдық. Тіпті маған дейін де айтылыпты», дейді ол. Демек, халықтың да, әкім­ші­лік­тің де сөзіне құлақ аспайтын компания болып отыр.

Екі тараптың да уәжін тыңдадық. Ендігі маңыздысы – осы іске тіке­лей жауапты компанияның жауа­бы. «Нұра топтық су құбыры» шар­уа­шылық жүргізу құқығындағы, рес­публикалық мемлекеттік кәсіп­ор­нына хабарластық. Біздің жауап берген «Нұра топтық су құбыры» мемлекеттік кәсіпорнының өкілі Әли Бектөрев мұндай былықшылықтың болып жатқанын жоққа шығармады. Оның айтуынша, ауыл тұрғындары ауыз сумен малды, бау-бақша суа­ра­тындықтан, су жетіспей жатқан көрінеді.

«Президенттің тапсырмасы бо­йын­ша әр үйде есептегіш құрал болу­ға тиіс. Оны орнатуды талап етіп жатырмыз. Ол болса, кім­нің қан­ша су алғаны көрсетіліп тұра­ды. Екінші – ауылдағы су құ­быр­лары 100 пайыз тозған, қазір оған қар­жы бөлініп жатыр. Кеше Егін­ді­көл ауданына су жеткізілді. Ал судың төлеміне келсек, Қараегін ауы­лының тұрғындары судың
1 тек­­шеметріне 60 теңге төлейді», дей­ді ол.

Сонымен қатар ол жарыққа уа­қы­тылы төленбеген қарыздың ба­рын да жоққа шығармады.

«Қоршау мен күзеттің жоғы рас. Күзет қою мәселесін көтеріп жа­тыр­мыз. Ол тарифке байланыс­ты. Күзет қоссақ, тариф тағы да екі есе көтеріледі. Жоғарыда бұған қаржы бөлініп жатыр дедік қой, оның ішінде қоршау жасау, бәрі қам­тыл­ған. Қазір күнде апат шы­ға­ды, өйткені магистраль ескір­ген. Оған төтенше жағдай бойынша қаржы беріліп жатыр, ал келесі жылы жоспар бойынша кешенді қаражат бөлінеді. Биыл жоба жасалды, келе­сі жылы құры­лы­сы басталады», деді «Нұра топ­тық су құбыры» мемле­кет­тік кәсіп­орнының өкілі.

Барлық айтылған уәждерді сараптай келе Қараегін ауылының су тап­шылық мәселесі қазіргі аз­да­ған жамау-жасқаумен жазды өткізуге бола­­тынын түсіндік. Алайда ауыл­да­ғы ауыз судың жағдайы алдағы қақаған қыста не болары белгісіз