![Бейіт айналасындағы «бәсеке»](/media/2023/08/07/kolladg-mazarat.jpg)
Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
Жерлеу рәсімін реттейтін уақыт келді
2017 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің XV мәжілісінде мешіт жамағаттары мен жекелей азаматтардан келіп түскен сұрақтар мен өтініштерге байланысты мұсылман зиратының қағидалары мен талаптарын бекітті. Қабылданған қағидалар мен талаптар мәтінінде қабірді қоршау, қабір үстіне құрылыс нысандарын салу, қабір басына белгітас қою, оның айналасын тазалау, түзету, тағы да басқа мәселелер қамтылған. «Мұсылман зиратының қағидалары мен талаптары» деп аталатын құжат мәтінінде: «Қабір тапталып, аяқасты болмауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қоршаған абзал. Тұтас қоршалған зираттың ішіндегі қабірді жеке-жеке қоршау қажет емес. Егер қабірстан толықтай қоршалмаса, аяққа тапталмас үшін қабірді шариғат шеңберінде төртқұлақ етіп қоршауға рұқсат беріледі. Қабір үстіне құрылыс нысандарын салуға шариғи тұрғыдан рұқсат жоқ», делінген.
Сол кезде салттық кызмет көрсететін құзырлы орын басшылары БАҚ беттерінде өз пікірін айтты, қоғам ден қойғандай ыңғай танытты. Осыдан кейін шектен тыс ысырапшылдыққа нүкте қойылар деп үміттенген едік. Бірақ нәтиже болмады.
Елімізде жерлеу рәсімдеріне қатысты ереже жоқ. Зираттарды жобалауға, күтіп-ұстауға қойылатын санитарлық-эпидемиялық ережелері мен нормалары Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 30 маусымдағы №476 бұйрығымен бекітілген. Нормативтік құжаттардан әзірге «Халыққа рәсімдік (жерлеу) қызметтерін көрсетуді жобалау, ұйымдастыру және елді мекендердегі зираттарды ұстау реті туралы» ереже ғана бар. Оның өзі әділет органдарында тіркелмеген болып шықты. Заңдық күші жоқ. Жерлеу рәсіміндегі бәсекені тек заң ғана тоқтата алады.
2019 жылы Ұлттық экономика министрлігі жерлеу рәсіміне қатысты ереже жоғын айтып, заң жобасы мақұлданса, жерлеу рәсімі ғана емес, адам о дүниеге аттанғаннан кейінгі үдерістер қандай тәртіпте қаралу керек, қай органдарға жүгініп, қандай шешімдерді қабылдау керек, барлығын жалпы ережелер төңірегінде шешуге болады деген мәселе көтерген. Ұсыныс әлі күнге қолдау таппады. Жерлеу рәсімі ғана емес, бейіт құлпытасына қатысты әртүрлі пікір айтылып жүргенде, зираттарға QR орнататын жаңалық бізге де жетіпті. Технологияның мұндай сегменті алғаш рет Азияның технологиялық дамыған елдерінде – Қытайда, Жапонияда, Кореяда, кейіннен Ресейде пайда болған. Ал елімізде жаңа тәжірибеге үрке қарағандар көп болыпты.
Осы бағдарламаны елімізге алып келген Сергей Профир журналистермен кездескен кезде QR-кодтың көмегімен бейітте жерленген марқұмның фотосуреттерін көріп, аудиожазбалардан дауысын естуге мүмкіндік болатынын айтыпты. Оның айтуынша, жобадағы мәтіннің мазмұнына тапсырыс берушінің өзі жауапты. Өлілерге арналған цифрлық жоба авторының айтуынша, қоғам мұны әзірге құп көріп отыр. Әзірге бұл күпірлік немесе дінімізге, салтымызға қайшы дегендер жоқ. Егер солай болған күннің өзінде автордың мұндай қарсылықтарға айтар дәлелі де бар екен. Себебі мұндай бастамаларды бірден жерсініп кетуі де, халықтың бірден қабылдап кетуі де қиын.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, QR – әлемнің дамыған елдерінің бәрінде бар тәжірибе. QR-ға ұялы телефонды жақындатып, өмірден озған азамат туралы толық мәлімет алуға болады. Тәжірибе ретінде Астанада шамамен 20 зираттағы құлпытасқа орнатылыпты. А.Қонарбайұлы айтып өткендей, құлпытасқа QR орнату азаматтың өтініші болған кезде ғана жасалады.
Алматының шығысы мен батысы қабірстанға айналып кеткенін көзіміз көріп жүр. Бейіттің бейіт күйінде қалуына тірілер жол бермейтіндей жағдай қалыптасып тұр. Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының пікірінше, ритуал қызметінің шектік бағасын енгізіп, жерлеу рәсімін реттейтін уақыт келді. Таратып айтқанда, қабірге бөлінетін жердің өлшемін қалыпқа түсіру керек. «Мұның бәрін заңды түрде реттеуге болады. Тек қана мүфтият өз ұстанымын білдіруге, зират тұрғызу, жерлеу тәртібін ұсынуға тиіс», дейді Қ.Жолдыбайұлы.
Көк тіреген күмбездер
Алматыдағы салттық қызмет көрсету комбинаты директорының орынбасары Марат Исмаилов бізбен әңгімесінде бейіт басындағы «бәсеке» есте жоқ заманда да болғанын айтты. Бірақ тарихтың жадында көк тіреген күмбез емес, адамның артында қалдырған хаты, ісі қалады. Дамыған елдерде бұл мәселе жүйеленді, қалыпқа түсті. Тарихтан сабақтасақ, Осман патшаларының тұсында марқұмның «басын қарайту» бәсекеге айналып кеткені соншалықты, қабір басына алтынмен апталған құлпытастардан бастап зәулім сарайларға дейін салыныпты. Түркияда Ататүрік бұл салада да тәртіп орнатқаннан кейін түрік молаларының басына қойылатын құлпытастар стандартталған. Түркияның барлық елді мекендердегі қабір бір-біріне ұқсайтынын сол елге барғанда талай рет байқағанбыз. Қоршалмаған, шағын ғана мәрмәр тастарға марқұмның аты-жөні, дүниеге келген, бақилық болған күндері жазылған.
Осы мақаланы жазуға дайындық барысында Алматыдағы орталық зират пен «Кеңсай-1» мен «Кеңсай-2» деген зираттарды бір-бірімен салыстырып көрдік. Алғашқы екі қорымдағы ескерткіштердің басым көпшілігінде портреттік мазмұн басым болса, соңғысында сән-салтанат басым. Бұл өзгеріс 2000 жылдан бері пайда болған зираттарда көбірек байқалады.
«Кеңсайдың ең биігіндегі кейбір ескерткіштердің құны 100 мың доллардан асып кетеді. Шамасы жеткендер француз дизайнерлеріне тапсырыс береді. Туыстары немесе ата-анасы марқұмның басына зәулім ескертіш қою арқылы өздерінің жаралы жанына дауа іздейтінін білемін. Алғашқы сәтте мұның бәрінің өткінші екенін санаң қабылдай алмайды. Кенеттен ойсырап қалған кеңістікті әйтеуір бір нәрсемен толықтырғысы келетін алдамшы сезім. Жақын адамыңнан айырылу оңай емес, бәріміз сол жолдан өткенбіз. Ана дүниелік болған әке-шешені, бауырды, артында қалған перзенттері, бірге туғандары, көзін көрсе немерелері іздейді. Одан арғы толқынға – бөтенсің. Бұл – табиғаттың заңы», дейді М.Исмаилов.
Оның айтуынша, салттық қызметке қатысты заңсыздықтың бәрі ауруханада, мәйітханадағы аса құпия саналатын ақпараттардың сыртқа шығып кетуімен басталады екен. Басқаша айтқанда, кейбір жекеменшік компаниялар артында қалған туыстарының есігін қағып өздерінің «қызметтерін» ұсынатын көрінеді. 2019 жылы Астанада құқық қорғау қызметкерлерінің қаза тапқандар туралы деректерді жерлеу қызметтеріне сатқаны туралы ақпараттан жанымыз түршіккен. Сол кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция департаментінің басшысы Анар Жарова жерлеумен айналысатын компаниялар өкілдері қайғылы оқиғадан кейін қайтыс болған кісінің үйіне бірден келетін жағдайлар жиі кездесетінін айтқан. Анықталғандай, қаза болған азаматтардың жеке дерегін «102» деректер базасынан сыйақы үшін полиция қызметкерлері берген. Нәтижесінде, Астананың Алматы және Сарыарқа аудандарының полиция басқармалары кезекші бөлімдерінің 9 қызметкері (көбісі майор шеніндегі) қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін қызметтен босатылды.
«Мұндай жағдай өзімнің де басымнан өтті. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыда ауруханада жатқан анамның қайтыс болғаны туралы хабарлады. Жиналып, жолға шықпай жатып, өздерін салттық қызмет көрсететін компания өкілдеріміз деп таныстырған жас жігіт есігімді қағып, жерлеу рәсімдерін ұйымдастырып бере алатынын айтып тұр. Жалпы, бұл мәселені осыған дейін де бірнеше рет көтердім, тіпті бірнеше министрлік деңгейінде баяндама жасадым. Мұндай рәсімдік қызмет көрсету бизнесін шырмап алған сыбайлас жемқорлықтың құрсауын ыдыратуға әзірге ешкімнің шамасы келер емес. Себебі мемлекет ритуалды қызмет нарығындағы бағаны реттемейді, осы қызмет түрімен айналысу үшін лицензия да қажет емес. Демек бұл сала көлеңкедегі «ықпалды көкелердің» қолындағы майшелпек», дейді М.Исмаилов.
Ол сөз арасында еш жерде тіркелмеген бірнеше компания туралы білетінін де айтып өтті. Оларға кеңсенің де қажеті жоқ. Қолында ақпарат берушілердің және қайтыс болған адамның жақын туысының мекенжайы жазылған ұялы телефоны болса, болды. Катафалкіні басқалардан 25-30 мың теңгеге жалға алып, қаралы үйге 40-50 мың теңгеге ұсынады. Қордайдағы мәрмар тасты қашап, Алматыға әкелу 30-50 мың теңгенің айналасында болса, «қара агенттіктердің» араласуымен 150-200 мыңға дейін өсіп кетеді.
Кеңсайда жер – тегін
Алматыдағы рәсім қызметтерін көрсету комбинаты Алматы әкімдігіне қарайды. Қаладағы 70 зираттың бәрі – солардың қарауында. Сарапшының айтуынша, жерлеу мен рәсім қызметтерін көрсету – екі бөлек міндет. Халық тек жерлеу қызметін төлейді. Жер кодексіне сәйкес, зираттарға бөлінген жер ортақ қолданыста болғандықтан азаматтарымызға тегін беріледі.
«Жер үшін ақы алуға ешкімнің хақысы жоқ. Зираттағы жер марқұм болған адамның қайтыс болғанын растайтын медициналық құжат негізінде беріледі. Біреудің өлімімен өмірін түзейтін кей делдалдар осы қызмет түрлеріне аспандағы бағаны қойып алып, бизнесін дөңгелетеді. Салттық қызмет көрсететін заң зират басына қойылатын құлпытастардың өлшемін, жерлеу бағасын реттейді. Бізге марқұмның аты-жөні мен өмір сүрген жылдары жазылса, болды. Заң түзелсе, көлеңкелі бизнестің де жолы кесіледі», дейді М.Исмаилов.
Бірақ бұған алматылықтарды сендіру қиын болып тұр. «Кеңсай» алматылықтардың ұғымында ұлттық пантеон ретінде қалыптасып қалған. Қоғамда шамасы келгеннің бәрі ақыреттік мекенін Кеңсайдан сайлап қойғысы келетіндер да көбейіп барады. Есенғали ақын айтпақшы, «Кеңсайдың жолы – қиын жол, оны қиындатқан – тірілер».
«Менің жұмыс күнім өзімізге қарасты қабірстандарды аралаудан басталады. Осыдан бес-алты жыл бұрын «Кеңсай-2» қорымынан жер саудалап жүрген бір жекеменшік компания өкілдерін ұстап алдық. Осы сәтті пайдаланып мынаны айтқым келеді. Жерлеуге қатысты кейбір заңсыздықтар біздің бақылауымыздан тыс жүріп жатыр. Жерлеу, салттық рәсімдерге қатысты заңның не себептен кешігіп жатқанын түсінбеймін. Қабір қызметі индустриясындағы көлеңкелі бизнестің Алматыдағы жылдық айналымы миллиардтардан асып кетуі мүмкін деген деректер бар. Заңның жоғынан адамдар ақыреттік орындарын да сатып алып жатыр. Ақын Нұрлан Мәукенұлы айтпақшы, «өлінің қамын тірі жеп, тірілер бір-бірін жеп жүр». Бізде тірілердің құқығын қорғайтын заң көп. Бірақ марқұмдарды соңғы сапарға шығарып салу мәселесі заңдастырылмағандықтан заңсыз бизнестің қолындағы күлшеге айналды. Мұндай заң марқұмның артында қалған балаларына, туған-туыстарына салмақ салмау үшін керек», дейді М.Исмаилов.
Осы орайда Алматыдағы салттық қызмет көрсетумен айналысатын компаниялардың бірімен хабарластық. Өзін Наталья Игнатова деп таныстырған маман 2015 жылға дейін Алматыдағы құрылыс компанияларында дизайнер-сәулетші болған. Тапсырыс азайып, тірлігінен мән кете бастаған соң осы кәсіпке ауысқан.
Н.Игнатова бізбен әңгімесінде бейіт басындағы құлпытас сәулетінен сол елдің ұлттық сәулет өнерінің ерекшеліктері байқалып тұратынын айтып берді. Өзбек зиялыларының пантеоны Фараби даңғылында орналасқан. Шағын ғана болса да, керемет абаттандырылған. Себебі кез келген елде бұл бағыт сәулет өнерінің бір бағыты деп қарастырылады. АҚШ қоғамының бейіт құлпытасына деген көзқарасы барынша салқынқанды. Ескерткіш көлемі тек аты-жөні, дүниеге келген, кеткен күндерін көрсеткен кішкентай ғана белгітаспен ғана шектеледі. АҚШ қоғамының бейіттерге деген көзқарасы біздің өлшеммен қарағанда түкке жарымай қалған. Үлкен құлпытастарды және ескерткіштерді сирек көресіз, мүсіндерді, періштелерді, жүректерді, көгершіндерді, тіпті қабіртасқа жазылған ода сөздерді сирек көресіз. Францияның оңтүстігіндегі Ницца қорымындағы әрбір бейіт басындағы құлпытас – бұл дүниеде қалғандардың бар мұңын, басқа әлемге кеткендердің нұры мен үмітін білдіретін мүсіндер ансамблі. Ал посткеңестік елдердегі, әсіресе Қазақстандағы бейіт басындағы ескерткіштер – солардың сауатсыз көшірмесі ғана.
Н. Игнатованың айтуынша, қазақтың қалталылары зират көтеруге келгенде ақшаның мөріне де, бетіне де қарамайды. Тек өзгенің зиратынан биік, әсем және айбынды болса, болғаны. Ал біз өз кезегінде тек бейіттеріміз ғана емес, ақыл-парасатымыздың да, тұрмысымыздың да өзгелерден ерекшеленіп тұрғанын қалаймыз...