Абай • 08 Тамыз, 2023

Біз көрген «Жас Абай»

481 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл хакім Абайдың туғанына 178 жыл толады. Осы орайда жуырда Әбілхан Қастеев атындағы музейде көрген «Жас Абай» картинасы еске түсіп отыр. Портреттің авторы – Әбілхан Қастеев.

Біз көрген «Жас Абай»

Дана, ойшыл Абайдың жазуын­дағы ізгілік пен шуақ әлі күнге дейін қазақ даласына жарық беріп тұр. Оның лирикалық жырлары мен фило­софиялық көзқарасы қасиетімен, те­рең­дігімен құнды.

Белгілі суретші Ә.Қастеевтің 1945 жылы салынған «Жас Абай» суреті ақынға арнап жазылған басқа портреттерден ерекше. Тарихқа көз салсақ, 1945 жылы Абай суретіне арналған республикалық байқау өтеді. Сол байқауда Әбілхан Қастеев туындысы – «Жас Абай» алабөтен назарға түс­кен. Себебі суретшілердің көбісі Абай­дың егде жастағы портретін салып шық­са, Қастеев қана ерекшеленіп, Абай­дың 15-16 жастағы жеткіншек шағын бейнелеген. «Абай жолы» эпопеясының 1-томындағы «Қайтқанда» тарауын оқысақ, осы жас, білімге ұмтылған Абайды көреміз.

Ә.Қастеев бар шы­ғар­машылық ғұмырында Абайға ар­нап отызға жуық картина салған. Бірақ «Жас Абайдың» портреті са­лынған 1945 жыл – суретші шығар­машылығындағы маңызды кезең. Ол бозбала жігіттің есте қа­лар­лық жар­қын бейнесін жасай біл­ді. Жас ақынның әлі ашылмаған мүм­кін­діктерінің күші мен қуатын суреті арқылы көрсетті.

Автор бұл картинаны салу барысында тікелей Мұхтар Әуезовпен әңгімелесіп, мағлұмат жинаған. Жал­пы, Қастеев қандай сурет салса да, алдымен көзіқарақты адамдардан сұрап салатын болған. Осы «Жас Абай» суретін саларда да Мұхтар Әуезовпен сұхбаттаса отырып салып шығады. Сонымен бірге Абайдың ауылына да барған.

Туындыда жас Абай кітап оқып, алған әсерін түу алысқа қарап қоры­тып тұрғандай бейнеленген.