Абай • 09 Тамыз, 2023

Абайдың туған күні қашан?

459 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абайдың туған күні қарсаңында қоғамды ылғи бір сұрақ алаңдатады: ақынның шын туған күні қашан? Қаншама жылдан бері ғалымдар арасында да әртүрлі пікір айтылып келеді. Бірі мерейлі күнді 10 тамыз десе, енді бірі 23 тамыз деседі.

Абайдың туған күні қашан?

Бүгінде Абаймен иықтас һәм қабі­леттес әлем ақындарының өмірде­регі бүге-шігесіне дейін зерттеліп, хат­тал­ғаны былай тұрсын, қай өлеңі қашан, қандай оқиғада жазылғаны анықталып, көз алдымызда тұр. Ал хакімнің туған күні жайындағы көкпарға түскен талас Абайдың әр туған күні сайын қоз­ғалады.

Абайдың туған күні дегенде, ең алды­мен хакімнің көзін көрген, қа­сында талай жыл жүрген Әрхам Кәкі­тайұлының естелігіне жүгінеміз. Онда «Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін 1845 жылы, ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді. Атын арабша Ибраһим деп қояды» делінген. Ал Әрхамның әкесі Кәкітай Абайдың өмірдерегін тұлғаның өзінің тапсырмасымен жазады. Сонда «Абай Жылан жылы, мал күзеуге түсетін кезде туған» деген деректі айтқан. Мал күзеуге түсетін кез, бұл – тамыз­дың соңы.

Еске салсақ, 1918 жылы 26 қаңтар­да Халық комиссарлары кеңесінің төр­ағасы В.Лениннің қол қоюымен, әлеммен бірдей болуы үшін жаңа күн­тізбе енгізілді. Онда 31 қаңтардан кейін 1 ақпан болмай, 14 ақпан болады деп жазылған. Яғни күнтізбе 13 күн­ге жылжытылды. Мәселен, Мұх­тар Әуезов өзі туралы мәліметінде «мен 15 сентябрь күні тудым» деп жазады. Кейіннен өз қолымен 28 қыр­­күйекке ауыстырып жібереді. Яғни Абайдың туған күні ескіше 10 тамыз болғанда – жаңа күнтізбеде 23 тамызға сай келеді.

Ал Қазақ кеңес энциклопедиясында, одан соң Қазақстан энциклопедиясында да Абайдың туған күні ескіше – 29 шілде, жаңаша 10 тамыз делінген.

Тағы бір дерек, Оспанның Жиде­байдағы төрт құлақты зиратын Абай өз қолымен салдырған. Бұл зират өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін болды. Соның басына жүрек секілді малтатас қойылған. Он­да Оспанның туған күні мен қайтыс болған күнін пышақтың ұшымен Абай өзі қашап жазған. Оспан шіліңгір шілдеде өмірден өткен. Сол себептен Абай оның сүйегін Ақшоқыға жеткізе алмай, Жидебайға жерлеген. Кейіннен інісінің қасына өзі дамыл тапты.

Мұхтар Әуезов 1940 жылы Алма­тыда Абайға құлпытас жасатқаны мәлім. Мұны Абайдың 100 жылды­ғынан біраз жыл өткеннен кейін әке­ліп, басына қойдырған. Құлпытасқа «Абай 10 тамыз күні дүниеге келді» деп жаздырған.