– Ел Үкіметінің мемлекеттік білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен оларды есепке алу қағидаларын бекіту туралы қаулысына сәйкес, 2023 жылға әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан 52 305 оқушыны мектеп формасымен және кеңсе керек-жарақтарымен қамтамасыз ету үшін 2,1 млрд теңге бөлінген. Әр балаға 40 567 теңгеден келеді. Бүгінгі таңда 1 178 оқушының ата-анасының жеке есеп шотына әр балаға 40 567 теңгеден қаражат аударылды. Қалған 51 127 оқушының ата-анасының жеке есеп шотына тамыз айының 15-не дейін қаражат аударылатын болады, – деді Алматы облыстық білім басқармасының басшысы С.Беспаева.
Балаларды мектеп формасымен және оқуға қажетті кеңсе тауарларымен толық қамтамасыз ету мақсатында осы жылғы тамыздың 12-і күні Есік қаласында, 19 тамызда Талғар қаласында отандық тауар өндірушілердің қатысуымен мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылады.
– Жаңа оқу жылында 7 балам Талғар қаласындағы Абай атындағы №3 орта мектепке барады. Оның барлығын керек-жарақпен қамтамасыз етуге шамамыздың келмесі анық. Сол себепті Үкіметтің және қайырымды азаматтардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Өйткені баға шарықтап тұр. Аяқкиім бағасы 20 мың теңгеден жоғары болмаса, төмен емес. Санап беретін қалам-дәптердің де бір тоқсанға жеткіліксіз. Былтыр бюджеттен әр балаға 37 мың теңгеден бөлінген. Оны сабаққа кіруге бір күн қалғанда қолымызға алғанбыз. Биылға құжат өткіздік, тамыздың 15-іне дейін түседі деп уәде берді. Бұған да шүкіршілік етеміз, – деген 12 баланың анасы Гүлназ Отынбекованың мектеп жасындағы жеті баласының үлкені 11-сыныпқа барса, үйдегі оныншы бала, яғни 7 жасар Әмина 1-сыныптың табалдырығын аттайды.
Жалпы, жаңа оқу жылында Алматы облысы бойынша 1-сыныпқа 38 700 балдырғанды мектепке қабылдау жоспарланып отыр. Былтыр 37 015 бала мектеп табалдырығын алғаш аттаған болатын.