Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, қазір Каспий итбалықтарының саны – шамамен 311 мыңдай ғана. Тұран жолбарысының аяғын құшудың аз-ақ алдында тұр. Осыған орай, Каспий итбалығы популяциясын сақтау мақсатында қазір бірқатар іс-шара қолға алынды. Мемлекет басшысының «Каспий итбалығы популяциясын сақтау мақсатында табиғи резерват құру» тапсырмасын орындау шеңберінде резерват құрудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобасы әзірленді. Жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздеме бойынша 2024 жылдың шілдесіне дейін Каспий теңізінің акваториясында мемлекеттік табиғи резерват құру жоспарланып отыр.
«Итбалықтар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Бұл түрдің көптігін сақтау және қалпына келтіру мәселесі – менің жеке бақылауымда. Жазда итбалықтар санының азаю себептерін зерттеумен белсенді айналысатын Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтында болдым. Бұл маңызды мәселе жан-жақты ғылыми көзқарасты қажет етеді. Бұған дейін Каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін Маңғыстау облысында мемлекеттік табиғи қорықтар құру жоспарланған болатын. Экология министрлігі бұл жұмысты жеделдетіп, барлық қажетті шешімдерді қабылдауы қажет», деп тапсырған Мемлекет басшысы.
Тапсырманы орындау мақсатында Итбалықтарды қорғау орталығы теңіз биоалуантүрлілігі саласындағы жетекші әлемдік ғалымдардың қатысуымен жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, 8-9 тамыз күндері «Каспий итбалығы популяциясының жағдайы: бүгіні және болашағы» тақырыбында халықаралық жиын болды. Оған Каспий маңы елдерінің ғылыми ұйымдары мен құзырлы орындардың өкілдері, сондай-ақ АҚШ-тың ғалымдары қатысты.
«Жиынның мақсаты – Каспий итбалықтарының популяциясын зерттеу және сақтау тәсілдерін жетілдіру, сол үшін шетелдермен тәжірибе алмасу. Осындай іс-шараларды өткізу бірегей су жануарларын сақтау мәселелерінде бірлескен ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге ықпал етеді», дейді ұйымдастырушылар.
Каспий итбалығы – Каспий теңізі фаунасындағы сүтқоректілердің жалғыз өкілі және эндемигі. Ол трофикалық жыртқыш жануарға жатады. Оның негізгі қорегі – майшабақтар, бұзаубас, атериналар, сондай-ақ моллюскалар мен асшаяндар.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, Каспий итбалығының мекендейтін жерлері Солтүстік Каспий акваториясы және Орта Каспийдің жағалау суларын құрайды. Солтүстікке (оңтүстікке) миграциялаған кезде итбалықтар Түрікменстандағы шекарадан бастап Қазақстан жағалауы бойындағы Жайық өзенінің сағасына дейін «миграция дәлізін» пайдаланады.
Осылайша, Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдардың қатысуымен болған жиында Каспий итбалықтарының жағдайы егжей-тегжей талқыланды. Даниэль Коста, Карлос Дуарте, Томми Найман атты профессорлар жүргізетін зерттеулердің барысы баяндалды. Ғалымдар алдағы уақытта бұл мәселелер өз шешімін тауып, жануарлар өлімін азайтуға әрекет жасаймыз деген ниетте.