Сұхбат • 11 Тамыз, 2023

Кеңес Жұмабеков: Ұлылық өлшемі – қарапайымдылық

430 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Бұл актерді кезінде Әзірбайжан Мәмбетов маңдайынан сипап, Нұрмұхан Жантөрин жақын тартқан. Әнуар Молдабеков арқасынан қағып, ағалық қамқорлығын аямаған. Ал Ебіней Бөкетов, Жайық Бектұров сынды тұлғалардан алған тәлімі өз алдына бір үлкен мектеп. Жастайынан жақсылардың шарапатын көрген әртістің сахнада көптің бірі болуы мүмкін де емес еді. Ұлылар салған ұлағатты жолдың қасиетін ерте түсінген өнер иесі 90 жылдық тарихы бар «Арқаның ақ сарайы» атанған С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында 55 жыл табан аудармай еңбек етіп, бүгінде өнердің тұғырлы тұлғасына айналды. Қарағандының маңдайға басқан қара шаңырағы – Сәкен театрының ардагер әртісі, театр тарланы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, саналы ғұмырын сахнаға арнаған саңлақ актер Кеңес Жұмабековтің театр туралы толғанар толғамдары да өнеріндей өнегелі, тағдырындай тағылымды.

Кеңес Жұмабеков: Ұлылық өлшемі – қарапайымдылық

– Әңгімеміздің әлқис­сасын тағдыр дейтін тылсымнан бастайықшы. Алыстағы Ақжайықта туған Кеңестің ке­лешегі Арқа төріндегі Қара­ғандымен қалай тоғысты?

– Тағдыр деген сөзді жақсы қозғадың, қызым. Жалпы, мен өз тағдырыма риза адаммын. Осы үшін де Аллаға мың да бір шүкір деймін. Иә, туып-өскен жерім – Жайық өңірі. Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына қарасты Майшұңқыр ауылында кіндігім кесілген. Ақжайықтың жағасында қайғысыз-қамсыз, ба­қытты балалық шағымыз өтті. Біз­дің ауыл қазақтың шұрайлы өңірлерінің бірі еді. Көктем мез­гілінде арнасы екі шақырымға дейін жайылып, жаз ортасы ауған­ша құрғамайтын. Сол өзен­нің жағасында емін-еркін асыр салып, күнұзын балық аулайтынбыз. Балықтың молдығы сондай, 4-5 килолық сазандарды балық деп місе тұтпай, ең кемі 15 килолық балық аулағанша тыным таппаушы едік. Сол өзеннің жағасында су кешіп жүріп түрлі ойларға беріліп, қиянға қалықтаған қиял­да­рымызға қанат байлайтынбыз. Ақжайықтың арнасы бізді ар­ман­дауға үйретті. Сол арман алыс­қа жетелеп, оқу бітірген соң Алматының төрінен бір-ақ шық­тық. Сол күннен бастап ару қала мен үшін аяулы мекенге айналды. Өйткені бұл қалада мен Әзірбайжан Мәмбетов, Нұрмұхан Жантөрин, Әнуар Молдабеков сынды ұстаздарымның тәлі­мін көру бақытына ие болдым. Жасыратыны жоқ, оқу бітірген соң Оралыма оралам ғой деп ой­лағанмын. Кейін Алматыға ғашық болып, сонда қалуға бел байладым. Бірақ менің дегенім емес, тағдырдың бұйрығы болып һәм ұстаздарымның кеңесімен Қарағандыға бағыт бұрдым. Сон­дағы Нұрмұхан ағамның ай­тқан ақылы әлі күнге дейін жадым­да сайрап тұр: «Алматыда қал­саң, көптің бірі боласың. Аты­рауға барсаң, ондағы актерлер тұрмақ, театрдың өзі әлі таныла қойған жоқ. Көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі ретінде ғана ауыл-ауылды аралап жүресің. Қазақстанда қалыптасқан облыс­тық театр Қарағандыда ғана бар. Соған баруың керек. Әрі қарай көрерміз. Әнуар ағаң сол театр­дан келді. Аманжол Сәлімбаев деген ағаң режиссер. Соған тапсырамын. Үйіне жатқызады. Қам­қор болады. Қарағандыны қо­лай көрмесең, Семейдің театры­на бар. Осы екеуінде ғана әзір­ше шы­ғармашылық тұрғыдан шың­да­лу мүмкіндігі бар», деген еді жа­рықтық. Содан міне, дәм тар­тып таңдауым Қарағандыға түс­ті. Содан бері 55 жыл өтіпті, Қа­­ра­­ғанды туған қалама айналды.

– Алматы театр студиясын бітіріп келген жас актерді Қа­рағанды қалай қабылдады? Жатырқаған жоқ па?

– Қарағанды емес, керісінше өзім жатсындым бұл өлкені. Қабағы түксиген, сұп-сұр қала ә дегеннен баурап әкете қоймады. Оқтын-оқтын Оралымды ойлай бердім. Бірақ Нұрмұхан ағам айтпақшы, елге қайтқаныммен ол жақта мені құшақ жая қарсы алатын театр да жоқ еді. Ол кезде Оралда орыс театры ғана бар. Қазақ театрын ашудың ауылы әлі алыста еді. Содан амал жоқ, өнер үшін өзімді осы өлкеге қалайда «байлауға» тырыстым. Бағыма орай, Қарағандының сырты суық болғанымен, іші жылы екен. Рухани ортасы, тұғырлы тұл­ғалары еш жатырқамай, ту­ған ұлындай бауырына басты. Ұжы­мым да ұйымшыл болып шық­ты. Жақып Омаровтай талан­ты таудай, адамгершілігі мы­ғым режиссерге жолықтым, Жә­мила Шашкина, Мұздыбек Әб­дікәрімов, марқұм досым Ра­ма­зан Баймағанбетов, Қарғаш Са­таев, Әсия Абылаева сынды театр майталмандарымен бірге қыз­мет ету бақыты бұйырды. Ака­демик Ебіней Бөкетов, жазу­шы Жайық Бектұров, мәде­ниет са­ласының майталманы Рым­ба­ла Омарбекова сынды жақ­сы­лардың шарапаты шабытыма шабыт үстеді. Ол кісілердің әр қойылым сайын пікірлесіп, ме­нің шығармашылық тұрғыдан өсуіме зор септігін тигізгенін қа­лай ұмытайын? Тіпті Ебіней Арыстанұлының Қарағанды мем­лекеттік университетінің (Қар­МУ) филология факультетіне оқу­ға түсуіме ықпал еткенін де өмірімдегі үлкен олжам деп бі­ле­мін. Тағдырыма ризамын деп отырғаным осы, айналайын. Әлі есімде, Ебіней ағамның мы­­на бір қарапайымдылығы ойым­нан кетпейді. Бірде сессия уа­қы­тында ҚарМУ-дың бас ғи­ма­­ра­тына қарай асығып ба­ра жат­қан­мын. Ректордың көлі­гі жаны­ма тоқтай қалды да, арт­қы есігінен еңсегей бойлы Ебі­ней аға түсті. «Өнер адамына сәлем берейік деп тоқтап жа­­тыр­­­мыз. Ертең сөзге қалып жү­рер­­­міз», деп менімен жылы ұшы­рай амандасты. Неткен қара­пайым­дылық! Тау тұлға осы бір қа­рапайымдылығымен ме­нің есімде мәңгілікке қал­ды. «Ұлы­лық­­тың өлшемі – қара­пайым­ды­лық екен-ау», деп ойға қа­лып едім сол кезде. Кейінгілер қайрат­кердің осы бір қасиетінен үлгі алса, қанеки?

– Жалпы, Қарағанды мен Орал­­дың арасында тамаша бір тарих һәм тағылымды ру­ха­­ни көпір жатыр десек, қате­леспейміз. Оның ең әуелгі дәне­кері – Қарағандының аяулы перзенті, қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолов бол­са, айтулы ізгі қадам осыдан 55 жыл бұрынғы сіздің шеші­міңізбен қайта жаңғырған сынды... Сол секілді Алаш арысы Сәкен Сейфуллин есімінің де сіздің тағдырыңыздағы орны ай­рық­ша екенін байқадық.

– Оның рас, қызым. Қасымның Ақжайықта ізі қалған. Орал хал­қы Қасымды әлі күнге дейін пір тұтады. Өздеріңіз білетіндей, ақын майданға дейін де, майданнан оралған соң да Оралда біршама жыл тұрақтады ғой. Тіпті Орал педагогикалық институтына құжат тапсырып, оқуға түсуге де ниеттенген. Алайда қазаққа деген шексіз махаббатты мен сол жолдағы батыл шешімдері оның жолын кес-кестеді. Институттың оркестрінде көркемдік жетекші болып жұмыс істеп жүрген ке­зінде атаулы мерекеге концерт дайындау міндеті жүктеліп, Қа­сым ақын соның сценарийін жазады. Ол кезде барлық дүние об­­ком­да бекітілетін заман. Ал об­­ком­ның үшінші хатшысы орыс ұл­ты­ның өкілі екен. Қасым жаз­ған сценарийді өзгертіп, қазақ әндері мен күйлерін қысқартып тастайды. Шенеуніктің «Қазақша бір ән, екі күй орындасаңдар же­те­ді» деген нұсқауына келіс­пе­ген ақын обком бекіткен сценарийден ауытқып, оркестрге қо­сымша екі күй орындатып жібе­реді. Осы әрекеті үшін оның Орал­дағы жолы кесіліп, ақын кейін Алматыға кетуге мәжбүр болған.

Ал Сәкенге келсек, менің өмі­рімде Сәкенмен байланысты сәйкестік көп. Жетіжылдық мектепті бітірген соң Орал қала­сындағы Сәкен Сейфуллин есімін иеленген қазақ мектеп-пансионатында оқыдым. Бұл мектепті 1923 жылы Сәкен Сейфуллин ашқан екен. Ол кезде Сәкен атамыздың Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы болып тұрған кезі. Оралға келген бір сапарында қалада қазақ мектебі жоқ екенін біліп, мектеп ашуға шұғыл тапсырма береді. «Қалада қазақтар аз, мектептің қажеттілігі өзекті емес» деген сыңайдағы жергілікті биліктің сылтауына: «Неге қа­жет емес? Бұл Орал – қазақ елі­нің ғана емес, тұтас Азияның қақ­пасы. Сондықтан бұл қалада қазақ балалары оқитын мектеп бо­луы керек», деп жауап берген екен. Сөйтіп, тікелей өзі ба­қы­л­ауға алып, қаржы бөліп, сол мен оқыған мектепті ашады. Пансионатқа 1964 жылы ақын­ның 70 жылдығына орай Сәкен Сейфуллиннің есімі берілді. Сәйкестік деп отырғаным сол, Сә­кен мектебін бітірген мен кейін тағдырдың жауымен қиян­дағы Қарағандыға келіп Сә­кен есімін иеленген тетатрда қыз­мет жолымды бастадым. Елу бес жыл сол театрда табан аудар­май еңбек етіп келемін. Өмі­рімнің еңбір сәулелі сәттері осы қалада, Сәкен атындағы театр­да өтті десем, титтей де қате­лес­пеймін. Сондықтан да мен шығармашылық жолымды «Сә­кен мектебінен – Сейфуллин театрына дейін» деп айрықша айшықтап айтып отырамын.

– Енді осы Сәкен театрын­дағы өнермен айшықталған өміріңізге тоқталайықшы... Жарты ғасырдан аса ғұмы­рыңыз­ды арнаған театрдағы жар­қын сәттеріңіз несімен қы­зық, несімен құнды?

– Алла жазса, күзде 75 дей­-
­тін мерейлі жастың есігін қақ­қа­­лы отырмын. Соның 55 жы­лы осы театрда, Сәкен театры­­ның сахнасында өтіпті. Бір адам­­ның ғұмырына пара-пар уақыт. Албырт шақта асқақ арман­мен келіп осы бір құтты қара­ шаңы­рақтың табалдырығын аттап едім. Бағыма орай жақсы адамдармен жаным жанасты. Қиялымда жүрген көп рөлге сахналық ғұ­мыр сыйладым. Осының бар­лы­ғы үшін Жаратқанға мың да бір шүкір деймін. Актерлік ма­мандық деген шынында да Алланың берген ерекше сыйы ғой, тіпті тамаша қасиеті десем де бо­лады. Кез келген адам ақын, кез келген адам рухани теңізге еркін шомып, актер болып кете алмайды. Талантсызды бәрібір толқын итеріп қайраңға шығарып тастайды. Өнерді мұхит десек, демек сахна тек мықтылардың мекені болғаны. Десе де мен өзім­ді келе салып мықты болып кеттім деп айта алмаймын. Мені өсірген өнерге деген шек­сіз құштарлығым ұстаз­да­рым­ның ақыл-кеңесі, теңдессіз тә­лімі деп батыл айта аламын. Та­лант қашанда тәжірибемен шың­далады ғой. Мәселен, бірер жыл бұрын ұжымымыздың арнайы шақыруымен Мәскеуден Гүлназ Балпейісова есімді қазақтың талантты қызы келіп М.Әуезовтің «Қарагөз» қойылымын жаңаша фор­мада қойды. Жастармен бір­ге маған да рөл берді. Қуана қа­был алып, жас демей жанталаса жұмыс істедім. Өйткені өнер­де жас, кәрі деген жоқ. Сах­на тала­бы бәріне бірдей. Аталған рө­л­ден ерекше шабыт алдым. Үйре­нері һәм үйретері болса, қан­дай режиссермен болсын жұ­мыс істеу үлкен бақыт. Жал­­­пы, мен жаңа­лыққа құштар адам­­мын. Ал енді рөлге келсек, мен рөл таң­­дайтын актерлердің қатары­нан емеспін. «Балуанға оң-солы бірдей» демекші, осы күнге дейін режиссер сеніп тапсырған рөл­дің барлығын кемеліне келтіре кейіптеуге барымды салдым. Се­бе­бі режиссердің талғамы дөп ке­ліп, сол рөлге сені лайық көріп тұ­рса, одан бас тарту мүмкін емес. Мей­лі ұнамды кейіпкер, мей­лі ұнам­сыз кейіпкер болсын, ой­науың – шарт. Сенің мақ­­са­тың – сол рөлді шынайы сом­дау. Сондықтан мен бар­лық рөлді көп ізденіспен, зор дайын­­дықпен ойнауға тырыс­тым. Соның нәтижесі болса керек, қай рөлім де сыншылар мен көзіқарақты көрермен тарапынан жоғары бағаланды. Оның айқын дәлелі – Сәкен Жүнісовтің «Өліара» пьесасындағы Ленин рөлі үшін облыс театрлары арасында Мемлекеттік сыйлықты алған тұңғыш актермін. Жалпы, актер адам қай рөлін де сыйлық, марапат үшін ойнамайды ғой. Бірақ еңбегің еленіп, мамандар тарапынан лайықты бағасын алып жатса, ол да үлкен бір ба­қыт. Осы тұрғыдан келгенде өзім­­ді өкініші бар актер санамай­мын. Сәкен театры маған шығар­ма­шы­лық адамы сезінуге тиіс сәуле­лі сәттердің барлығын сыйлады. Осы үшін де 90 жыл­дық та­рихы бар тағылымды ор­дама ай­тар ал­ғы­сым мен ризашы­лығым шексіз.

– Иә, шығармашылық өмір­баяныңызда Ленин рөлінің алар орны айрықша. Айтулы рөл­ге қандай артықшылығы үшін Мемлекеттік сыйлық бе­ріл­ді деп ойлайсыз?

– Ленин рөліне бекітілген соң белгілі қаламгер Жайық Бек­­тұровпен көп кеңестім. Ол кісі Лениннің барынша қатал бейнесіне жақындай түсуің керек. Оның диктаторлық қырын аша түссең, бүгінгі талап үдесінен де шығасың, ертеңгі тарих алдында да ұялмайсың деген кеңес берді. Мен солай істедім. Бұл шешімімізді автор Сәкен Жүнісов те қолдады. Ал сол «Өліара» қойы­­лымын көргеннен кейін ака­­демик Ебіней Бөкетовтің: «Мен Кеңестің Ленинін көріп, Ле­нин қазақ па деп қалдым. Мен Ле­нинді ойнағандарды Мәс­кеу­дің, Ленинградтың, Харьков­тің
театрларынан көрдім. Дәл Ке­ңес­­тің Лениніндей Ленин кез­дес­­тірмеппін» деген бағасы сіз­дің сұрағыңызға толық жауап бере­ді ғой деп ойлаймын. Жалпы, актер­дің сыншысы – көрермен ғой. Көрермен көңілінен шыққан қойы­лымның ғұмыры да ұзақ болады.

– Сахнада сәтті рөлдер сомдап қана қоймай, театрдың да бас­­шылық қызметін біраз жыл тізгіндедіңіз. Актер адам үшін әкімшілік қызмет қанша­лық­ты ұтымды шешім деп ой­лай­­сыз? Басшылықтағы жыл­да­рыңыз шығармашылық мүм­кін­­діктеріңізге шектеу бол­ған жоқ па?

– Шектегенде қандай, бірне­ше жыл өнерден алыстадық. Шығармашылық адамының өзін тұтастай өнерге арнағанынан асқан бақыт жоқ шығар. Алай­да кейде кейбір шешімдер шара­сыздықтан қабылданды ғой. Ме­нің де басшылыққа келуім сон­дай себептерге байланысты. Сәкен театрына екі рет директор болдым. Ұжымды алғашында – 4 жыл, кейін 8 жыл басқардым. Жас­тайымнан қабылданған
театрым ғой, көркеюіне үлес қос­қым келді. Екінші үйіме айналып кеткендіктен, өнер ордасының сол кездегі жағдайына жаным ашыды. Осы себептен ғана ди­рек­торлықтан бас тарта алма­ған едім. Бірақ сол шешім кейін өзімнің шығармашылық өсуі­ме кедергісін тигізе жаздады. Жоғарыда айтқан Ленин рөлі­нің Мемлекеттік сыйлыққа ұсы­ны­лып жатқан кезінде мен театр директоры лауазымында едім. Сол сәтті оңтайымен пай­да­лан­­ған күншілдер сол сәтте-ақ Ал­матыға: «Қызметтік мансабын асыра пайдаланып, директор айтулы сыйлыққа өзін ұсынды. Жекелей актерлерін айтпағанда, тұтас театр ұжымы елеусіз қал­ды» деген мазмұнда арыз түсі­ріпті. Белгілі театр сыншысы марқұм Әшірбек Сығаев сол кезде Мәдениет министрінің орынбасары еді. Маған дереу телефон соғып: «Кеңес, шұғыл өтініш жаз да, директорлықты тапсыр. Арыз түсті. Ертең кедергі болады» деді. Осыдан кейін еш ойланбас­тан директордың кабинетінен шықтым да, сахнама қайта оралдым. Қазір ойлаймын, егер сол креслода өткен он екі жылымды қайтып берсе, мен ғұмыр бойы армандап өткен рөлдерімді сомдап, Сәкен театрының абыройын асырған болар едім деп. Бірақ өткенге өкінбеймін. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» демей ме? Құ­дайға шүкір, қазір де бабымыздамыз. Оңтайымызға келер жақсы рөлдер беріліп жатса, ойнап шығуға қашанда әзірміз.

– Бүгінде Сәкен театрының ақсақалына айналдыңыз. Кейін­гі өсіп келе жатқан жас сахна­герлердің аяқалысын қалай бағалайсыз?

– Ұлы Мағжанның «Мен жастарға сенемін!» деген керемет сөзі бар ғой. Мен қазір театр
қабырғасындағы қаулап өсіп келе жатқан жастардың қарқынына қарап қуанамын. Бүгінде Сәкен театрының 80-85 пайызы жас­тар және жай жастар емес, бар­­лығы шетінен «сен тұр, мен атайын» деген талантты жастар. Көп­шілігі Алматыдағы Т.Жүр­ге­нов атындағы өнер акаде­миясы мен елордамыздағы Ұлт­тық Өнер университетін біті­ріп кел­ген түлектер. Қай-қай­сы­сы да үлкен мектептен өткен, тәжі­рибелі ұстаздардың алдын көрген жас талаптар. Өнер­ге үлкен дайындықпен кел­ген­дері бірден байқалады. Ізденіс­теріне қарап көз сүйсінеді. Театр үшін бұдан асқан бақыт бар ма? Әрине, бұл сүйсініс бұған дейін театрымызда талантты жас болмады деген сөз емес. Осы күнге дейін жастар арасында тек Қарағандыда ғана емес, Қазақстан көлемінде қара үзіп жүрген талант Дина Заитованың өзі неге тұрады! Талай фестивальда топ жарып, үздік актриса атанып жүрген Динаның талантына Ресей, Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген театр сыншыларының өзі тәнті болып, таңдай қағысып кеткен болатын. Сонда кәсіби сарапшылар Динамызды көріп таңғалды. «Мы­нандай актрисаға бөлек пьеса жазылу керек» деді. Баға ма, баға! Оны және шақырмаған театр жоқ. Ешқайсысына бармады. Сәкен театрында қалды. Мұндай бағадан соң, театр директоры Құрман Қалымов пен көркемдік жетекші, талантты режиссер Айдын Салбан арнайы спектакль қойғысы келді. Әлі ізденіс үстінде. Дина сияқты хас таланттарға әлемдік деңгейдегі «Клеопатра», «Медея» сияқты пьесаларды арнайы қою керек деп есептеймін. Сонда олардың шығармашылық мүмкіндіктері толыққанды ашылмақ. Жалғыз Дина емес, театрымызда одан басқа да таланттар баршылық. Әрқайсысы бір-бір төбе. Сейфул­лин атындағы облыстық акаде­миялық Қазақ драма театрының бүгінгі келбеті – осы. Театрдың жартысынан көбі жастар болған­дықтан, болашағы зор демесіңе қоймайды. Ал мұнда ертеден келе жатқан аға буын өкілдері, үлкен мектеп барын қозғасақ, тым ұзаққа кетіп қаламыз.

– Сіздің тамаша актер ғана емес, жақсы жазушы еке­ніңізді де білеміз. Сахнада талай тұлғаны тірілтіп жүрген еңбегіңіз де елеулі...

– Әңгімеміздің басында айтып өткенімдей, актерліктен кейін академик Ебіней Арыстанұлының кеңесімен ҚарМУ-дың филология факультетін тәмамдадым. Бойымдағы жазуға деген құштар­лық біраз тұлғалар туралы тол­ғантты. «Замана, неткен тар едің», «Қазыбек би», «Ата пары­зы», «Көмекей әулие», тағы да басқа пьесаларым сахнаға шы­ғып, көрерменмен қауышып үл­герді. Алда тағы да жазсам деген та­қы­рып көп. Құдай қуат берсе оған өздеріңіз куә бола жатарсыз­дар. Бастысы, еліміз аман болып, шы­ғармашылық әлеуетіміз ша­рық­тай берсін деген тілек бар бізде.

– Әңгімеңізге рахмет.