Жастар • 11 Тамыз, 2023

Жастар саясаты: Жеңісі мен жемісі

796 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Ал жас буынды қолдау – мемлекет саясатының бір тармағы. Бұл орайда 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтардың табысты әлеуметтенуі және түрлі шешімді қабылдауға толық қатысуы, рухани, мәдени, білім беру, кәсіби және физикалық тұрғыдан толыққанды дамуы үшін барлық қажетті жағдайды жасау маңызды рөл атқарады. Еліміздегі 6 млн жастың осы бағытта ілгерілеуі үшін қандай іс-шаралар қолға алынған, құқықтық мүмкіндіктер қарастырылған ба?

Жастар саясаты: Жеңісі мен жемісі

Қай уақытта болсын, қазақ қоғамы жастарға иек артып, келер ұрпақтың әлеуетіне сенетіні атам заманнан аян. Содан болар ел тәуелсіздігін жариялағалы 32 жылда «Жастар саясаты туралы» Заң бірнеше рет қабылданды. Негізі алғаш егемендік тұсында 1991 жылы 28 маусымда «Қазақ КСР-дегі мемлекеттік жастар сая­саты туралы» атауымен бастау алған. Бұл құжат экономиканың бір түрінен екінші түріне көшуді көрсететін нормативтік-құқықтық акт болды.

Кейін араға 8 жыл салып, Жастар саясатының тұжырым­дамасы бекітілді. Құжатта келешек азаматтардың адамгершілік рухани дамуы, әлеуметтік-эконо­­микалық қажеттіліктерін жүзе­ге асыру, зияткерлік және физи­калық дамуына жағдай жасау, еңбек, білім және денсаулық сақ­тау саласындағы құқықтарды қам­тамасыз ету, халықаралық мәде­ни, экономикалық, ғылыми және білім беру үдерістеріне қатысу мәселелеріне басымдық берілді.

Алайда жастарға тың серпін бергені 2004 жылы 7 шілдеде қабылданған «Қа­зақ­стан Республикасындағы мемле­кет­тік жастар саясаты туралы» заңы еді. Өйткені мұнда алғаш рет жастардың жас шегі 14 пен 29 аралығы деп белгіленді. Жаңашыл бастама осы санаттағыларды жеке әлеуметтік демографиялық топқа бөлуге, белгілі бір әлеуметтік құқықтар мен мемлекеттік кепілдіктер беруге жол ашты. Тек 2015 жылы құжатқа бірқатар өз­герістер мен толықтырулар енгізілді.

– Сол құжат 18 жыл бойы өзгеріссіз сақ­талды. Алайда заман талабына сәй­кес жаңа заң қажет екені байқалды. Себебі жастардың талабы, өмір сүру деңгейі, көзқарасы уақыт ағынымен өзгерді. Соған сәйкес заңға да жаңа­шыл­дықтар керек еді. Осы мақсатта 2022 жылы жастар саясаты туралы заң жаңартылды. Онда жастарды дамыту индексін, жастарға арналған әлеуметтік қызметтерді енгізу, жастармен жұмыс жөніндегі маман, NEET санатындағы жастар ұғымдарын және оның санын азайту үшін іс-шараларды жүзеге асыру жөніндегі мемлекеттік орган­дардың құзыреттерін бекіту, сон­дай-ақ жас­тар еңбек жасақтарының қызметін жүйелеуді көздеді. Осылайша, биыл 1 наурыздан бастап «Мемлекеттік жас­тар саясаты туралы» Заң жаңартылып толық күшіне енді. Құжаттың басты жаңалығы 35 жас­қа де­йінгі азаматтар жастар қатарына жатқызылды. Бұған қоса сарапшылар мен жұртшылықтың пікірін ескере отырып, жастар өмірінің түрлі салаларында 12 инди­каторға қол жеткізуді көздейтін 2023-2029 жыл­дарға арналған Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабыл­дан­ды. Тұжырымдаманы іске асыру барысында «Жастар» ғылыми зерттеу орталығын бірыңғай республикалық ғылыми-әдістемелік орталық ретінде дербес ұйымға айналдыру мәселесі пысық­тал­ды, – деді Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігі Жастар және отбасы істе­рі комитеті төрағасының орын­басары Роллан Құспан.

Сайып келгенде, елімізде «жастарға арналған саясаттан» «жастармен нақты жұмыс істеуге» түбегейлі көшу қажеттігі туын­дады. Яғни мемлекеттік жастар сая­саты объектісінен жастар мемлекеттің негізгі субъектісі мен серіктесі ұстаным­дарына ауысатынын білдірді.

– Жастар – мемлекеттік құрылымдағы ең үлкен әлеуметтік топ. Басқаша айт­қан­да, болашақ демографиялық дивиденд. Бүгінгі жастардың басым бөлігі – тәуелсіз елде дүниеге келгендер. Әдетте, әлеуметтанушылар оларды Y, Z ұрпағы деп те қарастырады. Соңғы Z ұрпақ (1996-2012 жылдар аралығы) саяси және экономикалық тұрақтылық жыл­дарында дүниеге келгендіктен қо­ғамдық, саяси, әлеуметтік, медиалық және ақпараттық шынайылыққа әлеу­ме­ттенген. Сәйкесінше, бұл олар­дың құндылықтарына да әсер етеді. Жалпы, жас­тар мәселесінің бүгінгі таңдағы өзек­тілігі – осы бағыттағы мем­лекет саяса­тының маңыздылығын, бағдарын айқын­дап отыр. Бақылап қара­сам, бүгінгі жас­тар қоғамдағы саяси үдерістерге белсене ара­ласа бастады, – деді әлеу­мет­танушы Алмагүл Мусина.

Бүгінде еліміздегі жастар қауы­мы­ның үлесі 3,7 миллионнан 6 мил­лионға көбейді. Демек мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­лардың игі­лі­гін көретіндер саны да артты. Қазір жастардың даму индексі, NEET сана­тын­да­ғы жастар, жастармен жұмыс жөніндегі маман, жастардың еңбек жасақ­тары секіл­ді ұғымдар ресми түрде қол­данылып жүр. Бұл Мемлекет бас­шы­сының бастамасы­мен жасалған рефор­ма­лардың бір көрінісі еді.

Қоғамның көкейкесті мәселесіне ай­нал­­ған жастардың жұмыссыздығы осы заң ая­сында жүйеленіп келеді. Жоғарыда атап өткендей, «Жастар практикасы», «Дип­лом­мен – ауылға!», «Серпін», «Жас­тар – ел тірегі», «Жасыл ел» сынды мем­­ле­кеттік бағдарламаға қазір 35 жасқа дейінгі азаматтар да қатысып жүр. Әсіре­се, не еңбек етуге, не оқуға құлқы жоқ NEET жастардың санын мейлінше азайту мақсатында бірқатар іс-шара қабылданды.

– 2023 жылдың І тоқсанының қоры­тындысы бойынша жастар жұмыс­сыз­ды­ғының деңгейі  4,1 пайызды құрады. NEET жастарының үлесі – 7,9 пайыз. Өңірлік жастар ресурстық орталықтар құрылымында NEET санатындағы жасты атаулы жұмыс бойынша арнайы бөлімдер құрылды. Сонымен қатар жыл сайын гранттық қаржыландыру шеңберінде NEET жастарын жұмыспен қамту және әлеуметтендіру, кәсіптік бағдар беру жұмысы, жастарды еңбек нарығының қажеттіліктері туралы ақпараттандыру бойынша жобалар іске асырылады. 20 мыңнан астам жастарды, соның ішінде NEET санатын­дағы жастарды қамти отырып, кәсіби бағдар беру жұмысы бо­­йынша жастарға арналған 100-ден астам онлайн-семи­нар өткізілді. Тұрақты түрде онлайн және офлайн режімде бос жұмыс орын­дары жәрмеңкелерін өткізіледі. Жас­тар­ды жұмыспен қамту жөніндегі іс-шаралар 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жұмыс іздеп жүргендер, жұмыссыздар және азаматтардың жекелеген санаттары еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен білікті­ліктер бойынша қысқамерзімді оқыту курстарынан, жұмыс орнында оқытудан, «Электрондық еңбек биржасы» базасында онлайн оқытудан өте алады, бизнес идеяларды іске асыру үшін өтеусіз мемлекеттік гранттар мен микро­кре­диттер алуға, сондай-ақ жастар қата­рын­дағылар өз мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу үшін «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына қатыса алады. «Жастар практикасы» 6 айдан 12 айға дейін, және «Алғашқы жұмыс орны» 12-ден 18 ай­ға дейін ұзартылды. Бұған қоса аталған жобалардың жалақысы да өсті. Жоғарыда аталған шаралар тұ­рақ­ты жұмыс орындарына – 107,2 мың аза­­маттарға өз идея­ларын іске асыру үшін мемлекеттік грант­тар беру арқы­лы өз бизнесін ашу үшін жағдайлар жа­сал­ған, – деді Ақ­па­рат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан.

Жастардың тағы бір уайымы – бас­пана. Өйткені бұл заманда үй алу мен үй салудың машақаты олардың бас ауруы­на айналды. Талай жастар қаржы жетіс­пей қиналып, ащы суды ұрттап, қылмысқа да салынып, айырылысып та жатыр. Яғни бір проблеманың ізінше туындап жатқан мәселелер жетерлік. Статистикалық деректерді бағдарласақ, қазақ жастарының тек 18 пайызында жекеменшік үй бар. Елдегі әр төртінші жас жалдамалы пәтерлерді паналап жүр. Ал 52%-ы ата-анасымен бірге тұрады. Түйткілдің түйінін тарқату үшін осы санаттағы азаматтарға арналған «Елорда жастары» мен «Алматы жастары» сынды ипотекалық бағдарламалар 2025 жылға дейін барлық облыста іске қосылмақшы.

– 2019 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға бері­ле­тін тұрғын үй» бағдарламасы шең­берінде 2019 жылдан 2022 жылға дейін Астана, Алматы, Шымкент қала­лары бойынша 7 мыңнан астам пәтер берілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жастарға 5 жыл ішінде жеке тұр­ғын үй сатып алуға бастапқы жарна жи­науға жағдай жасау. Өз кезегінде, жалға бе­рі­летін тұрғын үй тетігі өз құқық­та­рына тұрғын үй сатып алу бойынша же­ңіл­дікті бағдарламаларға қатысу үшін өз тұрғын үйін сатып алуға бастапқы жарнаны жинақтауға мүмкіндік береді, «Отбасы банкі» депозитінде бес жылға дейін жинақтауды көздейді. Сонымен бірге «Отбасы банк» әртүрлі санаттағы азаматтарға арналған «Бақытты отбасы», «Өз үйім», «Шаңырақ», «Әскери бас­пана», «Жас отбасы» ипотекалық бағ­дар­ламаларын іске асырады. Бұған қоса қазіргі кезеңде жастарға қолжетімді тұр­ғын үй ипотекалық кредит бойынша бір жылдың пайыздық мөлшерлемесі 5 па­йыз, бастапқы жарна – 10-нан 20 пайызға дейін, мерзімі 20-25 жылға дейінгі өңірлік тұрғын үй бағдарламалары 14 өңірде (Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Абай, Павлодар, Ұлытау – облыстарында) іске асырып келеді. Жалпы жастар арасындағы суицид, қылмыс, баспанамен, жұмыспен қамту, білім мәселелері және тағы да басқа 30-дан астам тармақ барлық деңгейдегі әкімдіктердің даму картасына енгізілді. Бұған қоса «Мем­лекеттік жастар сая­саты туралы» заңның 5-бабы­ның 2-тарма­ғы­на сәйкес Үкімет «Қазақ­с­тан жас­тары туралы» жыл са­йын рес­пуб­ли­калық деңгейде Ұлттық баяндама әзір­лейді. Ұлттық баяндаманың құры­лы­­мы жастардың демографиялық сипаттамалары мен әлеуметтік-экономи­калық жағдайын, оның ішінде оның денсаулығын, білімін, құндылық бағдар­ларын, қызығушылықтары мен бос уа­қытын қамтиды, – деді Роллан Құспан.

Әйгілі ағылшын премьер-министрі Маргарет Тэтчердің «Мемлекеттің бірін­ші байлығы – халық. Үкімет тек оның әлеуетін ашуға көмек беруі керек», деген парасатты сөзі бар. Мұнымен Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыздың ойлары да ұштасады. Бірақ осы әлеуметтік жауапкершілікті сезінбей, мемлекеттің қолдауына еліріп жүрген инфантилді жас­тарда бар.

– Жалпы, жастарды қолдағанымыз жақсы, десек те, мен үйрену, баулу дұрысырақ дер едім. Өйткені қолдау инфан­тилизмнің, масылдықтың пайда болуына түрткі болуы мүмкін. Ал жастарға белгілі бір дағдыларды беру, еңбекке бау­лу олардың азаматтық белсенділігін, жауапкершілігін оятады. Ал мемлекет саясаты туралы ақпаратты дұрыс тарату жергілікті жастар ұйымдары, билік ор­ган­дарының құзыретінде. Яғни аймақтық деңгейде мемлекеттік жастар саясаты аясында жүзеге асатын жобалар мен бағдарламалар туралы белсенді жұмыстар атқарылуы керек. Егер жергі­лікті жерлерде, аймақтарда мұндай жұмыс жүргізілмесе, жастардың нақты қа­жет­тіліктері мен сауалдары жауапсыз қала береді. Бұл тұйық шеңбер іспеттес, нара­зылық пен қанағатсыздықты өршіте береді, – дейді әлеуметтанушы Рамазан Салықжанов.

Қорыта айтсақ, ұлттың кемел келешегі үшін бүгінгі жас ұрпаққа артылар үміт пен жауапкершілік жоғары. Сондықтан жастардан шынайы патриоттыққа негіз­делген білім мен біліктілік, креа­тив­тілік талап етіледі. Ал мемлекет осы санаттағы азаматтарды қолдап, жастар саясатын жүйелі жүзеге асырса, еліміздің іргетасы мықты қаланатынына сенім бар.