ANTIKOR • 14 Тамыз, 2023

Антикор көлік рәсімдеудің қитұрқы әдістерін қолданбауды сұрады

183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда көлік құралдарын заңсыз ресімдеумен айналысқан қылмыстық топтарға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Соңғы уақытта жиілеп кеткен мұндай заңсыз әрекеттердің жолын кесу мақсатында тиісті жұмыс атқарылды. Осы тұста Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ІІМ-мен бірлесіп арнайы ХҚКО қызметіне мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Антикор көлік рәсімдеудің қитұрқы әдістерін қолданбауды сұрады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг барысында автокөліктерді заңсыз тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру шарттары анықталды.

Мониторинг нәтижелері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі уәкілетті мемлекеттік органдардың атына 22 ұсыныс жолдады. Қазіргі таңда ұсыныстардың жартысынан көбі орындалды.

Мәселен, ІІМ өзінің барлық аумақтық бөлімшелерінде автокөлік құралдарының дерекқорын түзетуге қолжетімділікті жапты.

Айта кетсек, Ішкі істер министрінің бұйрығымен жүргізуші куәліктерін беру рәсімі күшейтілді. Онда емтихан алушылардың міндетті биометриясы мен тестілеудің барлық процесін бейнетіркеу енгізілді, оған қоса емтихандарды қайта тапсыру регламенті де өзгерді.

«Пилоттық режимде арнайы ХҚКО мен ІІМ-де жаңа ақпараттық жүйелер іске қосылды. Жүйеде автомобильдердің деректерін, міндетті төлемдер мен алымдарды, айыппұлдарды автоматты цифрлық салыстыру тетіктері көзделген, кез келген түзетулер үшін мүмкіндіктер алынып тасталды. Сонымен қатар, арнайы ХҚКО қызметкерлерін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілеріне жатқызу ұсынылды. Заң жобасы ҚР Парламентінде қаралып жатыр», делінген ANTIKOR ұсынған ақпаратта.

Арнайы ХҚКО қызметіндегі сыбайлас жемқорлық факторларын жою Антикоррупциялық қызметтің бақылауында екенін де айта кеткен жөн.

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, мамандандырылған ХҚКО-ларда құжаттарды ресімдеуге көмек ұсынатын тұлғалар әлі де болуы мүмкін. «Көмекшілердің» заңсыз қызметтеріне жүгінбеуіңізді сұраймыз. Егер сіз осындай фактілерге тап болсаңыз, онда Антикорға 1424 қысқа нөмірі бойынша дереу хабарлаңыз», деп қосты ведомство өкілдері.