Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі
Аймақтағы елді мекендерді біркелкі жабдықтауды қамтамасыз ету үшін уақытша ажыратуларды «тиімді» әдіспен жүргізу жоспарланған. Бұл белгілі бір аймаққа сәйкес тұтынылатын энергия көлемін азайту мақсатында, тұтынушылар үшін электр қуаты 3-тен 5 сағатқа дейін циклдік түрде өшірілетінін білдіреді. Тұрмыстық энергия тұтынушыларына жоспарланған үзілістер жайлы алдын-ала хабарланатын болады.
«МАЭК» ЖШС-де электр энергиясының жалпы өндіріс қуаттылығы 545 МВт құрайды. Алайда екі электр станциясындағы энергетикалық блогтардың мәжбүрлі тоқтауына байланысты өндіріс қуаттылығы қазіргі таңда 245 МВт-қа дейін қысқарған.
Осы орайда аймақ басшылығы мемлекеттік органдар және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірге ең алдымен әлеуметтік объектілерді электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша жедел штаб құрған.
«Облыс басшылығының төрағалығымен құрылған жедел штабқа уәкілетті мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет өкілдері кірді. Олар электр энергиясын өшіру бірінші кезекте өнеркәсіптік объектілерге әсер ететіні туралы шешім қабылдады. Бұл шешім тұрмыстық энергия тұтынушыларына ыңғайсыздық тудырмау үшін қабылданып отыр. Кейбір кен орындары генераторлармен жабдықталған, ал басқа нысандарда жағдай қиынырақ. Сонымен қатар ауруханалар, балабақшалар сияқты әлеуметтік нысандар электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады. Біз тұрғындардан арандатушылыққа бой алдырмауды, тек ресми дереккөздерге сенуді сұраймыз», деді «Маңғыстау өңірлік электр желісі компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Қасымхан Сыздықов.
Жедел штаб отырысында төтенше жағдай режимін енгізу туралы мәселе қаралды.
«ТЖ енгізу туралы мәселе қаралуда. Әзірге бұл шара тиісті нәтиже бермейді деп есептейміз, өйткені ТЖ режимі тек мемлекеттік сатып алуға қатысты шектеулер енгізуге мүмкіндік береді. Болған жағдайда бізді жүйелік оператор - «KEGOC» АҚ қолдап отыр, ол бізге 80 мВт-қа дейін алуға көмектеседі», деп түсіндірді Жұмабай Қарағаев.
Қазіргі уақытта жедел штаб өңірде электр энергиясын беруді жедел қалпына келтіру бойынша жұмыс істеп жатыр.
- «МАЭК»-тегі апат жойылғанға дейін өңір тұрғындарын осы жағдайға түсіністікпен қарауға, электр энергиясын үнемді тұтынуға шақырамын. Коммуналдық қызмет мамандары күндіз-түні энергия блоктарының жұмысын тез қалпына келтіру үшін жұмыс атқаруда. Бүгін біз «тиімді» өшірудің ең жоғары жүктемелерін сынақтан өткізіп жатырмыз, ертеңнен бастап тұрғындарға барынша ыңғайлы болу үшін, елді мекендерді ажырату кестесін алдын-ала ұсынатын боламыз, - деп қорытындылады Жұмабай Қарағаев.