Аймақтар • 15 Тамыз, 2023

Қойнауына құт дарыған

194 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Тарихы терең, табиғаты көркем Балқаш ауданы – қазақтың біртуар тұлғасы, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған жері. Қасиетті өлке халық қаһармандары Бақтыораз Бейсекбаев пен Мұсабек Сеңгірбаев, жазушы-драматург Бек Тоғысбаев, халық ақыны Медет Жиенбаев есімдерімен де таныс. Іле өзенін жағалай қоныстанған құт мекеннің төскейінде төрт түлігі өріп, астығы мен күріші жайқалып, тыныс-тіршілігі түрлене түскен.

Қойнауына құт дарыған

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Алматы облысының өз алдына­ отау құруы да Балқаш ауданының тұр­ғын­дары үшін басты қуанышқа айналған. Себебі халық саны едәуір өсіп, облыс орталығының тым шалғай болуынан ішкі көші-қон мәселелері күрделене түскені мәлім. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысын екіге бөлу жайындағы шешімін естігенде, өңір тұрғындары бөркін ас­панға ата қуан­ған. Бұған қоса Қапшағай қала­сының облыс орталығы мәртебесін иеленіп, оған Д.Қонаев есімінің берілуі балқаштықтардың қуанышын еселей түскен. Ел тарихындағы бұл жаңа­шылдықтар өңірдің әлеуметтік-эконо­ми­калық, мәдени дамуына соны серпін, тың күш-қуат берді.

Лвд

Осыған орай аталған ауданға Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Талғат Байеділов арнайы іссапармен барып, Балқаш аудандық мәслихатының депутаттарымен кездесіп, келелі мәселелерді талқылады. Депутаттар бас қосқан жиын­­ның жұмысын Балқаш аудандық мәсли­ха­ты­ның төрағасы Кәдірбек Омаров ашып, жүргізіп отырды.

«Президентіміздің бастамасымен кейінгі жылдары елімізде ауқымды өзге­ріс орын алып жатқанын білесіздер. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы сол өзгерістердің маңызды межесі болды деп айтуға толық негіз бар. Бүгінгі таңда облысымызда – 1 облыстық, – 1 қала­­лық, 9 аудандық мәслихат жұмыс істейді. Жалпы, облыс бойынша 228 депутат бар, бұл үлкен күш десек болады. Сондықтан сіздер өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына үлкен үлес қосады деп сенемін. Қолда барға ғана арқа сүйеп отырмай, шикізаттық емес саланы, отандық өндірісті жан-жақты дамыту, инвестиция тарту маңызды. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау саясаты мемлекетіміздің ұзақ мерзімге арналған тұрақты стратегия­сы екені белгілі. Сонымен қатар аудан,­ қалаларды өркендету, оның ішінде база­­лық инфрақұрылымды жаңарту – кезек­ күттірмес міндет», деді облыстық мәслихат төрағасы Талғат Ескендірұлы.

Ол азаматтардың әл-ауқатын арттыру қазір де күн тәртібіндегі маңызды міндет екенін атап, ауданда атқарылып жатқан жұмыстардан өзге шешімін күткен проблемалар да жоқ емес екенін, сондықтан маңызды мәселелерді бірлесе талқылауға шақырды.

Облыстық мәслихат төрағасының мәлімдеуінше, бүгінде облыстық мәсли­хатта 6 тұрақты комиссия, депутаттық фракция жаңадан құрылып, жұмыс атқа­рып жатыр. Облыс бойынша 8-шақы­ры­лым депутаттарымен наурыз айынан бастап 4 сессия отырысын өткізіп, маңызды шешімдер қабылданған. Ерек­ше атап өтетін шешімнің бірі – облыс орталығы Қонаев қаласының Бас жос­пары Үкіметке жолданып, бекі­тіл­гені. Бұдан әрі Т.Байеділов мәслихаттар жұ­мы­­­сы­ның негізгі бес бағытын тарқата келіп, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп хал­қы­­­мыз­  айтқандай, күштерді біріктіру арқылы ғана нәтижеге қол жеткіземіз деген ойын білдірді.

Өңірде өркендеу бар

Кездесу барысында Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев ауданның ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары саласы бойынша 2023 жылдың тамыз айына дейін атқарылған жұмыстар жайымен таныс­тырды. Баяндама өзегінен іргелі ауданда ілгерілеушілік бары анық аңғарылады. Атап айтсақ, ауылшаруашылық саласы бойынша биыл алты айда ішкі жалпы өнім 10 531,3 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 100,1 пайызды құраған.

Тірі салмақта ет – 8 077,3 тоннамен 103,3 пайызға, сүт – 13 529,4 тоннамен 112,1 пайызға, жұмыртқа 1470,3 мың данамен 115,8 пайызға артығымен орындалған. Өткен жылдың көрсеткіштерімен салыс­тыр­ғанда әлде­қайда өсім бары байқалады. Ауданда ірі қара малы – 119 034 бас, яғни 107,5 пайызды, жылқы – 29 935 баспен109 пайызды, қой-ешкі 132 329 баспен 117,3 пайызды құраған. 29 809 гектар суармалы егістік жердің 14 530 гектары – дәнді дақылдар, оның ішінде жос­парлы 7 530 гектарға арпа-бидай және 7 мыңына күріш толық егілген.

Тұрғындардың табысын арттыру­ мақ­сатындағы «Ауыл аманаты» бағдар­ла­масы аясында бүгінде 350 өтінім түсіп, 189 шаруашылық және 3 кооператив құруға құжат рәсімделіп жатыр. Толық дайын 80 құжат 548,5 млн теңгеге «Қонаев» ауылдық тұтыну кооперативіне жолданып, қаралуда. Оның ішінде 150 млн теңгенің 24 өтінімі мақұлданып, 9 адам 58,7 млн теңге қаржысын алғаны аталды.

Сондай-ақ «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер» бағдарламасы бойынша да бір­қа­тар жобалар әзірленіп, жүзеге асырылып­ жатыр. Бұған қоса «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 3 жо­ба­ мақұлданып, 14 млн теңге­ге инно­ва­­­циялық грант берілгені баян­далды.

Жыл басынан бері 20 шаруашылықтан 6 403,2 гектар жайылымдық жер телім­де­рі мемлекеттік жер қоры есебіне қай­та­рылған. Мұның сыртында 10 976,9 гек­тар жерді құрайтын 38 жер телімінің құжат­тары соттың қарауына өткенінен хабар­дар болдық.

Қысқы мал азығын дайындау мақса­тын­да шөп ору науқаны жалғасып жатыр­ екен. Бірінші орылымда 14 219 гектар шабылып, бастырылып, барлығы 28 438 тонна шөп дайындалған. Осы күні екінші орылым басталған, шабындықтың 4 590 гектар шөбі шабылып, 2 890 гектар бас­тырылыпты. Жалпы, 9 180 тонна өнім алынған.

Проблема да жоқ емес

Халық қалаулыларының алқалы бас­қо­суында Балқаш ауданының баст­ы проб­ле­малары да айрықша аталды. Алматы облыстық мәслихатының депутаты Ерболат Құсайынов Тасмұрын магистральды тоғандарының сағасына үрлемелі бөгет салынуына ықпал етуді сұрады.

«Бұл бөгет темір-бетон бөгетіне қарағанда бірнеше есе арзан және тиімді болмақ. Тиімділігі – үрлемелі бөгет Іле өзенімен қанша текше метр су берілсе де, ауа арқылы су деңгейін керекті биіктікке дейін көтеруге, керекті су мөлшерімен егіс алқабын толық қамтамасыз етуге, тұрақты мол өнім алуға, алқаптарды тұзданудан сақтауға болады. Ең бастысы, Іле арналарының су жіберу деңгейін қалыпты ұстап тұрған жағдайда жерас­ты суы көтерілмейді, жердің сорлануына, шабындықтардың жойылуына жол берілмес еді. Екінші мәселе – қоршаған ортаны қорғау саласында өзекті болып тұрған мәселенің бірі құм көшуін тоқтату. Осындай келеңсіз жағдай Бірлік ауылында орын алып жатыр. Ауылдың солтүстік-шығысындағы жалаңаштанған «құм-таулары» басында ауыл шетіндегі көшелерден 200 метр қашықтықта болса, бүгінде сусымалы құм жылжи келе алдымен су келетін каналды, кейін ауыл тұрғындарының бау-бақшасы мен мал қораларын басып қалуда. Көшпелі құм аймақтары жылдан жылға кеңейіп келеді. Осы бір күрделі мәселенің оң шешім табуына ықпал етуіңізді сұраймыз», деген ұсынысын білдірді.

Келесі кезекте аудандық мәслихат депутаты Бақытжан Өксікбаев Бақанас ауылына Іле өзені жағалауының қауіп төндіріп тұрғанын ашып айтты.

«Ауыл іргесіне небәрі 30 метрге таяп қалған Іле өзенінің жағалауын нығайту нысаны бойынша 5,5 шақырым жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, жыл аяғына дайын болады деп күтіліп отыр. Соған алдағы, 2024 жылы қаржы бөлінсе екен. Сонымен қатар мал шаруашылығы мамандарын даярлайтын Бақанас аграрлы- индустриалдық колледжінің жатақхана ғимараты мен оқу шеберханасының күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы қарастырылса, студенттердің сапалы білім алуына қолайлы жағдай туындар еді», деген ойын білдірді.

Аталған колледжде 8 мамандық бо­йынша студенттер оқытылады. 400 орын­дық­ жатақхананың 3-4-қабаты мүлдем жарамсыз болғандықтан, қолданыстағы 1 мен 2-қабаты 70-ке жуық студентті ғана қамти алады.

Бұған қоса мемлекеттік сараптамалары дайын жобалар да жоқ емес. Атап айтқанда, Бақанас ауылындағы Қонаев атындағы саябақты кеңейту, абаттандыру­ жұмыстарына – 812,8 млн теңге, аудан орталығындағы Рысқұлов және Қонаев көшелеріндегі арық жүйесін қайта жаңғырту мен құрылыс жұмыстарына – 404,5 млн теңге, Жиделі ауылдық Мәдениет клубының күрделі жөндеу жұмыстарына 392,6 млн теңге қаражат қажет екені алға тартылды.

«Алматы облыстық монополияларды реттеу басқармасы арқылы Топар өзе­нінің 15 шақырымдық көлемін алып жат­қан «Орловка» арнасының бойын­ таза­лауға, бөгет және шлюз қоюға жоба­лау-сметалық құжаты жасалып жатыр.­ Соны­мен қатар Іле өзенінен Топар өзе­ні­не құяр жағын тазалауға байланыс­ты­ мем­лекеттік сатып алу порталына ха­бар­­лама беріліп, мердігер анықталды. Жақын уақытта өзен арнасын тазалау жұ­мыстары басталады. Бұл аймақта өзен арнасының 13 шақырымы тазаланады. Осы ретте Топар өзені арнасының қо­сымша 60-70 шақырым аумағына меха­ни­калық тазалау жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражаттың бөлінуіне ықпал ету­ле­рі­ңізді сұраймын. Топар өзенінің арнасы­ толық тазартылған жағдайда су жетіс­пеу­ші­лі­гінен зардап шегіп отырған 2 мың­нан­ аса тұрғыны бар, 77 шаруа қожалығы, 6 664 бас ірі қара, 1 653 бас жылқы, 15 470 уақ­ мал басы бар Балатопар ауылының ша­бын­­­дықтары мен мал жайылымдарына су шығып, ауыл тұрғындарының тұр­мысына өте жақсы болар еді», деді ау­дандық мәслихат депутаты Айдос Бал­та­баев.

Өңірдің түйкілді мәселелерін түртіп алған облыстық мәслихатының төрағасы Т.Байе­ділов аталған жайттардың аяқсыз қал­мауы басты назарда болатынын айта келіп, қиындықтарды еңсеріп, елдің әлеу­меттік-экономикалық жағдайын жақ­сар­ту­да жұдырықтай жұмыла еңбек етуге ша­қырды.

Ауылдың еңсесін көтерген құрылыс

Бүгінде Бақанаста ауылдың ажарын ашып, көркін кіргізген құрылыс нысандары көп. Соның бірі аудан орталығынан тұңғыш рет 5 қабатты 20 пәтерлі тұрғын үй қаланып, үш жыл бұрын пайдалануға берілген болса, бұл үрдіс жібін үзбей жалғасып келеді.

«Бақанас ауылындағы бұл 5 қабат­ты­ 40 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үй құрылысы былтыр қараша айын­да­ басталған. Нысан – ауыспалы. Келісім­шарт құны – 552,5 млн теңге. Бас мер­ді­гер – «Бауыр Құрылыс компаниясы» ЖШС. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты қайта есеп­теліп, сараптамадан өтіп, өткен айдың аяғынан бастап жұмыстары жалғасты. Жыл соңында қолданысқа беріледі деп отырмыз. Бүгінде 20-дан аса жұмысшы еңбек етіп, ішкі қабырғаларын бөліп жатыр», деген Балқаш ауданының Құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Айбын Жұмабеков биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 2 294,8 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,7 пайызды құрағанын айтты.

Қазіргі уақытта мемлекеттік бюджет есебінен Бақанас ауылында 30 жалгерлік тұрғын үйлердің қабырғасы қаланып жатыр. құрылыс жұмыстары 2022 жылы қыркүйек айында басталып, биыл қараша айын­да толық аяқталады деп жоспарланып­ отыр. Келісімшарт құны – 759 млн теңге. Бас мердігер – «Асан М Компания» ЖШС.

Екі жобаның жалпы сомасы – 1 млрд 656 млн теңге. Аталған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жоспарлы кестеге сай жүргізіліп отыр. Құрылыс нысандарын аралаған депутаттар мердігер компания өкілдеріне құрылыстың сапасына жете көңіл бөліп, мерзімінде аяқталу қажет екенін тапсырды.

«Бұған қоса Бақанаста жастарға қыз­мет­ көрсету орталығының құрылысы бас­талды. Ол келер жылы аяқталады деп күтілуде», деген бөлім басшысы ауыл­ды көркейтуде жаңа жобалардың қай­та­рымсыз қабылданып, қажетті қаржы бө­лі­ніп, орынды игеріліп жатқанын баса айтты.

Қамба – дәнге, қора шөпке толды

Қойнауына құт дарыған Балқаш ауданының ауыл шаруашылығы саласында жемшөп жеткіліксіздігі болып көрмеген. Оған өңірде егін мен күріш алқаптарының гектарлап өсірілетіні – себеп. Сондықтан шөп шабу науқанында мұндағы шаруа қожалықтары өзінен артылған өнімді қуаңшылық белең алған аудандарға алып барып, сату арқылы пайдаға кенелуде десек, еш асыра айтқандық емес. Ауданға табан тіреген депутаттар тобы әйгілі Ақдала ауылындағы егіс алқабын аралап, жайқалып өскен дәнді дақылдар жайында мағлұматқа қанықты.

Жаздың әр күнін тиімді пайдаланып, қамбаны дәнге, қораны шөпке толтырып алуға ұмтылған шаруалардың жұмысы қай­нап жатқаны байқалады. Алтын дән­ді алқапқа түскен комбайн гүрілі аспан­ас­тындағы тынымсыз тірліктен хабардар ет­кендей дамыл таппауда.

«Бауыржан – 7» ЖШС директоры Талғат Сұлтанов өзінің егіс алқабын көр­сет­ті. Алқапта биыл 112 гектар күріш,
93 гектар бидай, 335 гектар көпжылдық шөп егілген екен. Шаруашылық қарама­ғын­­дағы суармалы жер көлемі 727 гектар­ды қам­тиды. Бүгінгі таңда 4 мыңнан артық ора­ма шөп шабылып, жиналған. Жоспар бо­йынша әр гектарына 43 центнерден кү­ріш, 18 центнерден бидай және 40 центнерден көпжылдық шөп шабылады деген үміт бар.

Аграрлы ауданда мал азығын дайындау бойынша 14 219 гектар көпжылдық шөптің бірінші орылымы шабылып, бас­тырылды, 28 438 тонна өнім алынған. Екінші орылымда 3 570 гектар шөп шабылып, 4 220 тонна өнім жиналған.

Ауыл тұрғындарына тізім бойынша 4 мың теңгеден 19 отбасыға 190 орам шөп­ жеткізіп беру жұмыстары ұйым­дас­ты­рыл­ған. «Бірлік» агрофирмасы өз қыз­мет­­­керлеріне 2 мың теңгеден шөп сатса, ауыл тұрғындарына 4 мың теңгеден саты­луда. Сондай-ақ «Тамшыбұлақ» ЖШС Береке ауылының тұрғындарына әр отбасыға 20 орам шөптен тегін тара­ту­ды дәстүрге айналдырған. «Өтес-Ақдала» ЖШС ауылдық округтерге баға­­сы 8 мың теңгеден мың орам шөп сату ұсынысымен округтерге хат жол­да­ған.

Осылайша, Балқаш ауданында қысқы мал азығының берік қоры жасалып жатыр.

Ьвд

 

Алматы облысы