Туризм • 17 Тамыз, 2023

Турист саны екі есе өсті

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы 16 ақпанда Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте туризм саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қаралып, осы саланы жетілдірудің жолдары нақтыланған еді. Ілкімді істе ілгерілеу байқала бастады.

Турист саны екі есе өсті

Туризм индустриясы комитетінің бүгінгі мәліметінше, 2023 жылдың алғашқы тоқсанында елімізге келген шетелдік туристердің саны 2,3 есе ұлғайды. Биылғы қаңтар-наурыз аралығында елімізге 227,7 мың шетелдік турист келген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 130 мың адамға немесе 2,3 есе көп. 2022 жылы 97 мың шетелдік қонақ келген. Сонымен қатыр биыл ішкі туризмнің де көрсеткіші 20%-ға артыпты. Яғни биыл 1 млн 348 мың адам ел ішінде саяхаттаған.

«Былтыр елімізге 1 млн-ға жуық шетелдік турист келді. Биыл бұл көрсеткіш 1,4 млн-ға дейін өседі деп жоспарланып отыр. Бұл шетел­дік қонақтардың елімізге деген қызығу­шы­лы­ғының артып келе жатқанын көрсетеді. Мә­се­лен, жаз басталғалы елімізге келген ше­тел­д­іктер саны 3 есе артты», дейді Туризм ин­дус­­триясы комитетінің төрағасы Дастан Рыс­пеков.

Туризм – табыс көзі. Қазір әлем елдері арасында табысының тоқсан пайызынан астамын туризмнен түскен қаражат қалыптас­тыратын елдер жетерлік. Мәселен, экономикасы туризмге тәуелді елдердің қатарында Грекия, Португалия, Испания, Италия бар.

Туризм индустриясы комитетінің мә­ліме­тінше, бұл саланы дамытуға қатысты республиканың негізгі 10 турстансасында инфрақұрылымдарды жаңғырту, сервис сапасын арттыру, халықаралық аренада еліміздің туристік әлеуетін ілгерілету және т.б. шараларды іске асыру көзделген. Атап айтқанда, Балқаш, Қапшағай, Алакөл және Баянауыл курорттық аймақтарына апаратын автожолдар салу және демалыс аймақтарын мобильдік байланыспен 100% қамту, Бурабай курорттық аймағында қажетті инженерлік желілер жүргізу, су қоймаларында қосымша суда құтқару стансаларын салу, т.б. іс-шара­лар жоспарланған. Сонымен қатар жаңа әуе бағыттарын ашу, туристік қызметтерді цифр­ландыру, қонақүй бизнесінде және саланың басқа секторларында стандарттарды арттыру жөнінде жұмыс жүргізілмек.

Аталған мекеменің көздеген межесі 2030 жылға дейін барлық шараны іске асырудың нәтижесінде ішкі туристердің санын 11 млн адамға дейін, шетелдік туристерді 4 млн адамға дейін, салада жұмыспен қамтуды 800 мың адамға дейін арттыру, сондай-ақ Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісіне сәйкес туризмді дамыту бойын­ша Қазақстанды әлемнің үздік 50 елінің қатарына қосу болып отыр.