Басылым • 17 Тамыз, 2023

Атасы жақсы қандай-ды...

306 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізге кеңінен танымал азамат, республикалық «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылым­дарының докторы Өмірзақ Озғанбаевтың құрастыруымен жуыр­да «Барлыбаевтар ақиқаты» атты жинақ­ жарық көрді.

Атасы жақсы қандай-ды...

Бұл жинақ Қызылжар өңі­рі­ ғана емес кейінгі жылдары бү­кіл елімізде айрықша аталатын, кеңес жылдарына де­йін­ сол өңірдің ұйытқысы, мал өсірумен ғана емес, сауда, егін шаруашылығының да алғаш­қы ізашарлары болған Бар­лы­бай әулетінің бірнеше ұрпа­ғы­ның өмірі мен өнегесін таны­та­ды. Барлыбайдың балалары­ шаруа­шы­лықпен ғана емес мектеп, мешіт ашып, халықтың көзінің ашы­луына да, оқимын деген жас­тарға қамқорлық көрсетіп, ме­це­наттық  жасағанымен де мәлім.

Жинақта автор алдымен Тә­бей Барлыбаевтың өмірі мен­ еңбегіне шолу жасайды. Барлы­бай­ – ХVІІІ ғасырдың орта кезінде өмір сүрген адам. Сол ғасырдың аласапыра­нына да­ оның қатысы болуы мүмкін, бі­рақ ол туралы әзірге нақты дерек жоқ. Ал 1783-1863 жылда­р аралығында өмір сүрген екін­ші баласы Тәбей Барлыбаев тура­лы архив деректері мол көрі­неді. Алынған мәліметтерге қара­ғанда, ол саятшы, сері, мыр­за, дәулетті адам болған. 1824 жы­лы­ патша өкіметінен «Құр­мет­ті қазақ» атағын алып, Батыс Сібір­ генерал-губернаторы­ ше­ка­ралық комиссиясының мүше­лі­гіне сайланыпты. Бір кезде аға сұл­тан Шыңғыс Уәлихановтың кеңес­ші­­сі, кейін Есеней Естемісовтің орын­­басары (заседатель) болғаны ай­тылады. Осы тұста оның Ба­тыс­-Сібір генерал-губернаторы­ И.Вельяминовке хат жолдап, ка­зак­­тардың қазақ шаруаларының ша­бындық жерлерін күшпен тар­­тып алып жатқанын, сол істі тоқ­татуды сұрап жазған хаты­ да архивтен табылған. Соны­мен­ бірге жинақта Тәбейдің ауыз­ әде­биетінің жоқтаушысы, ш­е­жі­­ре­шісі, шешендік сөздерді жинаушы, фольклорист, тарихшы болғаны да айтылады. Тәбейдің ұлы Тәшмұхаммед (Тәштит) те атақ­ты адамдардың бірі.­ Ол­ да өз заманының орысша оқы­ған әрі озық ойлы жандарының бірі ретінде патша өкіметінің жер­гі­лікті басшы­лығында қызмет атқа­рып, мүм­кін­дігінше еліне жақ­сы­лық жасаған. Музыкалық көп­те­ген ас­пап­­та ойнаған өнерлі бо­лыпты. Кейін Ақмола облысы Петропавл уезінің биі болады.

Тәбейдің інісі Әлжихан – (Ал­жы­­­ған атанып кеткен) ірі сау­дагер болып, Омбы мен Қызыл­жар­да дүкен ашқан. Қытай мен Ресейге керуен жүр­гізіп, сау­­да жасаған, елге шетелден сапа­лы­ тауарларын жеткізген. Дін жо­лына түсіп, қажылық парызын­ да атқарған жандардың бірі. Қызыл­жарда мешіт салдырғаны да бар.  

Тәбейдің кіші інісі – Көкен. Бұл­ кісі мал-дүниенің билігін, ел­ басқару  жұмыстарын – бәрін аға­­ларына тапсырып қойып, өзі сері­лік жасап, өнер қуыпты. Бар­лы­­бай әулетінің атағын ал­ты Алаш­қа жайып, біздің за­ма­ны­мыз­ға жеткізген оның баласы – Әлти. Ол байлықты малдың сүт­ті­сі мен құттысын, өсім­­талы мен өнім­­дісін таңдап өсі­ру­­мен жинап, желі мен табын басын құтайтқан. Сау­да­ның да ебін та­уып, бір ше­ті Атбасар, Тайынша, Қоян­ды­ жәрмеңкелерінен мың­да­ған­ құна­жынды жинап, оларын­ жол бойы баққызып, семіртіп әке­ліп,­ қара күзде Қор­ға­нның ет комбина­ты­на құлат­қан. Жинақта мынадай­ жол­дар бар: «Әлтидің кәсібі ауыл шаруа­шылығының бірер сала­сымен ғана шектелмейді. Соның бірі малдың негізгі азығы сана­латын шөп жинауды да пай­да­­ көзіне айналдырады», дей ке­ліп, ол алғашқы бо­лып орыс, қазақ­тың шаруалары­на­ шөп сат­қа­нын­ айтады. Ал ақша­сын­ Әлти Қор­ған­ банкіне салып, оның төрт акцио­не­рі­нің бірі бола­ды.­ Бұл туралы С.Мұқанов та жазады.

Қазіргі қазақ тарихына­ Әлти байлығымен емес, үш облыс­тың­ отыз мыңдай тұрғынын жинап, өзінің Аққусақ қонысында Алашорда өкіметінің әскер жи­науға арналған 1918 жылғы аса үлкен форумын өткізіп, оның шығындарын түгелге жуық өзі өте­генімен атағы қалды. Бұл тура­лы табылған құжаттарға сүйен­ген деректер жинақта мол. Со­ның ішінде Қызылжар және Жам­был ауданының орталығы Преснов селосында өткізіліп, елі­­міз­дің атақты ғалымдары, тарих­шы­лары қатысқан конференция­ларда жарияланған фактілер, ай­тыл­ған дүниелер, қабылданған қарар­лар жинақта келтірілген.

Жинақта Алаштың осы аймақ­та­­ғы басқа қызметтері, соның ішін­де Қызылжар қаласында Алаш­­о­рданың жастар ұйымы шы­ғарған «Жас азамат» деген газе­ті туралы да айтылған. Ол боль­шевиктермен ауыз жаласқан Көл­бай Тоғысовтың «Үш жүз» пар­тиясы шығарған газеттің орнына шыққан екен.

Кеңес одағы жылдарында ха­лық­­­тың құты болған Барлыбай әуле­ті қалай қу­ғын­ көргені, қыл­мыс жасамаса да, жазықсыз қуда­ла­ғаны шынайы фак­тілермен ай­ты­лады. Соның ішінде осы өңір­ден шыққан тағы бір – Мұқыш­ деген байдың ұрпағы Т.Қасы­мова­ның бас­тан­ кешкен сұм­дық оқиғалары адам­ның­ жаға­сын­ ұстатады.

Қалай десек те, «аталы ұр­пақ­ арымаған», қанша қуғын кө­ріп жүрсе де Барлыбайдың ке­йінгі ұрпағы Сабырдың бала­ла­ры тегіне тартып мықты болып, кеңес одағы кезінде, өткен ғасыр­дың 70-жылдарынан бас­тап­ Сабырдың бес баласы бес кең­шарға директор болды. Тәуел­сіз­дік жылдарында біразы бизнес­пен айналысып, әрқайсысы өз­де­­ріне лайықты табыс көзін аш­­­ты. Соның ішінде Сабырдың бе­сін­­ші ұлы Нағашыбай Барлы­баев­ астық өсірумен қатар асыл­ тұ­қымды жылқы жинап, қы­мыз­­ өндіруді жолға қойған. Ол бір­неше халықаралық көрме­нің­ жеңімпазы болып, «Қы­мыз­­ королі» атанған жан. Ата-­баба­сы­ның асыл қасиетін те­рең­­­нен та­нып, барлық еске алу, ардақтау іс-шара­ларының ұйыт­қы­сы­ болып­ жүрген де өзі.

«Барлыбаевтар ақиқатында» белгілі қаламгер, ақын, драматург Баянғали Әлімжановтың «Әлти әулетінің тағдыры» атты драмасы да қоса беріліпті. Сөйтіп, Солтүстік қана емес, жалпы Алаш қозғалысы тағдырын сөз еткен бір толымды жинақ оқырманға жол тартты.