Үкімет • 21 Тамыз, 2023

Іссапар мақсаты – әлеуметтік нысандар

183 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысына сапары барысында облыстық мәслихат төрағасымен, Ақтөбе қаласының және облыстың әкімдерімен кездесті.

Іссапар мақсаты – әлеуметтік нысандар

Кездесу кезінде өңірдегі өзекті мәселелер және әлеуметтік-экономикалық ахуал, сондай-ақ облыс бюджетінің орындалуы жөніндегі есеп талқыланды.

Депутат Сенаттың Экономикалық саясат, инно­ва­циялық даму және кәсіпкерлік комитеті өңір тұр­ғындарының өмір сүру сапасын арттыру мәселесі бойынша ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар сенатор Ақтөбе қаласының қысқы жылыту маусымына дайындық барысымен, Қандыағаш ауданындағы жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінің және аудандық аурухананың жұмысымен танысты.

* * *

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақжол» фрак­ция­сының жетекшісі Азат Перуашев қорғаныс және шаруашылық мақсатындағы өнімдер шығаратын «Зенит»  кәсіпорнында болды.

Бес жүзге жуық адам жұмыс істейтін зауыт бү­гінде Каспий теңізіндегі шекара қызметінде жүр­ген кемелерді құрастырады. Депутат кәсіпорын цехта­рындағы жұмыстармен танысып, ұжым қыз­мет­кер­ле­рінің сұрақтарына жауап берді. Зауыт қыз­мет­керлері кәсіподаққа мүшелікке өту проблемасын қозғады. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қыз­меткерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қор­ғау, жалақысын көтеру бойынша біраз мәселе көтерілді. Азат Перуашев бұл жайттарды мұқият зерт­теп, заңнамалық тұрғыда қолдау көрсетуге да­йын екенін жеткізді.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Парламентте қабылданып және қаралып жатқан заңдарға, еңбек қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бағытындағы депут­аттар­дың ұсыныстарын айтып, жан-жақты түсіндіріп берді.

* * *

Мәжіліс депутаты, «Amanat» партия­сы фракция­сы­ның мүшесі Болатбек Нажметдинұлы Шымкент қаласының тұр­ғын­дарымен кездесті.

Депутат полиция департаментінің ұжымымен жүз­десіп, жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Шымкентте қылмыс деңгейін және төтенше жағдайлар қаупін азайту бойынша арнайы іс-шаралар қолға алынған. Осы ретте шаһарда «Қауіпсіз қала» бағ­дар­ламасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Соны­мен қатар «Қауіпсіз мектеп» бағдарламасы аясында 186 мемлекеттік және жекеменшік мектептерде 3,3 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Оның 2,5 мыңға жуығы аталған орталыққа қосылған. Тағы 260-қа жуығы жерасты өткелдерінде, денсаулық сақтау нысандарында, сауда орталықтарында, дү­кендер мен базарларда қойылған. Бейнебақылау каме­­ра­ларының көмегімен биылғы жеті айда Шым­кентте 300-ге жуық қылмыс ашылып, 33 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Депутат заңнамалық деңгейдегі өзгерістерді ескере отырып, осы көлік түрлеріне бақылауды күшейту қажет­тігіне назар аударды. Сондай-ақ бөлінген қара­жатты тиімді пайдалану және жұмыс сапасын арттыру мәселесіне ерекше тоқталды.

* * *

Сыр өңіріне сапары барысында Парламент Мәжі­лісіндегі «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов Шиелі ауданы тұрғындарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламаның жүзеге асу барысымен танысты.

Депутатпен кездесуге жүзден астам азамат келді. Олар балаларды мектепке даярлауға берілетін қаржы­лай көмектің әділ бөлінбеуі, көпбалалы отбасынан шыққан және әлеуметтік аз қамтылған балаларды мектепте ыстық тамақпен қамтамасыз ету, медицина саласындағы әлеуметтік қызметкерлердің, пси­хо­­логтердің жалақысының төмендігі, білім беру форматының өзгеруі, міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қорына аударып отырған қар­жыны тиімді пайдалану жөнінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, ауыл тұрғыны Айнагүл Заирова бала күтіміне орай екі немересіне мектепке даярлауға берілетін 40 мың теңгені ала алмай отыр­ған­ын атап өтті. Оның айтуынша, қызы үш баласымен қолында отыр, екеуі мектепте оқиды.

Азаматтардың пікірін назарға алған Мұрат Әбенов бұл мәселелер бойынша тиісті министрліктерге ұсыныс беретінін айтты.

* * *

Мәжіліс депутаттары, «Amanat» партиясы фрак­ция­сының мүшелері Еркін Әбіл мен Екатерина Смышляеваның Қостанай облысында жұмыс сапарымен барды. Депутаттар мектеп жасындағы балаларға арналған Смарт-орталықтың жұмы­сы­мен танысып, басқа да нысандарды аралады.

«Юбилейный» шағын ауданында салынып жатқан Смарт-орталық өңірдің жол картасына енгізілген. Нысан 600-ден астам оқушыға арналған. Мұнда робот­техника және бағдарламалау кабинеттерін, киберспорт залы, ландшафты дизайн студиясы және басқа да бағыттар бойынша зертханалар ашу жоспарланған. Сонымен қатар мәжілісмендер Tele2/Altel ұялы байланыс операторларының 5G жаңа буынының базалық байланыс стансасына барды. Облыстық ақпараттандыру басқармасының басшысы Азамат Қашиев депутаттарды жақында іске қосылған жаңа байланыс мұнарасымен таныстырды. Енді қалада Tele2 және Altel ұялы байланыс пайдаланушылары үшін 5G байланысы қолжетімді.

Бұдан кейін Қостанай облысындағы ауылдарды байланыспен қамтамасыз ету мәселелері бойын­ша кездесу өтті. Жиынға Мәжіліс және облыс­тық мәслихат депутаттары, ақпараттандыру бас­қармасының өкілдері, сондай-ақ ұялы байланыс операторлары қатысты.