Отбасы • 22 Тамыз, 2023

Отбасы құндылығы – өнеге бастауы

209 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркістанда еліміздегі діни тұрақтылықты қамта­масыз ету, халықтың дәстүр­лі рухани мәдение­тін ілгері­лету, дін саласын­дағы мемле­кеттік саясатты кеңінен түсіндіру және ор­тақ адамгершілік қағида­­ларын насихаттау мақ­сатында дөңгелек үстел өтті.

Отбасы құндылығы –  өнеге бастауы

Алқалы жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі, Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Н.Тағанұлы, Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Д.Закиева, құқық қорғау органдарының өкілдері, дін қызметкерлері, дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелері, оңалту саласына жауапты дінтанушы-теолог мамандар, қала, аудан әкім орынбасарлары, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Мысыр, Шам, Құдыс қалаларында Бай­барыс бабамызға қатысты іс-шара­лар жөнінде айтып өтті. «Күллі мұсылман әлеміне әмірін жүргізген, өзін қос құбыланың сардары атаған Байбарыс баба­мыздың Ясауи ілімінен сусын­дағанын жаңа деректер айғақтап отыр. Бұл тақырыпта жаңа зерттеулерге толы ауқымды еңбек жуықта жарық көреді. Алдағы уақытта «Ислам энциклопедиясы» атты көлемді еңбек дайындалып жатыр. Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Президентіміз ортаға салған сындарлы тұжырымдарын, сарабдал ойлары мен тапсырмалары бүгінгі басқосуда тереңнен талқыланады деген ойдамыз. Діннің өзегі тәрбие екенін ескерсек, жастарымыз тура жолдан тайқып, жат ағымдардың жетегіне ермеуі үшін отбасы құндылықтары ұлттық тәрбиенің негізі болуға тиіс. Бұл ретте қаймағы бұзылмаған Оңтүстік өңірі дәстүр мен дінді берік сақтап, ұлттық болмысымыздың алтын арқауын үзбей келеді. Отан отбасынан басталатындығын ескеретін болсақ, қоғамда әулет құндылықтарын дәріптеу дін қызметшілері жұмысының басым бағыты болуға тиіс. Бүгінгі жиын Мемлекет басшысының «Әді­летті Қазақстан – Адал аза­мат» тұжырымы аясында қоғам­да ізгілік құндылықтарын қалыптас­тыруда өз септігін тигі­зеді деп сенеміз», деді Дархан Қыдырәлі.

Әл-Фарабидің қайырымды қоғам тұжырымы, Жүсіп Баласа­ғұн негіздеген мемлекет ұстыны, Қожа Ахмет Ясауидің кемел мұсылманы, Абай өлеңдеріндегі 5 асыл іс – мұның бәрі де әділетті мемлекет, ізгі қоғам, адал адам үштағанының іргетасы. Сондай-ақ министр кейінгі кездері жастар­дың белсенді рухани ізденістері ай­қын байқалатынын, діннің қоғам­дағы орны мен маңызы ар­тып келетінін атап өтті. Бұл бағыт­та мүфтияттың заман мен қо­ғам талаптарына сай шығарып жат­қан пәтуалары мен ғылыми із­д­е­ніс­тері, жастардың талпыны­сы артып келе жатқанын мәлімдеді.

Ал Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды Ясауидің өмірі мен шығармашылығы туралы тарихшылар арасында зерттеу әдістемелерін дамытумен ауқымды ғылыми базаны қалыптастырудың қажет екенін мәлім етті. Мемлекет басшысының Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру бойынша тапсырмасын іске асыру бағытында тиісті заң жобасы әзірленгенін жеткізді.

«Түркістан қаласына бері­летін жаңа мәртебе қаламыз­дың одан әрі дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Сан ғасыр Орталық Азия, одан әрі бүкіл түркі дүниесінің киелі шаһа­ры болған Түркістан қаласы, қазір­гі өркениеттің де маңызды ор­та­лығына айналып отыр. Бұл шаһармен халқымыздың ондаған ғасырлық тарихы сабақтасып жатыр. Ел тағдыры үшін маңыз­ды шешімдер қабылдаған киелі шаһардың әлі де ашылмаған сырлары көп. Бұл тұрғыда біз Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын зерттеуді жалғастыруымыз керек. Ұлы дала данасы «Диуани хикмет» еңбегі арқылы күллі мұсылмандар үшін қасиетті Құран кітабын түркі тілінде сөйлете алды. Президентіміз айтқандай, Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Биыл ұлы ойшылдың туғанына 930 жыл толып отыр. Осы орайда ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін қозғаған болатын. Міне, бүгін осы залда отырған әрбіріміз – бұл іске өз үлесімізді қосуымыз қажет деп санаймын. Ясауидің өмірі мен шығармашылығы туралы тарихшылар арасында зерттеу әдістемелерін дамытумен ауқымды ғылыми базаны қа­лып­тастыру қажет деп естеп­тей­мін. Сонымен қатар Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қар­ма­сының өкілдері, ғалымдары ғұлама бабамыздың еңбектерін жаңа қырынан танытуға зор үлес қосады деп білемін. Біз оған барынша қолдау көрсетуге да­йын екенімізді жеткізгім келеді. Сондықтан киелі Түркістанның тарихы мен Ясауидің мұрасы және Кесененің тұрғызылуы туралы тарихи фильм түсіруді ұсынамын. Осы фильм арқылы біз келешек ұрпаққа аса үлкен мұраны аманат етіп жеткіземіз. Біз өз тарапымыздан тиісті жұмыстарды атқаруға дайынбыз», деді облыс әкімі. Сондай-ақ дөңгелек үстелге қатысушылар дін саласындағы өзекті мәселелер, діни экстремиз­ге қарсы күрес жайында пікір алмасты.

 

ТҮРКІСТАН