Парламент • 22 Тамыз, 2023

Алматы облысында 11 мектеп оқушыларды қабылдауға дайын емес

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында 11 мектеп пен 1 балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның төртеуі жыл соңына дейін, ал қалғаны келесі жылы пайдалануға берілмек. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан облысқа жұмыс сапары барысында Талғар ауданының Белбұлақ ауылында күрделі жөндеу жүріп жатқан мектепке барды, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматы облысында 11 мектеп оқушыларды қабылдауға дайын емес

Фото: Parlam.kz

Білім мекемесінде 600-ге тарта бала оқып келген. Жоспар бойынша келесі жылдың наурыз айында құрылысы аяқталуға тиіс. Бірақ мердігерлер осы жылдың соңына дейін аяқтап береміз деп отыр. Ал балалар оған дейін сол елдімекендегі ескі мектепте оқиды.

«Бұл мектеп 60 жыл бұрын салынған. Сол жылдан бері қарай ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүрмеген. Күрделі жөндеу уақытында 640 оқушы №32 мектептің ескі ғимаратында оқиды», деді Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев.

Қала іргесіндегі білім ордаларында орын тапшылығы – басты мәселе. Тіпті, үш ауысымда білім беретіндері бар. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының назарында. Жол картасында көзделген жоспарларды орындау мақсатымен Мәжіліс депутаты білім беру нысандарын аралап, оқу жылына дайындықтарын тексерді.

«Былтырдан бері өңірлерді аралап келемін. Үш ауысымды мектептердің проблемасы әр облыста бар. Өңірдегі қала іргесіндегі мектептердің мәселесі күн тәртібінде тұр. Әсіресе Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле ауданында мұны жеделдетіп шешу керек. Өйткені саяжайдағы азаматтар балаларын көршілес елді мекендегі мектептерге тасып әлек», деді Жанарбек Әшімжанов.

Мәжілісменнің айтуынша, облыс бойынша ауданның білім бөлімдері оқуға 100 пайыз дайын екендіктерін жеткізді. Бірақ кей жерлер 2-3 айға дейін кешігетінін айтты. Бұл мәселені жергілікті атқарушы билік қолға алмақ.

Айта кетейік, Талғар ауданында үш ауысымды мектеп мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Жаңа оқу жылында 43 мектептің бесеуі үш ауысымда оқытуды жалғастырады.

Жалпы, облыс бойынша үш ауысымды оқытатын 51 мектеп бар. Партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында осы мәселені жою үшін бес жылда 53 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Ал 39 білім беру нысанында сапалы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.