Денсаулық • 23 Тамыз, 2023

Оңалту құралының сапасы қандай?

246 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қоғамның осал топтарын қорғау мен қолдау – әлеуметтік саясаттың басты бағыты. Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар адамдар ерекше қамқор­лықты қажет етеді. Бұл ретте техникалық оңал­ту құралдарымен қамтамасыз етудің маңызы зор.

Оңалту құралының сапасы қандай?

Аталған мәселеге байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы мүгедектігі бар адамдарға қажетті жүріп-тұруға арналған техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі жұмыс тобының отырысында жан-жақты талқылау болды. Жиын барысында қоғам белсенділері мен сарапшылар ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша бірқатар ұсыныс айтты.

Аталған жұмыс тобының құрамына өңірлердің жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­маларының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер пала­та­сының, Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-практикалық орталығының, Республикалық протездік-ортопедиялық орталығының, Н.Батпенов атындағы травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтының өкілдері мен әртүрлі санаттағы мүгедектігі бар азаматтар қатысты. Жұмыс тобының кезекті отырысында кеңеске қатысушылар ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуді және мүгедектігі бар адамдардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оңалту құралдарының сапасын арттыру жөнінде мәселе көтерді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің мәліметінше, қазір елімізде 104,3 мың мүгедектігі бар бала тұрады. Оның ішінде 7 жасқа дейінгі 33,7 мың бала, бірінші топтағы мүгедектігі бар 11,1 мың бала және 7 жас­тан 18 жасқа дейінгі екінші топтағы мүгедектігі бар 22,7 мың бала бар. Бұл балаларға 27 медициналық-әлеуметтік мекемеде оңалту қызметтері ұсынылған. Мәселен, биыл мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 320 мыңнан аса қызмет алған. 2023 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шамамен 253,5 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 7,5 мың азамат ымдау тілі қызметін, 25,5 мыңы жеке көмекшінің, 37,2 мыңы санаторлық-курорттық емдеу қызметін алды. Бұған қоса қазір порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 856 медициналық-әлеуметтік мекеме, 468 оңалтудың техникалық құралдарын жеткізуші, 27 мыңнан аса жеке көмекші, 699 ымдау тілі және 104 санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.

Ал бұған байланысты Nazarbayev University ассистивті технологиялар және ақпараттың қолжетімділігі жөніндегі сарапшы-менеджері Зият Әбдіқайымов көру қабілеті нашар адамдар үшін жақсартылған сипаттамалары бар ұялы телефондармен қамтамасыз етуге бөлінген мемлекет кепілдік берген қаржыны ұлғайту қажеттігін айтады.

«Ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың шетелдік протездік-ортопедиялық бұйымдар өндірушілерімен, оңалтудың техникалық құралдарымен әріптестікті нығайтудың және елімізде бірлескен өндіріс ашуды жеделдету қажет», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Гүлмира Бурашева. Ал мүгедектігі бар балалардың ата-аналарының өкілі ретінде жиынға қатысқан Татьяна Исмағұлова міндетті гигиеналық құралдар тізбесін кеңейтуді ұсынды.

Талқылау нәтижесінде мүгедектігі бар адамдар мен Парламент депутаттарының пікірі және Қаржы және ұлттық экономика министрлігінің ұстанымы ескерілді. Алдағы уақытта ұсыныстар бойынша техникалық құ­рал­да­ры мен оңалту қызметтерін, оның ішінде бюд­жеттік қаржыландырумен қамтамасыз ету тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзге­рістер мен то­лықтырулар енгізіледі.

Осы орайда техникалық оңалту құралдардың тізбесі мен оларды қалай алуға болатыны жөнінде Қосшы қаласы әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселесі жөніндегі кеңесшісі Эльмира Мұқановадан сұрап көрген едік.

«Біз оңалту құралдарын сатып алмаймыз. Қажетті құралдарға әлеуметтік портал арқылы тапсырыс береміз. Үкімет тарапынан оған ақша бөлінеді. Мысалы, кресло-арбада отыратын кісілердің құралы 5 жылда бір рет тегін жаңартып беріледі. Жылына екі рет ортопедиялық аяқкиім беріледі (қысқы және жазғы). Аталған осал топтарға және ардагерлерге атаулы күндерге арналған бір реттік және ай сайынғы 13 түрлі көмек көрсетіледі. 2021 жылдан бері мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беру тәжірибесі іске қосылды. Яғни мүгедектігі бар азаматтар 55 техникалық оңалту құралдарын және 3 және мемлекеттік мекемелердің арнаулы әлеуметтік қызметтеріне өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, онлайн тапсырыс бере алады. Әлеуметтік портал арқылы протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалармен қамтамасыз ету қарастырылған. Мүгедектігі бар азаматтардың жеке оңалту бағдарламасында техникалық, протездік-ортопедиялық және гигиеналық құралдар қажеттілігі көрсетілген болса, портал арқылы тегін тапсырыс бере алады. Егер азаматтар техникалық оңалту құралының қымбат түрін таңдаған жағдайда үстеме ақшасын өзі төлеп алуына болады», дейді маман.

Биылғы қабылданған Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында жергілікті атқарушы органдар тарапынан құрылған комиссияларға жаңа өкілеттіктер беру көзделіп отыр. Олар мүгедектігі бар адамдарға көрсетілген нашар қызмет немесе сапасыз құралдар туралы арыз-талаптарын 5 күн ішінде қабылдап, қарайды. Сондай-ақ анықталған кемшіліктерді түзету мерзімдерін көрсете отырып, өнім берушіге хат жолдау және оның орындалуын бақылайды, өнім берушіні порталдан шығару және сапасыз өнім берушілер тізіміне енгізеді.