Шаруашылық • 23 Тамыз, 2023

Орақ науқаны қыза түсті

206 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің терістігінде үлкен орақтың басталып кеткеніне біраз күн болды. Бүгінгі таңда барлық егіс алаңының 20 пайызға жуығы жиналды. Егер алдағы күндерде де күн райы қолайлы болса, бүгінгі техникалардың өнімділік қарқынымен бар астықты бір айдың көлемінде жинап алуға болады.

Орақ науқаны қыза түсті

Облыс әкімі Айдарбек Сапа­ров Үкімет отырысында сөй­ле­ген сөзінде биылғы астық көлемі былтырғыдан төмен бол­майтынын айтты. Әкім жыл басынан бері облыс 48,2 млрд теңгеге 1768 дана ауыл­ ша­руа­шы­лығының жаңа техни­ка­ларын алғанын да жеткізді. Қазір облыстың астық алқаптарында 13 мың техника жүйткіп жүр.

Жедел ақпараттарға қараған­да, жиналған 739 мың тонна астықтың әр гектардан алынған түсімі – 12 центнерден. Ал рес­публика бойынша орташа көрсеткіш – 11,5 центнер. Майлы дақылдар 5 мың гектардан жи­налған, гектар берекелігі әзірге 8 центнерден айналып отыр.

«Қазір астық қабылдау пункт­тері жаңа орақтың асты­ғын қабылдауға тегіс дайын тұр. Олардың сыйымды­лы­ғы толығымен жетеді. Ауыл ша­руа­­шылығы құрылымдарына жеңіл­детілген бағамен литрі 250 теңге болған 60 мың тонна жанар-жағармай жеткізілген. Күн райы қолайлы болса, астықты уа­қытында жинап аламыз», деді А.Сапаров.

Айта кететін болсақ, биыл сол­түстікқазақстандықтар бар­лы­ғы 4,5 млн гектар жердің егі­сіне орақ салады. Оның 3,2 млн гектары – таза астық. Ал республика бойынша барлығы 24 млн гектар жерге егін егілген, бұл был­тырғыдан 652 мың гектарға артық. Соның 17,4 млн гектарына астық, 2,8 млн гектар жерге май­лы дақылдар егілген. Ауыл ша­руашылығы министрлігі биыл Отан қамбасына 16 млн тонна астық құйылатынын болжап отыр. Ал былтыр министрлік 13,4 млн тонна деп болжап, іс жүзінде 16,4 млн тонна астық жиналған. Бірақ биылғы астық өнімі аномальды ыстықтардың кесірінен солтүстікте біршама төмендеп қалды. Қалай де­сек те, Премьер-министр Әли­хан Смайыловтың Үкімет отыры­сын­да айтқан сөзіне қарағанда, қазақстандықтар ең төменгі деген астық өнімділігінен жи­нал­ған астықтан екі есе аз көлем­де ғана астық тұтынады. Бір­ақ ондайға жеткізбесін, астық – ша­руалар мен олардың отба­сыларының миллиондаған мүше­лерінің тұрмыстық әл-ауқатын арттырып тұрған негізгі табыс көзі. Астық мол болып әрі сату бағасы тиімді болса ғана елдің әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы жақсарады.

Ресей мен Украина арасын­дағы кикілжіңнің кесірінен 2022 жылы астықтың жаһандық нарықтағы бағасы артты. Grain­com­merce сауда порталының мәліметіне қарағанда, үшінші клас­ты бидайдың бір тоннасының бағасы былтырғы жазда 150-160 мыңға, бізде тіпті 185 мың теңгеге дейін барды. Алайда былтырғы күзден баға құлай бастады. Ма­мандар мұның басты себебі, Ресей аумағынан бізге астықтың заңсыз экспортталуынан екенін айтады. Соның кесірінен қазір бидайдың бағасы 80-85 мың теңгеге дейін құлдырап кетті. Кейбір сарапшылар баға әлі де түседі деседі. Үкімет алты айға Ресейден теміржол және автокөлік арқылы енгізілетін астыққа тыйым салды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп жариялады.

Бұл қадам шаруаларды бір­шама тыныштандырды, бірақ соншалық қуантпайды. Өйткені былтыр күздегі баға тоннасы 125 мың теңгеден басталған. Жақсыға жұрттың бәрі тез үйренеді ғой, сондықтан биылғы баға шаруаның көңіл күйін біршама құлатып тұр.

Жоғарыда аталған кикілжің­нен Ресей астығының Қара теңіз арқылы тасымалдануы қиындап кетсе, ол арзан бағамен біздің Орталық Азия мен Қытайға шы­ғатын нарығымызды басып кетуі мүмкін. Соның ішінде халық­аралық санкциялардың ас­тын­дағы Иран мен Ресей өзара ауыз жаласса, біздің жыл сайын Иранға шығарылатын 1,5 млн тонна астығымыздың да жолы кесілуі ғажап емес. Сол кезде бүгінгі бағаның өзіне жылап көрісетін күн тууы мүмкін. Оның үстіне астығын арзандата бе­руден бас тартпайтын санкция астындағы Ресей экспорттық баж салығы мен транзиттік тарифті төмендетіп, бағаны тіп­ті құлдыратып, Қытай мен Өзбек­стан нарықтарын да жаулап алуы мүмкін. Бірақ алдағыны Алла біледі демекші, басқа нарықтар ашылып, мәселенің бәрі жылдам әрі тиімді жолдармен шешіліп кетуінен де үміт бар.

 

Солтүстік Қазақстан облысы