Фото: kzppp.kz
Үшінші сыныпқа баратын балаға 5 мұғалім сабақ береді. Аталған мекемеде одан бөлек 15 қызметкер жұмыс істейді. Жалғыз баланы оқытып келген мектеп биыл жабылуы мүмкін. Биліктегілер мектепке қыруар қаржы жұмсай алмайтындарын айтады. Бұл шешімге ауыл халқы түбегейлі қарсы болып отыр.
«Мен күйеуімнің жалғыз айлығына кәмелетке толмаған 4 баламен қалалық жерде тұра алмаймын. Сол үшін осы жерде тұрып жатырмын. Мен ауылым үшін, осы жер үшін шырылдап тұрмын. Сол үшін мектепті жаппауларын талап етемін. Бала жоқ, бала жоқ дейді. Бер жағында өсіп келе жатқан 10-ның үстінде бала бар. Мектеп жоғалып кетсе, біздің ауыл жоғалып кетеді», дейді ауыл тұрғыны Айсара Әбезбаева.
Бүтін бір ауылды асырап отырған мектепті жаппауды сұраған кенбайлықтар жергілікті билік керісінше елді мекенге көңіл бөлулері керек дейді. Олар өсіп келе жатқан балаларды қалаға қаңғыта алмаймыз деп отыр.
Шенеуніктер бұл мектептің жөндеу жұмыстарына осыдан үш жыл бұрын 30 млн теңге жұмсапты. Оған қоса осы ауылға газ жүргізуге 2 млрд теңге тағы бөлінген. Қарайған қаржы жұмсалып жатқан елді мекен тұрғындары тентіреп кетуден қорқады. Ал білім басқармасы 1 бала үшін 1 мекеме ұстап отырудың тиімсіздігін айтады.
«Қаржылық бағытынан алып қарағанда, бір балаға бірнеше персоналды ұстап, бір мектепті ұстап тұру қиындық тудырып отыр. Жалпы халықтың ұсыныс пікірін ескеріп, әрі қарай мәселені оң бағытта шешу үшін талап қойғалы отырмыз», деді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова.