Энергетика • 25 Тамыз, 2023

Үлкенде басталған жиын АЭС-қа қатысты түйткілдің түйінін тарқатты ма?

270 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алматы облысы, Жамбыл ауда­нындағы Үлкен ауылында АЭС құрылысы мәселесі бойын­ша алғашқы қоғамдық талқы­лау өтті. Ауыл мектебінің мәжіліс залында өткен жиын халықтың көптігімен ғана емес, қызу пікірталасымен ерек­шеленгенін сол ауылға барған біз де көрдік.

Үлкенде басталған жиын АЭС-қа қатысты түйткілдің түйінін тарқатты ма?

Негізінде, іс-шара туралы хабарландыру шілде айының соңында Алматы облысы, Жамбыл ауданы әкімдігінің сайтында жариялан­ған және талқылауға сол ауданның тұрғындары ғана шақырылған. Осыған қарамас­тан, талқылауға басқа аймақтардан келген жергілікті белсенділер мен журналистер әлдеқайда көп болды. Жергілікті тұрғындар мен белсенділер арасындағы пікірталас жиын басталмастан бұрын қызып кетті.

Алғашқы топ АЭС құрылы­сын қолдап, аймақтың дамуына серпін беріп, электр қуатының тапшылығын шешеді деп сенсе, әр өңірден келген белсенділер Балқаш көлінің экологиясына қа­уіп төнеді деген қорқынышын алға тартты. Балқаш пен АЭС жай­лы бізде біраздан бері айты­лып келеді. Осы саланың маман­да­ры кешелекті ойлау керек еке­нін, экологияға, халықтың денсау­лы­ғына кері әсерін тигізбейтінін айтады. Электр энергиясы жетіс­пей­тіндіктен, бұл мәселе жылдан жылға ушығып барады.

Осы жиынға қатысқан «Қазақ­стан атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жан­тикин АЭС жобасы кеше-бүгін емес, 1996 жылдардан бері қа­растырылып келе жатқанын, қар­жы тапшылығынан талқылау тоқ­тап қалғанын айтты. Одан бері­де көршіміз Өзбекстан 2018 жыл­дың қыркүйегінде Ресеймен атом электр стансасын салу туралы келісімге қол қойып, Қазақстан ше­карасына жақын орналасқан Жизақ облысындағы Тұзқан кө­лінде атом электр стансасын салуды жоспарлап отыр. Бірақ кейін станса құрылысын бастау 2022 жылға шегерілгені белгілі болды. Қазір «Атомстройэкспорт» ресейлік компаниясы Өзбекстан­да АЭС салу үшін инженерлік жұмыстың екінші кезеңін жүргізіп жатыр.

«Екінші жоба Ақтауда болды, бірақ ол кезде де Үкімет түпкілікті шешім қабылдаған жоқ. Бізде әзірге базалық жылу генерациясы көмірге тәуелді. Оны атомның мүмкіндігімен ауыстыру керек. Бұл энергетикалық қауіпсіздік пен энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етеді, өйткені бізде уран көп, өткен жылы біз Қытай нарығы үшін француз технологиясы бойынша ядролық отын шығара бастадық», деді Т.Жантикин.

Ол АЭС орналастыруға үміт­кер он аймақтың ішінен Үлкен ауылының таңдалғанын айтты. «Бізден осы аймақты не үшін таң­дағанымызды, мұның аймаққа не беретінін түсіндіруіміз керек. Бұл жергілікті тұрғындарға қандай артықшылықтар мен жеңілдіктер берілетінін түсіну үшін керек», дейді ол.

Сондай-ақ Т.Жантикин АЭС-тің Балқаш көліне тигізуі мүмкін әсері туралы, бұл жөнінде Су шаруашылығы комитетінен мә­лімет сұралғанын айтып берді. Оның айтуынша, жыл сайын көл бетінен 18 млрд текше метр су буланып, стансаға жылына 63 млн текше метр жұмсалатыны белгілі болды. Бұл көлдің табиғи булану көлемінің 0,3 пайызы ғана екен. Демек Балқашқа қауіп төнеді деп қауіптенуге себеп жоқ. Сондай-ақ ядролық қалдықтар­ды кәдеге жарату технологиялары АЭС құрылысының құнына енгізілмек. АЭС-тің күрделі шы­ғындары жоғары, бірақ оның қыз­мет ету мерзімін 80, тіпті 100 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік бар.

Өз кезегінде сөз алған Жам­был ауданының әкімі Нұрлан Ертас ауыл­дағы әрбір жиын АЭС-ті тал­қылаудан басталатынын айтты. Әкімнің айтуына қарағанда, кейінгі кезде бұл жобаны қолдай­тындардың қатары көбейіп, сірес­кен мұз жіби бастағандай көңіл-күй қалыптасып келеді.

Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсіп де­пар­таменті директорының орын­­басары Гүлмира Мүрсалова ми­нистрлік тек соңғы буын реак­­торларына басымдық беріп отыр­ғанын, оның технологиясында Фукусимада болған апаттардың қателіктері ескерілгенін айтты. Таратып айтқанда, апатты жағ­дайда реакторды өшіріп, оны сумен толтыратын пассивті қауіпсіздік жүйесі бар. Сонымен қатар реакторлар радиоактивті зат­тардың сыртқа шығуына жол бермейтін қорғаныс қабық­ша­сы­мен жабдық­талыпты.

Министрлік өкілінің айтуынша, елде энергия өндіретін 133 нысан жұмыс істеп тұр, оның ішінде 48 жел электр стансасы мен 47 күн электр стансасы бар. Бұл қатар алдағы уақытта да көбейе береді. Бірақ жаңартылатын көздерден алынатын энергия тұрақты емес, бұл күн райы жағдайына байланысты. Жел болмаса, энергия жоқ. Күн болмаса, энергия жоқ. Ал бізге тұрақты энергия қажет. Г.Мүрсалованың айтуынша, қазіргі қоғамдық тыңдаулар болашақ атом электр стансасы алаңын жергілікті тұрғындармен талқылауды қамтиды. Ол бүгінге дейін ресми органдар тарапынан ешқандай жобалық құжат жарияланбағанын, яғни бұл қо­ғамдық тыңдаулар жария емес еке­нін растады. Қоғамдық тыңдау­­лар Экологиялық кодекспен реттеледі және оған Экология министрлігі­нің құрылымдары қатысады.

Энергетика министрлігі Ядро­лық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев өз сө­зінде ең алғашқы қысымды су энергетикалық реакторы 1957 жылы АҚШ-та іске қосылғанын атап өтті. Сарапшының айтуынша, оның жұмыс істеген барлық кезеңінде шығарындыларды айт­пағанда, артықшылықтар болған жоқ. Бұл ең сенімді атом электр стансаларының бірі болып саналады, Қазақстанның осы нұсқаны таңдауы да сондықтан.

«Осыдан 56 жыл бұрын Ядро­лық физика институтында ғы­лыми қысымды су реакторы іске қосылды. Осы жылдар ішін­де еліміз энергия өнді­руді үйренді. Мысалы, біз радио­фар­мацевтикалық препараттарды шы­ғарамыз. Онкологиялық нау­қастарды диагностикалау үшін керек», деді С.Сахиев.

Мұнан соң ауылдағы АЭС құ­­рылысына қатысты Үлкен ауы­лы­ның жұртшылығы да пікі­рін білдірді. Жергілікті тұрғын­дар­дың айтуынша, құры­лыс электр қуатына қатысты мә­се­лелерді шешіп қана қоймай, тұр­ғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. «Үлкен­де тұрып жатқаныма 40 жылдан асты. Атом электр стансасының салынуын күтіп жүрмін. Бұл бізге керек, еліміздің болашағы үшін керек», дейді ауыл тұрғыны Рахима Қайырбекова.

Оның айтуынша, АЭС жобасына қатысты қауіп 1950 жылдарда, теледидарлардан туатын радиациялық қауіптер туралы әпсаналарға ұқсап барады. «Сол жылдары теледидарды матаға оранып отырып, көретіндер көп болыпты. Одан бері технология өзгерді, сонымен бірге оған қатысты қауіп те келмеске кетті. Қазір күнделікті тұрмысымызды микро толқынды пеш пен ұялы телефонсыз елестете алмаймыз. Меніңше, АЭС жобасына қа­тысты жағымсыз пікірлер де соған ұқсайды», дейді ол.

Белгілі қоғам қайраткері Мэлс Елеусізов Үлкен ауылының тұр­ғындарының жұмыссыздық пен сенімсіздікке байланысты мұңын жақсы түсінетінін айтты. Оның айтуынша, егер мемлекет ауыл тұрғындарына қамқорлық жасаса, АЭС жобасымен қатар Балқаш­тың да жағдайын ойлану керек. Қазақстанда 44 мұздақ ери бастады. Балқаш пен Іленің жағдайын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды», дейді эколог.

Қазақстанның Азаматтық альян­­­сының президенті Бану Нұр­­ғазиева осындай тыңдау­лар­­­ды еліміздің басқа аймақ­­та­рында, атап айтқанда, Тал­ды­­қорған, Алматы, Балқаш қала­ларында өткізуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл қоғаммен ашық диа­логті қамтамасыз етеді, бар­лық мүдделі тараптардың пікірі мен мүддесін ескереді.

Ұзақ талас-тартыстан екі жақ бітімге келе алмады. Сырттан келген белсенділер жобаға қарсы болса, ауыл тұрғындары Үлкенде АЭС салуды қолдады. Жиын арасында біз сөзге тартқан ауыл тұрғындары қарсы болып жүрген топ өкілдері Үлкенде тұрмайтынын, олардың қай жақтан келгенін де білмейтінін айтты. Енді қоғамдық талқылау қо­рытындысы бойынша Алматы облысының мәслихаты шешім қабылдап, кейін бұл мәселені Үкімет қарайды.

Айта кетейік, бұған дейін Энер­гетика министрлігі өз аумағында АЭС салу мәселесіне жергілікті халықтың көзқарасын анықтау мақ­сатында қоғамдық талқы­лау­лар өтіп жатқанын түсіндірді. Ал қоғамдық тыңдаулар, өз кезе­гінде, жобаның экологиялық сараптамасы кезеңдері бойын­ша ке­йінірек, жобалық құжатта­ма әзір­ленгеннен кейін өткізіледі. 2021 жылдың қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында электр энергиясының тап­шылығы елді көмір өндіру мен жаңартылатын энергия көздерінен басқа, негізгі сенімді генерация көздері туралы ойлануға мәжбүр ететінін айтты.

2023 жылдың ақпанында Ал­маты облысының Үлкен ауылында АЭС құрылысына қатысты алғашқы қоғамдық тыңдаулар өтті. 2023 жылдың сәуірінде Мемлекет басшысы МАГАТЭ бас директорымен атом электр стансасының құрылысын бөлек талқылады.

Осы жылдың маусым айында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев құрылысқа әлеуетті қатысушылар әлі де қарастырылып жатқанын және түпкілікті шешім қабылданбағанын айтты

Естеріңізге сала кетейік, ядро­лық технологиялардың әлеуетті жеткізушілерінің қысқаша тізіміне мыналар кіреді: HPR-1000 реакторы бар қытайлық CNNC компаниясы; APR-1400 реакторы бар кореялық KHNP; VVER-1200 және VVER-1000 реакторлары бар ресейлік Росатом; EPR-1200 реакторы бар француздық EDF.

 

АЛМАТЫ