Үкімет • 25 Тамыз, 2023

Ел ішіндегі кездесулер

150 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысына сапары кезінде Шыңғырлау және Теректі аудандарындағы бірқатар нысанның жұмысымен танысты.

Ел ішіндегі кездесулер

Сенаторлар егіс алқаптарына арнайы барып, ағымдағы жұмысқа, шаруалардың жағдайына назар аударды. Одан бөлек, депутаттар аудан орталығында салынып жатқан 3 қабатты 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Сапар барысында сенаторлар сүт фермасына, картоп өсіру және жартылай фабрикаттар өндірісіне барды. Аудан тұрғындарымен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, Сенаттың қызметі мен Парламентте қабылданған заңдар туралы айтып өтті.

Сонымен қатар депутаттар Қаратөбе ауданына барды. Сенаторлар ауданның Ханкөл ауылында салынып жатқан 60 орындық мектептің құрылысымен танысты. Сондай-ақ Қоскөл ауылында жөнделіп жатқан кіреберіс жолдың сапасына және Шалғын ауылындағы су құбырларын жөндеу барысына назар аударды.

* * *

Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская жұмыс сапарымен Егіндікөл ауылына барды. Алты айдан бері ауыл тұрғындарының басты проблемасына айналған ауыз су тапшылығы жөнінде аудандық мәслихат депутаттарымен, аудан басшыларымен кездесіп, жұмыс жоспарын талқылады.

Нұра топтық су құбыры 15 тұрғыны бар 24 елді мекенді сумен қамтамасыз етеді. Қорғалжын ауданының аумағы арқылы өтетін су құбырының жиі бұзылуына байланысты 3 сәуірден бастап Қоржынкөл және Бауман ауылдарында ауыз су тапшылығы сезіліп отыр. Сондықтан 2 маусымда Егіндікөл ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын.

 – Су құбырының 90 пайызының тозығы жеткен. Тіпті басқа да жерлерде су жиі тоқтап қалады. Жыл басынан бері су құбырында 79 апат тіркеліп, жекелеген учаскелерде су шығыны 70-80 пайызға жетті. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін магистралдық желілердің зақымдалған учаскелерін толық ауыстырып, су құбырын жаңарту қажет, – деді Егіндікөл ауданының әкімі Ерлан Мұхамедин.

Депутат су шығару үшін қазылған құдықтарды да көріп шықты. Тұщы су алу мақсатымен қазылған құдықтардан әлі де таза су шық­пай тұр. Бүгінгі күні Егіндікөл ауданы әкімдігі халыққа, оның ішінде әлеуметтік нысандарға және басқа да мекемелерге су жеткізіп беріп жатыр.

* * *

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Алматы қалалық паллиативтік орталығына барды. Депутат аталған мекеменің жұмысымен танысып, ұжымымен кездесті. Онда орталықтың көптен бері шешілмей келе жатқан кешенді мәселелері талқыланды.

– Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру қажет. Техни­калық қызметкерлердің жалақысы өте төмен. Алматы қаласының паллиативтік орталығында ауыр науқастарды тасуға көмектесетін арнайы құрылғылар жоқ. Ер кісілердің медициналық процедуралардан өтуін, киімдерін ауыстыруын, көтеріп-отырғызуын қыз-келіншектер атқарады, – деді Нұргүл Тау.

Депутаттың айтуынша, паллиативтік орталықтың ғимараты әбден тозған. Мұндай мекемелерге қойылатын талаптарға толық сәйкес келмейді және күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Дәліздер тар, инженерлік желілері мен коммуникацияларын жаңғырту керек. 2016 жылға жоспарланған паллиативтік орталықтың жаңа ғимаратының құрылысы жоба түрінде қалды, 2019 жылы ЖСҚ мерзімі аяқталған. Қазір ЖСҚ жұмыстарына 145 млн теңге жұмсалған, бірақ құрылыстың аяқталуы тек 2025 жылға жоспарланған. Сонымен қатар орталықты қаржыландыруда қиындықтар бар. Тарифтерде инфляция ескерілмеген. Жеке гигиена құралдары бөлінбейді.

Сондай ақ депутат «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша салынып жатқан мектеп құрылыстары мен басқа да проблемалық нысандарды аралады. Нұргүл Тау бұдан бөлек, Қонаев қаласындағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымымен, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен және тұрғындармен кездесу өткізді.

* * *

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Маңғыстау облысы Қарақия ауданында егіншілікпен айналысатын шаруа қожалықтары иелерімен кездесті.

Қарақия ауданында 416 шаруашылық болса, оның 41-і егін өсірумен айналысады. Маңғыстаулық егіншілер бәрін өсіруге дайын, тек мемлекеттен қолдау керек дейді. Бүгінгі кездесуге келген егіншілер осындай ұсыныстарын жеткізді. Егін шаруашылығында тамшылатып суару әдісіне субсидия қарастырылған. Алайда қарақиялық диқандар бұл қаржыны  алмаған. Егін өсіру үшін құнарлы жер, тұщы су, электр энергиясы және түрлі тыңайтқыш керек. Егіншілер осыған да субсидия бөлуді сұрап отыр.

– Тұрақты өнімді өткізетін жер жоқ. Диқандардан арзан бағаға алып, қымбатқа сатады. Өтпей қалса, шіріген жемісті қайта тапсырады. Одан бізге не пайда? 20-30 теңге қосса, халыққа да пайда әрі жылдам өтер еді. Егіншілікпен айналысу оңай шаруа емес. Өздері егеді, өздері тереді. Егін шаруашылығына ешкім келгісі келмейді. Жұмыс күші мәселесі де өзекті болып отыр, – дейді диқан Бауыржан Төлепов.

Қарақиялық диқандар жеміс-жидектер мен көкөністер өсіреді. Бұл орайда осы салаға қолдауды арттырса деген ниетте.

– Азық-түліктің 70-80 пайызы сырттан келеді. Соған қарамастан диқандар Қарақия ауданында егін егіп, түрлі өнім алып отыр. Олардың ұсыныс-пікірлерін, уәждерін тыңдап, мәселелерін көзбен көрдік. Енді шешу жолдарын бірге қарастыратын боламыз, – деді Е.Жаңбыршин.

* * *

Мәжіліс депутаттары Тілектес Адамбеков пен Үнзила Шапақ Қарағанды облысының Осакаров ауданында болып, «Қазсушар» РМК ұжымымен кездесті.

Бұл кәсіпорын Ақмола, Қарағанды, Павлодар және басқа да облыс­тарды, сондай-ақ Астана қаласын  сумен қамтамасыз етеді. Мекеменің өндірістік қуаты жылына 500 млн текше метрді құрайды. Депутаттармен кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері бірқатар өзекті мәселені, соның ішінде жалақының төмендігін айтып, шағымданды.

– Біздің кәсіпорындағы жұмысшылар саны  онсыз да көп емес. Салыстырмалы түрде қарасақ,  көмір разрезінде орташа жалақы  300 мың теңге болса,  біздің жалақымыз  – 70 мың, қыс мезгілінде 130 мың теңгеден аспайды. Кадр тұрақтамайды. Қазіргі уақытта  әр учас­кеде слесарьлар, дәнекерлеушілер мен токарьлар жетіспейді. Егер жалақы өспесе, мен де басқа жұмыс орнын іздеуге мәжбүрмін, – деді жылумен жабдықтау учаскесінің бастығы Рымбек Баймағамбетов.

Тілектес Адамбековтің айтуынша, жергілікті медицина қызмет­керлері де осындай сұрақпен депутаттарға жүгінген. Мәжіліс­мен Осакаров ауданындағы жалақы деңгейінің өте төмен екенін айтып,  оны арттыру қажеттіне тоқталды.

– Жалақы 50 пайызға өссе де, сезілмеуі мүмкін. Ол үшін жалақы кестесін көтеру керек. Алайда бұл кәсіпорынның әлі де өтелмеген қарызы болғандықтан,  еңбекақыны өсіру де оңай шешіле қоймайтыны анық. Дегенмен  біз мекеменің стратегиялық нысан екенін түсінеміз, осы сұрақ бойынша Экология министрлігімен кездесеміз. Бұл бірнеше облыстың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етеді. Сондықтан мәселе бақылауда  болады, – деді депутат.