Орал қаласында күн сайын 300-ге жуық қоғамдық көлік көшеге шығады. Былтыр 79 автобус жаңадан сатып алынса, биыл 50 көлік жаңартылады екен. Қала әкімдігі облыс орталығында жолаушы тасымалымен айналысатын мекемелерден жыл сайын автопарктің кемінде 10 пайызын жаңартып тұруды талап етеді. Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов «Осы жоспар орындалса, 5 жыл ішінде тозығы жеткен көне көліктен құтыламыз» деп отыр.
«Бүгінде Орал қаласындағы автобус парктерінің тозығы 35 пайызға жеткен. Ең қиыны – қаражат мәселесі. Кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктерге кепіл қойып, несие алады. Былтырдан бері бюджеттен бөлінетін субсидияның мөлшерін көбейттік. Жыл сайын бұл салаға облыстық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлініп келсе, алдағы үш жыл бойы жалпы 15 млрд теңге берілмек. Тұрғындарға қолайлы болуы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Әрине, ең алдымен, сапалы жол салғанымыз жөн. Биыл қалада 50-ден астам аялдама салынып жатыр. Себебі шаһардағы 150-ге тарта орында ешқандай аялдама жоқ. Автобус жүргізушілерінің орташа жалақысы – шамамен 310 000 мың теңге. Ашығын айту керек, қазір көлік жүргізушілері тапшы. Ал тәжірибесіз мамандарды жұмысқа алу қауіпті», дейді Миржан Мұнайдарұлы.
«Оралавтотранс» ЖШС желіге қосып отырған су жаңа «Yutong» және «Вектор NEXT» маркілі автобустар – жолаушыларға ыңғайлы, заманауи үлгіде жасақталған көлік. «Yutong»-тің 8 бақылау камерасы, кондиционері, мүгедектер арбасын көтеріп-түсіретін қондырғысы бар. Бұл көліктердің бағасы шамамен 80 млн және 40 млн теңге тұрады екен. Барлық автобус қалалық әкімдік бөлген субсидияға және екінші деңгейлі банктердің несиесіне алынған.
Батыс Қазақстан облысы