Білім • 29 Тамыз, 2023

Кәсіптік білімнің жаңа үрдісі

172 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына, кәсіптік және техникалық мекемелерде оқытылатын мамандықтардың алуандығына баса көңіл аударылып келеді. Ендігі жерде колледждер өздерінің жұмысын жаңаша бағытта түзуі керек деген міндет қойылып отыр.

Кәсіптік білімнің жаңа үрдісі

Техникалық және кәсіптік білімге қатысты заманауи тренд­терді салаға енгізу – коллед­ж­дер алдындағы маңызды миссия болмақ. Мамандардың пі­кі­ріне сүйенсек, өнеркәсіпті да­мы­тудағы жаһандық трендтер қазіргі күні негізгі жеті ба­ғыт­қа ойысып отыр. Оның ал­ғашқы екеуі – цифрландыру база­сындағы технологиялық да­му мен экономикалық күш-қуат­тың Азия елдеріне қарай ауысуы. Өмірдің түрлі саласын цифр­ландыру елімізде 3D принтер, бұлтты сервис, Big data, 5G жиілігі, кванттық сервис және тағы басқа жүйелерде көрініс тауып отыр. Ғалымдар 2030 жылға қарай жер бетінде виртуалды фабрикалар көбейіп, жасанды интеллект кез келген өндірісте басты орынға шығатынын болжап отыр. Бұл көштен Қазақстан да қалмауы керек. Оның үстіне кейінгі уақытта дамыған елдер өздерінің үлкен зауыт-фабрикаларын біздің мемлекеттің аума­­ғында тұрғызуға көңіл бө­ліп отырғаны тағы бар. Олар­ға жергілікті жерден жаңа техно­логияның тілін меңгерген жас мамандар қажет болады.

Келесі бағыттар – аймақтардың өзіндік өнеркәсіптік саясатын дамыту, жасыл экономика, өнді­рістердің тұйық циклдарына мән беру, кооперациялардың және өнеркәсіптік-инновация­лық дамудағы мемлекет рөлін күшейту. Осы жеті тренд арқылы болашақта кәсіптік білім берудің қағидаларын жетілдіру шарт.

– Педагог мамандардың бас­­ты мақсаты – заманға сай са­­палы білім берумен қатар, жұ­­мыс берушілердің талапта­рына сай кадр даярлау. Ол үшін оқу үрдісінің мазмұнына өз­гертулер енгізіліп, дуалды оқыту бағдарламаларын жетілдіруге басымдық берілген. Яғни сту­дент­тер үшін бірінші кезекте тә­жірибелік дағдыларды да­мы­туға жағдай жасау маңызды. Дуалды білім беру бағдарламасы еліміз­де 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Сол кезден бері халықаралық тәжірибе мен озық әдіс-тәсілдерге басымдық бері­ліп отыр. Бұл тұрғыда әр өңір­­дің экономикалық және әлеумет­тік ерекшеліктерін ескерген жөн. Оқу бағдарламалары да осыған бағытталуға тиіс. Экономика­ны цифрландыру, «өмір бойы оқу» қағидаттарын дамыту арқылы жұмысшылардың біліктілігін кө­теруге мүмкіндік бар. Жыл са­йын еңбек нарығына 400 мың­дай жас маман шығады. Алайда орта білікті мамандарға деген сұраныс жыл сайын өсіп, бү­гінде оларға деген қажеттілік 70 пайызға жеткен. Сондық­тан «Ұлт­тық біліктілік жүйесі» аясын­да кәсіптік біліктілікті арт­­ты­рудың жаңа стандарттары бір­тіндеп қалыптасуы керек. Биылғы шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кәсіптік біліктілік туралы» Заң­ға қол қойды. Құжат негізінде 632 кәсіптік стандарт әзірленіп, ол 3 520 мамандықты қамтыды. Бұрын біліктілік дағдылары 10 жылға дейін жарамды болса, кейінгі жылдардағы үрдістер небәрі 2-5 жылға дейін ғана жететінін көрсетіп отыр. Осы себептен көптеген мамандық бо­йынша түлектердің біраз жылдан соң колледждерге айналып соғып, өз дағдыларын әрі қарай жетілдіруге мүмкіндік алуы заң­ды деген тұжырымға келдік. Бұған қоса орта біліктілікті қажет ететін мамандық түрлері міндет­ті және ерікті сертификаттау­ға жатады, – деді Павлодарда өткен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының респуб­ликалық Тамыз кеңесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев.

Оқу-ағарту министрлігі тех­никалық және кәсіптік білім де­партаментінің директоры Серік Жартыбаев жақын уақытта еліміз бойынша жаңадан 20 цифрлық колледж құрылатынын жеткізді. Қазіргі күні кейбір орта кәсіптік оқу орындары коммерцияландыру үдерісіне бет бұрған. Мысалы, Көкшетаудағы колледж бір жылда өздері шығарған тауарлар мен қызметтерден 83 млн теңге табыс тапқан. Білім ордасы енді­гі жерде шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемеге айналуды жоспарлап отыр. Мұндай мысалдар еліміздің әр түкпірінде бар. Мемлекеттің өзі де бұған мүдделі. Жыл са­йын елімізде 133 мың жас азамат кәсіптік және техникалық тегін біліммен қамтылып, олар­ға жатақхана мен шәкіртақы ұсы­нылады. Жалпы, студенттерді жатақханамен қамту мәселесі соңғы уақытта өзекті бола түс­кен. Алдағы қыркүйек айында еліміздің оқу орындарына сту­денттерді жатақханамен қам­ту­ды міндеттейтін жаңа заң нор­малары күшіне енеді. Бұл ба­ғытта Павлодар облысы жақсы нәти­желерімен көзге түсіп отыр. Өңірдің аумағында колледж­дер­дің студенттері үшін жаңадан
­­4 жатақхана ашылды. Жергі­лік­­­­ті оқу орындары студенттердің ­бизнес идеяларын өміршең етуге де барынша ден қойып, қолдау шараларын үзбей жүргізеді.

Айтып өтейік, бүгінгі таңда еліміздегі 800-ге жуық колледж­де дуалды бағыт бойынша 61 мың­нан астам студент оқиды. Оқу орындары 6 мыңнан астам кәсіпорынмен әріптестік орнатып, олардың тапсырысымен маман даярлайды.

 

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар

Судан да сақтану керек

Қоғам • Бүгін, 22:35

Керек дерек

Digital • Бүгін, 09:50

Отандық жаңа зауыт іске қосылды

Экономика • Бүгін, 09:50

«Мен – Отан қорғаушымын!»

Байқау • Бүгін, 09:40